Маңызды мәселелер қаралды

Кеше облыс әкімі Мəлік Мырзалин облыстық мәслихаттың он тоғызыншы сессиясына қатысып, облыстық мəслихаттың қызметі мен алдағы үш жылдық бюджетіне енгізілген өзгерістерге қатысты ой-пікірлерін білдірді және жемісті жұмыстары үшін депутаттарға алғысын айтты.
Бұл жолғы сессия депутат Анель Ерденованың төрағалығымен өтті.

Сессия жұмысына облыстық мәслихаттың депутаттары, аудан және қала әкімдері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алдымен облыстық мəслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдиннің облыстық мəслихаттың қызметі туралы есебі тыңдалды. Мəслихат хатшысының айтуынша, депутаттар корпусында әр округтен сайланған 276 депутат өз міндеттерін атқарып келеді, оның ішінде облыстық мәслихатта 33 депутат қызмет жасауда. Жұмыс барысындағы басым бағыттар белгіленді.
– Депутаттар 18 сессия өткізіп, 200-ден аса маңызды мәселелер бойынша шешімдер қабылдады. Елбасының бастамасымен жүзеге асқан саяси реформаның нәтижесінде мәслихаттардың бүгінгі рөлі, жауапкершілігі артып, аймақтарда тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге жетерлік деңгейде ықпал етуде. Әсіресе, жыл сайын әкімдердің есеп берулері дәстүрге айналып, биліктің атқарушы және өкілетті тармақтары арасында нақты байланыс орнатылып, аймақты дамыту мәселелері бірлесіп шешіліп жатқаны қуантады, – деді Дулат Нұрмолдин.
Баяндамашы 2017-2019 жылдарға арналған бюджетті талқылау кезінде, жалпы облыс депутаттарынан шамамен 400-дей ұсыныс түсіп, көпшілігі дұрыс шешімін тапқанын атап өтті. Халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық, білім, энергетика, жол, сумен қамтамасыз ету сияқты аса маңызды мәселелер көтерілуде. Бірде-бір сұрақ назардан тыс қалмады. 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасын қарауда. Депутаттар тарапынан 70 миллиард теңге көлемінде 300-ден аса ұсыныстарының 25 пайызы оң шешімін тапты, қалғандары алдағы жылдары кезең-кезеңмен шешілетін болып, бақылауға алынды. Жоспарланған мәселелердің жан-жақты талданып, шешілуін қамтамасыз ететін облыстық мәслихатта
4 тұрақты комиссия жұмыс істейді. Осы
комиссиялар 20-дан аса маңызды мәселелерді қарап, тиісті қаулылар қабылдады.
– Елімізде халықтың өмір сапасын жақсарту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Жолдаудағы 10 міндет, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы және жуырда ғана жарық көрген «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Елбасының қазақстандықтарға көрсеткен шынайы қамқорлығы және де елімізге, бүгінгі жастарға зор мүмкіндіктер туғызатын жаңа жоспарлар болып табылады, – деді мəслихат хатшысы.
Екінші мəселе бойынша Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының өңірде іске асыру барысы мен проблемалары туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сəуле Қисықованың баяндамасы тыңдалды.
Сонымен қатар, сессияда облыс өмірі үшін маңызды жиырмадан астам мәселе қаралып, 2018-2020 жылдарға арналған үш жылдық бюджетке енгізілген өзгерістер бекітілді. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаровтың баяндамасында бюджеттің негізгі басым бағыттары мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау сияқты маңызды салаларға бөлінетін қаржы жайында жан-жақты және толымды айтылды. Білім, денсаулық сақтау, спорт салаларына бөлінетін қаржы біршама арта түскен.
Жергілікті полицияның құқық бұзушылықпен, қылмыспен күрес жұмыстары бағытындағы атқарған шаруалары, бірқатар көшелердің атауын өзгертуге қатысты және басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды, келесі сессияның күн тәртібі бекітіліп, оның төрағасы сайланды.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар