Қазақ болсақ, ана тіліне жанымыз ашитын қазақ болайық

Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл өз мәртебесіне сай болуы үшін, қазақ тілі бүгінгі қоғамның әр саласында кеңінен қанат жаюы үшін әр азамат келесі үш міндетті өз мойнына алуы керек.
1. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», деген Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзін негізгі қағида етіп алу, яғни:
● бүгіннен бастап әркім мүмкіндігінше үйде де, жұмыста да, оқу орнында да айналасындағы қазақтармен өзінің қазақша сөйлеуін қадағалау;
● өз ұстанымымен үлгі болып, біреудің ығына жығылмай, өзгенің де қазақ тіліне мойын бұруына, қазақшасын арттыруға ықпал ету;
● айналасында қазақ тілді орта қалыптастырып, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай тудырып, көмек беру.
2. «Отбасында Ана тілімізді ардақтайық» деген қасиетті ұғым қалыптастыру, яғни:
● отбасы мүшелерінің бір-бірімен үйде қазақша сөйлесуін қадағалау;
● отбасымен бірге теледидардан мемлекеттік тілде танымдық бағдарлама көруді, айына бір рет болса да қазақ театрына баруды дәстүрге айналдыру;
● атасы мен әжесі немерелерімен, ата-анасы балаларымен міндетті түрде қазақша сөйлесіп, ана тілінде тәлім-тәрбие беру.
3. «Мемлекеттік қызметті мемлекеттік тілде жүргізу» міндетінің іс жүзінде орындалуын мекеме басшысының талап етуі, яғни:
● күнделікті жұмыста келіп түскен хат-хабарды, қаулы-қарарды мемлекеттік тілде оқып, талдау;
● ақпарат, мәліметтерді, өтініштерге жауаптарды мемлекеттік тілде даярлау;
● мәжіліс, кеңестерді, кездесу, жиналыстарды мүмкіндігінше мемлекеттік тілде жүргізу.
Осы үш міндеттің тоғыз тармағын орындау, соншалықты қиын ба? Жоқ. Қиын емес. Егер Сіз, ұлт болашағын ойлаған, өз елінің саналы азаматы болсаңыз. Өз тілімізді өзіміз өгейсітпейік, ағайын!

Өткен жыл тәуелсіздік жылнамасында ерекше із қалдырған айтулы оқиғаларға толы болды. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мемлекеттік мүддені көздеген нақты қадам – латын қарпіне көшу мен дамыған елдердің қатарында болудың шарты – үш тілділікті қалыптастыру бойынша барша қазақстандықтардың алдына бірталай міндеттер қойды.
Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда да қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруде екені тағы да айқындалды.
Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының 2017 жылы тілдерді дамыту саласында атқарған жұмысының қорытындысы мен 2018 жылдың міндеттері «Рухани жаңғырған ел болудың өзегі – мемлекеттік тіл» атты облыстық мәжілісте үш жүзден астам тіл жанашырларының қатысуымен қаралып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мәселесі кеңінен талқыланды.
2017 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыс Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының үшінші кезеңі, яғни, 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес, елімізде тұрып жатқан барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, орыс, ағылшын тілдерін меңгерумен қатар, ұлттық бірлікті нығайтудың басты факторы ретінде мемлекеттік тілдің қызмет етуіне кең мүмкіндік беруді мақсат тұтқан негізгі төрт бағытта жүргізілді.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша мемлекеттік тілді меңгеру – бала бақшада, мектепте, жоғары және орта оқу орындарында, сонымен қатар, ересектерге тілдерді оқыту орталықтарында мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту арқылы іске асырылуда.
Бүгінде облыс көлемінде 601 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Олардағы бүлдіршіндердің 60 пайызы қазақ топтарында тәрбиеленеді, 2011 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11 пайызға артты. Сөйтіп, қазақ тілді мектепке дейінгі мекеме саны 249-ға жетті. Биылғы есеп бойынша облыс көлемінде екі мыңнан астам өзге ұлттың баласы мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде білім-тәрбие алуда.
Кемеңгер жазушы Ғабит Мүсірепов «Қазақ мектебіндегі бала келешекте қай мамандыққа барам десе де, ең алдымен өзінің ана тілін, әдебиетін сүюі шарт. Сол сүюді орта мектеп табалдырығын аттаған соң да, мамандық, білім беретін жоғары мектепке ауысқанда да асыл қасиетіндей сақтауы керек» деген екен. Бүгінде Ақмола облысында жалпы орта білім беретін 565 мектептің ішінде қазақ мектебі – 159, орыс мектебі – 187, аралас мектеп – 219. Мектептегі барлық оқушының 48 пайызы ғана қазақ мектептері мен аралас мектептердегі қазақ сыныптарында оқиды.
Есесіне 16 мың 687 қазақ баласы орыс мектептерінде оқиды. Бұл жерде мәселе қазақ мектептерінің тапшылығынан емес, қазақ тілінде үй тапсырмасын орындауды қиынсынып, балаларын орыс тілді мектепке беретін өз қазағымызда болып отыр. Меніңше, бұл әр қазақтың сана-сезіміне, өз ұрпағының болашағына деген жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бір ғана мысал келтірейін. Есіл ауданының Заречный атты селосында бір мыңдай ғана халық тұрады, өздері 15 ұлттың өкілі. Соның ішінде 13 пайызы ғана қазақ. Дегенмен, осыдан төрт жыл бұрын орыс тілді орта мектепте екі бірдей қазақ сыныбы ашылған екен. Астанадан 500, Көкшетаудан 400 шақырым шалғайда орналасқан селолық мектептің материалдық-техникалық жабдықталуы кез-келген аудан орталығындағы мектептен артық болмаса кем емес. Жаңадан ашылған қазақ сыныптарына өзге ұлт өкілдері де балаларын әкеліп отырғызған. Тек оқу барысында сол ата-аналар төрт орыс тілді оқушыны өз өтініштерімен орыс сыныбына ауыстырған. Екінші-үшінші сыныптарға жетіп қалған үш қазақ баласы да биылғы оқу жылының басында ата-аналарының өтінішімен орыс сыныптарына ауыстырылған. Осылайша тәп-тәуір басталған істің аяғы құрдымға кеткен. Не себеп? Ең басты себеп, селоға қазақ тілінде сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімі дер кезінде жіберілмеген. Жанашыры болмағандықтан, ата-аналармен де жұмыс жүргізілмеген. Әйтпесе, Заречный келген мұғалімнің басына баспана да бере алатын, көтерме қаражат та төлей алатын озат шаруашылық.
Қазақ мектебін жаба салу оңай, ал, ашу қаншалықты қиын екені баршаға мәлім. Егер аралас мектеп – жергілікті тұрғындардың құрамын ескере отырып, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп, бастауыш сыныптарға балаларды қазақ тілінде ғана қабылдаған жағдайда, жылдар өте ол мектеп толық қазақ мектебіне ауысады. Мысалға, осы әдіспен 2013 жылы Степногорск қаласының №9 орта мектебі, 2015 жылы Атбасар, Бұланды, Жақсы аудандарында бір-бірден үш аралас мектеп толық қазақ мектебіне ауысты. Облыстық білім басқармасының жоспары бойынша 2020 жылы Біржан сал ауданы мен Степногорск қаласында тағы екі мектеп ауыспақ. Ал, Көкшетау қаласында 2021 жылы бір мектеп, 2024 жылы тағы бір мектеп осы әдіспен қазақ мектебіне өтпек. Рухани жаңғыру аясында Көкшетау қаласында биыл ашылуы жоспарланған 900 орындық қазақ мектебін қосқанда, 2024 жылы облыс орталығында
7 мектеп қазақ тілінде білім-тәрбие береді деп болжануда.
Бұл тұрғыда облыс көлемінде біртіндеп атқаратын шаруа әлі де жетерлік. Мысалға, Атбасар ауданында 33 мектептің төртеуі, Есіл ауданында 30 мектептің үшеуі, Сандықтау ауданында 30 мектептің екеуі ғана мемлекеттік тілдегі мектептер.
Даңқты Бауыржан Момышұлы «Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері» деген. Олай болса, қазақстандық жастардың мемлекеттік тілді меңгеруі алғы шарт болмақ. Ал, біздегі 38 колледждің 1-еуі ғана қазақ тілінде, 10-ы орыс тілінде, қалған 27-сі қазақ және орыс тілдерінде оқытады. Оларда оқитын студенттердің 29,3 пайызы ғана қазақ тілінде білім алуда. Бұл орайда, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде 20 өзге ұлттың өкілі мемлекеттік тілде оқып жатқанын айта кетуіміз керек. Олар болашақ қазақ тілі мамандары.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті студенттерінің 59 пайызы, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті студенттерінің 35,5 пайызы, Көкшетау техникалық институты курсанттарының 52,4 пайызы қазақ тілінде оқып, білім алып отыр.
Ақмола облысының 17 ауданы мен 2 қаласында облыстық оқыту-әдістемелік орталығын қосқанда, 20 тілдерді оқыту орталығы бар. 2017 оқу жылын 4154 тыңдаушы аяқтады. Оның ішінде 3755-і мемлекеттік тілді, 399-ы ағылшын тілін оқыған. Алайда, бұл көрсеткіштердің санына емес, сапасына қатты көңіл бөлу керектігін ұмытпауымыз қажет.
Орталықтардағы оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында өткен жылы Бурабай, Атбасар, Есіл аудандарында көшпелі семинарлар, Бұланды ауданында өңірлік әдістемелік конференция өткізілді. Сонымен қатар, жылда облыстағы барлық тілдерді оқыту орталықтарының қатысуымен дәстүрлі тамыз кеңесі өткізіледі.
2017 жылдың үшінші тоқсанында жергілікті бюджеттен онлайн режимі арқылы қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін пайдаланатын құрылғыға қаражат бөлініп, төртінші тоқсанның аяғында іске қосылды. Осының нәтижесінде биылғы жылдан бастап облыс бойынша семинарларды тегін онлайн режимі арқылы өткізу мүмкіндігіне қол жетті.
Облыстық тілдерді оқыту орталығының соңғы он жылдан бері жинақталған мол қорынан мемлекеттік тілді меңгеруде таптырмас көмек болып табылатын 500-ден астам оқыту-әдістемелік құралдар жинақталып, баспаға дайын тұр. Қазір облыс әкімінің қолдауымен қаражат мәселесі қарастырылуда.
Ақмола облысы әкімдігімен жасалған Меморандум негізінде облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілді, ағылшын тілін, үш тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізуге міндеттенген. Жыл қорытындысы бойынша облыстағы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 71 пайызға жетті. Бұл көрсеткішті облыстағы ұлты қазақ азаматтар, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, тілдерді оқыту орталықтарында мемлекеттік тілді оқыту курстарын аяқтап сертификат алғандар, жоғары және арнайы орта білім беретін оқу орындарында қазақ тілін оқып жатқан барлық жастар құрайды. Аумақты дамыту бағдарламасы бойынша биылғы жылы бұл көрсеткіш – 74 пайыз, 2019 жылы – 78 пайыз, 2020 жылы 82 пайыз болуы тиіс. «Қазақ тілі мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін, біз өзімізді-өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», – дейді Елбасы. Ендеше 2020 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесі 90 пайызға жетуі керек деген тапсырма баршамызға да үлкен жауапкершілік жүктейді.
Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты бойынша мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту бағытындағы жұмыс бұқаралық ақпарат құралдары арқылы іске асырылуда. Облыс көлеміндегі 97 бұқаралық ақпарат құралдарының 15-і қазақ тілді, 32-сі қазақ және орыс тілді, 31-і орыс тілді, 18-і қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көреді. Облыстық телеарнада берілетін барлық хабарлардың 69 пайызы, радиода 50 пайызы қазақ тілінде таратылады.
Былтырғы жылы облыстық телеарнада хабар тарату уақыты
7 сағаттан 17 сағатқа дейін ұлғайып, соның нәтижесінде ашылған 30 шақты жаңа бағдарламаның қатарында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған «Жәдігерлер жаңғырығы», «Көкше қаламгерлері», «Тіршілік», «Жұлдыз-ай», «Бойтұмар» атты бағдарламалар көрерменге жол тартты.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен үш тілділікті насихаттау мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасының жылдық жоспарына сәйкес 10 түрлі облыстық байқаулар ұйымдастырылып, оларға қатысқан өнерпаздардың үшеуі республикалық байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болды. Әйтсе де, ежелден сал-серілір еліміз деп мақтанғанымызбен, облыстық тілдерді дамыту басқармасының тарапынан жылда өткізілетін осы байқауларға қатысқан аудандардан қатыспаған аудандар әлдеқайда басым.
Биылғы жылдық жоспарда да облыс көлемінде өткізілетін сегіз мәдени-көпшілік шара белгіленген. Оның ішінде жылда облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан ұйымдастырылатындары бар, сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тарапынан ұсынылған шаралар да бар. Осының бәрі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде мемлекеттік мекемелердің атқарар рөлі зор. Тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында басқарма тарапынан облыстағы 32 департамент, 25 басқарма мен 17 аудандық және Көкшетау, Степногорск қалалық, сонымен қатар, облыстық әкімдікте мемлекеттік тілде іс жүргізу барысына ай сайын мониторинг жасалып тұрады. Осы орайда айта кетпегім, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік органдарда құжат алмасу мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қажет болған жағдайда орыс тіліндегі мәтін қоса беріледі. Бірақ, елтаңбалық бланкіде міндетті түрде мемлекеттік тілдегі нұсқасы басылып шығарылуы тиіс екеніне назар аудару қажет.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 қыркүйектегі №931 қаулысына сәйкес мемлекеттік органдардың шығыс хат-хабарлары (оның ішінде электрондық құжат форматында) елтаңбалық бланкі де мемлекеттік тілде ресімделуі тиіс (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі) делінген. Былтырғы жылы тексерістен өткен 18 мекемеде Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңының 8, 9, 10-баптарын өрескел бұзудың көптеген фактілері анықталды. Тексерілген мемлекеттік мекемелерде хат алмасулар, лауазымдық нұсқаулықтар, тіркеу журналдары, жұмыс жоспарлары, отырыстардың хаттамалары, актілер, анықтамалар мен өтінімдер, бағдарлама төлқұжаттары тек орыс тілінде орындалған.Тексеріс қорытындысы бойынша заң талаптарын бұзған 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қазақстандықтардың тілдік мәдениетін көтеруге қатысты үшінші бағытта ең алдымен, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын жүйеге келтіруді қамтамасыз ету мәселесі көзделген. Ақмола облысында барлығы 598 елді мекен бар, оның 329-ы қазақша, ал 269-ы (45%) орысша аталады. Сол елді мекендердің ішінде Константиновка, Николаевка, Михайловка, Борисовка, Мариновка, Веденовка сияқты атаулар жетіп артылады. Облыс аумағындағы барлық көшелер саны – 5760, оның 3006-ы қазақ тілінде, 2754-і (48%) орысша. Мұнда да Комсомольская, Октябрьская, Первомайская, Советская, Целинная, Степная сияқты көше атауларынан арыла алмай келеміз.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 28 ақпандағы тапсырмасына сәйкес ономастика саласын жүйелендіру үшін мораторий алынып, жұмысы жандандырылуда. Аталмыш тапсырмада ономастикалық атауларға кісі есімдерін беруге мейлінше шектеу қою, оларға тарихи тұлғалар мен Қазақстанның бергі тарихында жалпыұлттық деңгейде танылған тұлғалар есімін берумен ғана шектелу қажет екендігі ескертілген. Сонымен қатар, идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды ретке келтіру мақсатында ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларды таңдау көзделген.
2017 жылы 9 ауданнан елді мекендер мен көшелерді қайта атау мен жаңа атау беру туралы 321 ұсыныс келіп түсті. Аталған ұсыныстар 2017 жылғы 24 қазанда облыстық ономастика комиссиясында қаралып, оның 306-сы қолдау тапты, оның 299-ы
көше атаулары, 7-еуі елді мекен атаулары. Қазіргі уақытта комиссия қорытындысы бойынша әділет органдарында тіркелу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, идеологиялық тұрғыдан ескірген және мағынасыз атаулар қазіргі заман талабына сай, қазақтың тұрмысына, салт-дәстүріне, өнері мен мәдениетіне сәйкес атаулармен және елді мекендердің тарихи атауларымен өзгертілді. Мысалы, Қорғалжын ауданының Коммунар ауылдық округі Майшұқыр ауылдық округіне, Ақкөл ауданының Минское, Виноградовка ауылдары Саздыбұлақ, Кемеркөл сияқты тарихи атауларына ауысты. Ал, Октябрьская, Комсомольская, Ленин көшелері Тәуелсіздік, Желтоқсан, Жібек жолы сияқты атаулармен алмастырылды.
Әрине, ономастика саласында былтырғы жылы қол жеткен жетістіктер – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ақмола облыстық филармониясына Үкілі Ыбырайдың, Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақ есімдерінің берілуі. Соның ішінде шоқтығы биігі, біраз жылдан бері шешімін таппай жүрген іс оң нәтижесін беріп, ел тәуелсіздігі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданының Біржан сал ауданы болып қайта аталуы екенін мақтанышпен айтамыз.
Осылайша былтырғы жыл тарихи тұлғаларымыздың, атақты жерлестеріміздің есімдері ұлықталып, келер ұрпаққа өнеге боларлық ізгі шаралар іске асырылды. Жыл барысында ономастика саласындағы жұмысты жандандыру мақсатында басқарма мамандары Бурабай, Бұланды, Жақсы, Астрахан, Егіндікөл аудандарындағы ауылдық округ әкімдерімен кездесіп, бірқатар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Биыл да елді мекендерде бірқатар кездесулер жоспарланды.
Жоғарыда айтылғандардың нәтижесінде Ақмола облысы бойынша былтыр идеологиялық тұрғыдан ескірген 237 атау қайта аталып, 110 атаусыз көшеге тиісті атаулар берілді.
Елді мекен, көше атауларын өзгертуде Атбасар, Аршалы, Ақкөл, Бурабай, Ерейментау, Есіл, Целиноград аудандары белсенділік танытып, әрқайсысы 30-дан 100-ге дейін ұсыныс берсе, өзге аудандарда бұл жұмысты әлі жандандыру қажет болып отыр.
Отаршылдық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулардан біртіндеп арылып келеміз десек те, әлі шешілмеген мәселелер, кезегін күтіп тұрған істер жетіп-артылады. Жер атын, елді мекен, көше атауларын өзгерту ең алдымен елдікке, халқымыздың болашағына, келешек ұрпаққа керек. Сондықтан, ұлттық мүдде таразыға салынатын жауапты іске асқан жауапкершілікпен қарайық. Елбасы ұстанған ұлттық саясатты дәлелді де дұрыс жүзеге асыру үшін ономастикаға қатысты көкейкесті мәселелерді күн тәртібінен түсірмеген абзал. Ономастика саласындағы жұмыстарды жүргізген кезде ашықтық қағидаттарын енгізу, ақпараттық-танымдық жұмыстар жүргізу арқылы қоғамда оң пікір қалыптастыру қажет.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2016 жылғы 20 шілдедегі №6-1 тапсырмасының негізінде облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы, кенттердегі, ауылдардағы және басқа да елді мекендердегі көше атаулары мен көрсеткіштерінің келісілген нұсқасына сәйкес, былтырғы жылы Көкшетау қаласындағы Абай, Мұхтар Әуезов, Шоқан Уәлиханов, Максим Горький, Сәкен Жүнісов, Әлімжан Баймұқанов секілді барлығы 9 көшенің аншлагтары бір үлгіде әзірленіп, орналастырылды. Мұндай жұмыстар Степногорск қаласы мен Ақкөл, Атбасар, Сандықтау, Шортанды, Целиноград аудандарында да жүргізілді. Биыл да осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастырмақпыз.
Бүгінгі таңда сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат, дербес мониторларда берілетін жүгiртпе жолдар, тауарлық жапсырмалар және тағы басқа мәтіндердің қате жазылуы ешбір сын көтермейді. Өз тарапынан Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасымен бірге Көкшетау, Степногорск қалалары мен 17 ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері «Жедел желі» арқылы тегін консультациялық көмек көрсетіп, облыстағы жарнама агенттігі өкілдеріне Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының сақталуына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде былтыр облыс аумағында ілінген 257 сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттардың эскиздеріне келісу жұмыстары жүргізілді.
Жыл басында облыстық тілдерді дамыту басқармасы әлеуметтік желілерде «Жарнамаға жайбарақат қарама!» атты акция жариялады. Аталмыш акцияға әлеуметтік желіні пайдаланатын кез-келген адам қатыса алады. Facebook, Instagram желісіндегі облыстық басқарманың жеке парақшасында мемлекеттік тілде сауатсыз жазылған жарнама мен басқа да көрнекі ақпаратты көрсеңіз дереу фотосуретке түсіріп, орналасқан мекен-жайын көрсетіп, сол қателіктерді әлеуметтік желіге емес, нақты шара қолданып түзету үшін міндетті түрде Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының 87771720597 арнайы телефонының WhatsApp байланысына салып жіберуіңізге болады. Келіп түскен мәліметтер бойынша басқарма нақты шаралар қолданып, нәтижесі жөнінде БАҚ-тар арқылы хабардар етіп отыратын болады.
Мемлекеттік бағдарламаның «Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту» бойынша төртінші бағыты білім мен ғылымның, инновацияның, жалпы Қазақстанның дамыған жағдайында біздің алдымызда тұрған үш тілді меңгеруге арналған. Биылғы Елбасы Жолдауының жетінші міндетінде – адами капиталды білім берудің жаңа сапасына қолжеткізу арқылы дамыту көзделіп отыр.
Соңғы үш жылдан бері облыс көлемінде 7 мектепте үш тілде білім беру жолға қойылған, тағы 15 мектепте ішінара енгізілген.
Биылғы жылдың басты міндеті – латын графикасын кезең-кезеңмен қолданысқа енгізу жоспарларын жан-жақты қарастырып, алдағы оқу жылында әрбір орталықта қосымша топтар ашу. 2017 жылғы 26 қазанда Елбасының №569 Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілді. Жуырда бұл Жарлыққа Елбасының 2018 жылдың 19 ақпанындағы Жарлығымен өзгеріс енгізіліп, әліпби жаңа редакцияда жазылатын болды. Осы орайда, биылғы жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындау жұмыстары басталды. Өйткені, іс-шаралар жоспарына сәйкес елімізде 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі көзделіп отыр. Бірінші кезең 2018-2020, екінші – 2021-2023, үшінші – 2024-2025 жылдарды қамтиды.
Ақмола облысында тұратын этностар тілдерін оқып-үйрену және сақтау мақсатында облыстағы этномәдени бірлестіктермен, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс жүргізілуде. Қоғамдық келісім мекемесіндегі арнайы сыныптары бар «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінде әр жексенбі сайын орыс, поляк, неміс, татар, армян, чуваш, кәріс, барлығы 7 тіл оқытылады. Әрбір топта өз тілдерімен қатар қазақ тілі және елтану пәндерінен сабақ беріледі. 2017-2018 оқу жылында 7 топта 200 оқушы ана тілдерінде білім алуда. Сонымен қатар, Бурабай ауданында неміс тілі, Сандықтау ауданында неміс және шешен тілдері, Астрахан және Шортанды аудандарында поляк тілі факультативтік сабақтарда үйретіледі.
Қытайдың атақты философы Конфуций «Тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды. Сондықтан, бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деген екен. Ендеше, еліміздегі азаматтық татулық пен тұтастықты сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін қамтамасыз етуге, өзге тілдердің еркін қолданылуына бәріміз бір кісідей атсалысуымыз қажет.
Ұлы Абай «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді. Мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар атқарылуда. Тіл үйренемін деушілерге тосқауыл жоқ. Тек қана қоғамда қазақ тілінің қанат жаюы үшін әр қазақ еліне, жұртына, ұрпағына жаны ашуы керек. Біз осы мақсатта тіл жанашырларының Үндеуін де жарияладық және ол әр қазақтың жүрегіне жетсе екен дейміз.

 

Марал ЖАҚЫПОВА,
Ақмола облыстық тілдерді дамыту
басқармасының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар