Имамдар «Алжир» мұражайында болды

Ақмола облысының аудан-қала имамдары елорда іргесіндегі «Алжир» мұражайында болып, өткен тарихтан сыр шертетін оқиғаларға қанықты.

Бұл жай мұражай емес, Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған лагерьдің орнына салынған тарихи орын. Кешегі кеңес заманында туған жұрты үшін «халық жауы» атанған қаншама ұлыларымыз сыңаржақ саясаттың құрбаны болды. Ал, артында қалған әйелдері де темір қапастың зарын тартты.
Дін адамдары бір толғанысты бастан өткерді. Талай аналардың аш-жалаңаш сызды жер жастанып, тауқымет тартқанын естіп, аяушылық сезімге берілді. Амал не, өткен тарихтың доңғалағын кері айналдыра алмайсың.
Олар бір шетелдік азаматшаның суретінің жанына келгенде ерекше толқыды. «Отанын сатқан» деген бір қайраткердің әйелі арада қаншама жыл өткесін осы жерде болып, өз басынан өткерген күндерді еске алады. Жергілікті қазақтардың тікенек сымның сыртында тұрып, тас лақтырғанын көргенін, бірақ, зерделей келсе, бұл жай тас емес, қазақтың құрты екенін айтып, көзіне жас алыпты.
Шіркін, қазағым-ай, өзің аш болсаң да, басқаның қамын жеген қонақжайлығыңмен ұсынған адал асыңнан талайлар дәм татып, тірі қалды емес пе?!
–Мен бұл мұражайды алғаш рет көріп тұрмын. Тұтқындардың көрген тауқыметі жайлы тарихи жәдігерлермен таныстық. Жергілікті тұрғындардың өз Отанына қарсы шықты деген желеумен ұсталған әйел жандыларға жанашырлық танытып, құрт және басқа да тамақ түрлерін жасырып бергенін естіп, білгенде көзіме жас келді. Оны білсе, сол қазақты да темір торға тоғытар еді-ау. Бірақ, қазақ үшін арынан, намысынан биік ештеңе жоқ қой, –деп толғанады Науан хазірет мешітінің жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Дәулет Есіркеп.
Міне, «Алжир» мұражайы кеңестің сұрқия саясаты салдарынан аналарды да темір торда қамап ұстағанын ғана емес, қазақ халқының мейірімділігін де паш етеді.
Бақыт Смағұл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар