Елге ісмерлігімен ұнаған

Білім беру мен денсаулық сақтау, өнер мен мәдениет салаларында жемісті еңбек етіп жүргендердің басым бөлігін әйелдер құрайды екен. Оның сыртында сауда мен халықтың тұрмыстық қажетін өтеу орындарында, шағын және орта кәсіпкерлікте де әйелдердің белсенділігі артуда. Осының барлығын саралай келе, бүгінде қоғамның қай саласында болсын әйел қолының айқын таңбасы барына сүйсінесің.

Әлбетте, бұл жаңа заманның тың талаптарының көрінісі. Әйелдердің қабілеті мен қарымы, ой-өрісі мен іскерлігі, еңбекқорлығы мен таланты қашаннан жоғары бағаланады. Қай істі болсын ұршықша иіріп әкететін әйелдердің тындырымдылығы, тиянақтылығы мен ұқыптылығы өз алдына, жаңа заманға бейімделгіштігі мен ізденгіштігі де қадірін еселей түсердей. Әйелдердің іскерлігі өздері қолға алған істен көрініс табады. Олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өркениетті ел болуы жолында еңбек етіп, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр. Сол іскер нәзік жандылардың қатарында Қорғалжын ауданында да түрлі жұмыстан кәсіп көзін ашып, оны әрі қарай дамытып, адал еңбекпен ел ықыласына бөленіп отырған әйел-аналар аз емес.
Солардың бірі – «Алтын ине» ательесінің иесі, кәсіпкер Айтжамал Исманова дер едік. Кейіпкеріміз отбасының ұйытқысы, шаңырақтың берекесі ғана емес, шаруашылықтың қай саласында болсын, өзінің лайықты бағасын алып жүрген еңбеккер. Оның осы күні тіккен киімдері мен жасаған оюлы көрпесі, қоржыны мен дорбаның түр-түрі, кестемен өрнектеген әсем дүниелері аудан тұрғындарының кәдесіне жарап отыр. Адал еңбегінің арқасында халықтың ыстық ықыласына бөленген ол қорғалжындық ісмерлердің арасында топ бастап тұр десек, әбестік болмас. Себебі, аудан тұрғындары тігіншінің қолынан шыққан дүниені әп-сәтте алып кетеді.
– Іс тігуге жасымнан жақын едім. Оның қыр-сырын кезінде анам үйреткен. Қазір сол үлкендерден көріп, үйренгенім бо-
йынша жұмыс істеп жатырмын. Тапсырыс берушілердің қатары да артуда, – деді Айтжамал Манатқызы.
Кейіпкеріміз тігіншілікпен нәпақасын тауып, отбасының ұйытқысы болуда. Құдай қосқан қосағы Төлеутаймен бірге Қымбат, Айдана, Маржан және Нұрай есімді төрт қыз өсіріп, тұңғыштарынан немере сүйіп отыр. Шеберлігімен Қорғалжын ауылына танылған анасы Алтынның қолынан шыққан көрпе-төсек, құрақтар көздің жауын алып тұрушы еді. «Ана көрген тон пішер» демекші, анасының жанында жүріп, тігін тігудің қыр-сырын меңгерген, саусақтары кішкентайынан инеге икемделген Айтжамал алғашында заман ағымымен тұрмысқа шыққан қыздар мен келіндерге арнап үйінен құрақ көрпе тігіп, сатумен айналысты.
Тіпті, жас кезінде Burda әйелдер журналына шыққан киім үлгісін қиып алып, сол бойынша сәнді көйлектер тігіп, тәжірибе жинақтайтын. Кейін интернет пайда болды. Бұл оның сүйікті кәсібімен айналысуға ықыласын одан сайын арттыра түсті. Өзінің сүйіспеншілікпен жасаған жұмысынан қуат алып, тапсырыс қабылдай бастағаннан кейін, биыл жұмысын үлкейтіп, жеке ателье ашуға бел буады. Ол үшін алдымен Дизайнерлер одағының халықаралық қауымдастығының мүшесі Берік Ысмайловтың Алматы қаласындағы «Любакс» авторлық мектебіне жүгініп, кейін Астана қаласында киімді пішіндеу және құрастырудың құпиясын оқу сабағына қатысып, кәсіпкерлік шыңына жету жолы, табыс табу, кәсіпті кеңейту жайында көптеген мағлұматтар алды.
– Элиталы мектептен курстан өтті деген сертификатты алу кез келген тігінші үшін үлкен мәртебе, – дейді Айтжамал.
– «Модельер-құрастырушы» бұл мамандық емес, икемділік!
Ауыл шетіндегі өз үйінде кәсібін дөңгелетуге қолайсыздау болғандықтан, орталықтағы «Балтабеков және К»
серіктестігінің «Балмырза» мейрамханасының ғимаратының бір бөлмесін жалға алып, сонда орналасады. «Кәсіпкер» ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 1,2 миллион теңгенің несиесіне қол жеткізіп, оған бу генераторы, «Жак» тігін машинасы және «Sewshop» трикотаж матасын сатып алады.
Кейін «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде
2 миллион теңгенің грантына ие болады. Оған жадында жүз операцияны сақтайтын, тігінші үшін таптырмайтын, қазіргі заманғы Jaguar LW-600 тігін машинасын сатып алады. Осылайша аз ғана уақыттың ішінде көптен армандаған «Алтын ине» ательесін ашады.
Асқан ыждаһаттылықпен, шеберлікпен жасалған бұйым әрдайым әсем көрінетіні белгілі ғой. Несиеге алған тігін машинасымен ұлттық нақыштағы және қазіргі заманғы көйлектер мен қамзолдарды әртүрлі етіп тігіп, тұтынушылардың талабын қанағаттандырып отыр. Болашақта тапсырыстар көбейсе аудан тұрғындарын да жұмыспен қамтуды мақсат етіп отыр. Әзірге Жәмилә Базарбаева есімді көмекшісі екеуі шеберлік пен ұқыптылықты қажет ететін кәсіпті өрге сүйреуде.
– Жұмыстың жүруіне алдымен жақсы жарнама, содан кейін сапалы бұйым, шеберлік керек. Бұрын бастау бизнесте білім алмай тұрғанда кәсіп ашып, бірден табысқа жете қоймадым деуші едік. Сөйтсек, кәсіпкерліктің де қыр-сыры, оны меңгеретін тәсілі болуы керек екен. Мен білім алып қана қоймай, өмірлік жұмысыма тәжірибе жинақтадым, ақпарат алдым. Сол алған білімнің нәтижесінде қалай еңбектену керек екендігін түсініп отырмын. Алда жұмысымды жолға қою үшін үлкен күш жұмсау керек, киімдердің барлығы сұранысқа ие болу керек. Осылай қолымнан келгенше кездескен қиындықтарды жеңіп, алға қойған мақсаттарымды орындау үшін еңбектене беремін, – дейді Айтжамал.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Гүлшат Қарағожинаның айтуынша, жақында жергілікті агротехникалық колледждің студенттері осы «Алтын ине» ательесінде тәжірибеден өтетін болады. Ол үшін колледж басшылығы мен Айтжамал Исманова екіжақты меморандумға қол қойған. Міне, жаны нәзік, қос жанарына ар ұялаған, болмысынан ибасы мен ізеті сезіліп тұратын Айтжамал көпшіліктің қолынан келмейтін, қолынан келсе де төзімділігі жетпейтін істерді ұршықша үйіріп жүр. Ендеше, өзінің қажырлы еңбегінің арқасында таңдаған кәсібінің алға баса беруіне тілектестік білдіреміз.

Аслан Оспанов.

Қорғалжын ауданы.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *