Малсақ қауымның маңызды мәселелері

Шаруа қожалығының басшысы Жұмаш Сәдуақасовтың күнделікті өмірден түйген пайымдауынша, ауылда жұмыс жоқ деп ауызды қу шөппен сүрту дұрыс емес. Белді бекем буып еңбек ету керек. Ата кәсіп – төрт түлік малды өрістетсе, игілік өзінен-өзі оралады. Рас, бұл жолда қол байлайтын қиындықтар жетіп артылады. Бірақ, сол қиындықтармен күрескен адамның ақ адал еңбегіне орай түптің-түбінде көсегесі көгермек.

2003 жылы шаруа қожалығын құрды. Мал бағып табыс табу үшін оның басын көбейткен ләзім. Сөйтіп, 2008 жылы «Даму» қорынан 800 мың теңге несие алды. Тәуекелге бел буған соң несиені қайтара алмай қаламын ба деп қорыққан да жоқ. Әлгі қаржыға 4 бас сиыр сатып алды. Бағымдағы малды өз төлінің есебінен өсіру үшін.
Қазір мал басы өсті. 27 бас сиыры, 22 бас тайынша-торпағы бар. Несиеден әлдеқашан құтылған. Бағымындағы мал негізінен етті бағытта. Әйтсе де еткен еңбегің ақталып, өнімі молаю үшін мал тұқымын асылдандырған абзал. Алдына қойған осы мақсатты жүзеге асыруды ойлап асыл тұқымды ақбас бұқаны 360 мың теңгеге сатып алды. Сіңіре будандастырудың арқасында төртінші ұрпағы жүз пайыз асыл тұқымды болып шығады. Әйтпесе бағымындағы қырдың қызыл сиырларының қоңдануы, еттілігі төмен.
–Ең басты қиындық, етті өткізуде,–дейді Жұмаш Тақауұлы,–қазір делдалдар еттің келісін ең көп дегенде 1200 теңгеден алады. Ал, қала базарларында семіздігіне орай қара мал етінің әр келісі 1700-1800 теңге екендігін жақсы білеміз. Сонда үштен бірі делдалдардың несібесіне бұйырып тұр. Олардікі бір-ақ күндік бейнет болса, біз етке өткізуге жарайтын деңгейге дейін кемінде екі жыл бағамыз. Есептеп көріңіз, қаншама жемшөп, еңбек күші қажет. Біздің ауылдағы шаруа қожалықтарының дені малдарын алыпсатарларға тапсырады. Облыс орталығындағы базарларға біз де шығып көргенбіз, бірақ, машақаты көп. Базардан ет сататын орын алу өте қиын. Сауда алаңдарында осы іспен көп жылдан бері айналысатын саудагерлер өтімді жерден орын бермей бағады. Тиетіні алушылар көп келе қоймайтын бұрышта. Апарған етің бір күнде өтсе жақсы. Оның үстіне қаншама анықтама жинауың қажет.
Шаруа қожалығы басшысының айтқан уәжінің жаны бар. Облыс орталығында әсіресе, сиыр еті бағасының қымбат болуы осы жұмысты дұрыс ұйымдастыра білмеуден шығар.
Малсақ қауымның қолын байлап отырған екінші мәселе – шабындық, жайылым жерлердің аздығы. Мәселен, осы шаруа қожалығында 21 гектар жайылым жері бар екен. Ал, шабындық жері жоқ. 35 гектар егістік алқапқа алғашқы бетте бес жыл қатарынан егін еккен. Шаруа қожалығында МТЗ-80, Т-16 тракторлары мен ГАЗ-53 автокөлігі болғанымен, комбайн жоқ. Комбайн өте қымбат. Шағын шаруа қожалығының әзірге шамасы келмей отыр. Көктемде алқапқа дән сіңіруге шамасы жеткенімен, егін орағы кезінде төңіректегі шаруалардың өз астықтарын жинап алып, комбайндары босағанын тосады. Бірақ, ол уақытта күздің қара жауыны басталып кетіп, еңбегі еш болады. Мал азығына қажетті жемді өзі еккені оң болар еді. Қазір шөптің құнарының аз болуына байланысты жемсіз мал өсіру мүмкін емес. Егер жемшөпті сатып алса, еттің өзіндік құны қымбаттай бермек.
Ендігі жерде осы алқапты әйтеуір егін еге алмағаннан кейін шабындық жер ретінде пайдаланғысы келген. Оған рұқсат жоқ екен. Ал, жайылымдық жер сұрап аудандық жер бөліміне талай рет өтініш айтты. Бірақ, әзірге өтініші орындалмай тұр.
Егер шаруа қожалығының қолын байлап отырған осындай мәселелер шешілсе, өрісіміз малға толар еді. Бұл мәселе жалғыз Жұмаш Тақауұлына ғана емес, тәмам шаруа қожалықтарына ортақ.

Байқал Байәділов.
Суретте: шаруа қожалығының басшысы Жұмаш Сәдуақасов.

Баратай ауылы,
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар