Аждардың абыройлы жолы

Жасампаздыққа ұмтылған жаһан жан-жақтылықты талап етуде. Бұл қоғам мүшелеріне қаратып айтылғанымен, жалпыдан жалқының аты озатыны, көшбасшылық қасиетке ие жанның жұлдызы жанатыны халқымыз қастерлеген қағидалы қасиет. Оның астарында орасан жауапкершілік те жатыр. Аталған ұстанымдарды ұлықтаған азаматтың бірі Атбасардағы Аждар Тайшытаев десек жарасады.

Мәселе қайнаған өмірден қалаған орныңды таба білуде ғой. Ауыл баласы арманшыл келеді дегенімізбен, Торғай өңіріндегі Қайыңдының баласы теміржолшы болады дегенге қоралас қауым әуелгіде сене де қоймаған сияқты. Тайшытайдың баласы талапшыл екен. Мектепті бітіре салып Ташкенттегі темір жол көлігі инженерлік институтына түскенде таң қалғандар да аз емес. «Вагон жөндеу және вагон шаруашылығы» факультетін бітірген ол еңбек жолын Арқалық бекетінде қарапайым жол қараушыдан бастады. Сирек мамандық иесімін деп көкірек қағу ойында да жоқ. «Тайшытайдың баласы қиянға барып, осы үшін оқыда ма» дегенге қақпақ болар алғашқы қадам еді бұл. Араға он жыл салып, салалық баспалдақтардың біразынан өтті. Тәжірибе жинақтап, біліктілігін шыңдады.
Мұндайда әлгі баспалдақтардың абыройлы бұрмалары да есік ашып тұратыны бар. Аждар 1982-1998 жылдары Арқалық қалалық партия комитетінің өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі, кәсіптік-техникалық училищенің директоры, Торғай облыстық кәсіптік білім беру басқармасының басшысы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Бұдан кейінгі бұралаң жағдай баршамызға мәлім.
Аждар Тайшытайұлы 1998 жылы Атбасар вагон жөндеу депосының директоры болып тағайындалды. Ал, 2001 жылы «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамындағы оң өзгерістерден кейін депо «Аждар и К»
өндірістік кооперативі, одан соң жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде қайта құрылды. Жігерлі басшы қиын кезеңдерде ұжымды тығырықтан шығара білді. Кәсіпорын бастапқы жылдары тек қана «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамына қарасты вагондарды жөндеумен айналысса, қазіргі уақытта 24 ірі компаниямен әріптестік байланыста. Бұлардың қатарында «Универсал Логистик» ЖШС, «Атасу Транс» ЖШС, «Астық Транс» АҚ, «Исткомтранс» ЖШС, «ҚазТрансСервис» АҚ сияқты іргелі кәсіпорындар бар. Бұл нені айтады? Қарапайым түйіндесек, қаншама жыл жүген ұстар қызметтерде болғанымен, Аждардың өзі таңдаған жолы мен мамандығына кәмілдігін көреміз.
Атбасарға жолы түскен журналистер қауымын вагон жөндеу зауытынан жиі кездестіресіз. Біз де кәсіпорын басшысының кабинетіне бет бұруды жөн санағанбыз. Шамасы бейнекамерадан көріп отырса керек, бірден қабылдады. Сұңғақ бойлы, ашаң жүзді замандасымыз жылы қабылдады. Үстелінде Елбасының Жолдауы басылған кітапша жатыр. Мен бұл кісінің жыл құжатындағы «Заманауи шешімдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл жүйе көлік ағынын тиімді басқаруға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады» деген жолдардың астын сызып оқығанына еш күмән келтірмедім. Мұны кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштер бойынша алда келе жатқанымен байланыстырғымыз келеді. Мәселен, былтыр 3192 дана жүк вагоны деполық жөндеуден өткен. Бұл 2016 жылғыдан 1413 вагонға артық. Бұған қосымша 191 вагон күрделі және 74 вагон ағымдағы жөндеумен қамтылған. Ал, негізгі көрсеткіш саналатын жұп доңғалақтарды қалпына келтіру алдыңғы жылғы деңгейден 52 пайызға асыра орындалды. Яғни, темір жол қозғалысы 5537 дана жұп доңғалақпен қамтамасыз етіліпті. Осының нәтижесінде жұмысшылардың орташа жалақысы 204075 теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 69788 теңгеге көтеріліп отыр (51,97 %).
Бұл кәсіпорынның индустриялық-инновациялық бағдарламаға, озық технологияны енгізудегі қаржылық саясатқа беріктігін айқындайды. Еңбек тиімділігін арттыру мақсатында 39 миллион теңгеге станоктық және диагностикалық жабдықтар сатып алынған екен. Қаржыландырудың 2018-2020 жылдарға арналған инвестициялық жоспарына сәйкес, зауыт тағы да 186 миллион теңгенің жаңа жабдықтарымен қамтамасыз етілетінін білдік. Кәспорында 37 жаңа жұмыс орны құрылып отыр.
– Біз қала құрушы кәсіпорындардың бірі саналатын зауытымыздың техникалық қуатын арттырумен қатар, көптен жөндеу көрмеген зауыттың ішкі-сыртқы бейнесін жаңғыртуға көңіл бөлудеміз, – дейді ЖШС директоры А.Тайшытаев. Соңғы екі жылда ғимараттарымызды ағымдағы және күрделі жөндеуге 30 миллион теңге қаржы жұмсадық. Былтыр қосымша кірме жол, газды оттегі стансасы пайдалануға берілді. Өндірісте қазақстандық үлесті арттыру
СТ КZ сертификатымен жүргізілуде. Сондай-ақ, зауыт мамандары мен өнертапқыштары КВЗИ2 және ЦМВ рефрижераторлық вагондарына қажетті тетіктерді жасаудың жаңа технологиясын игерді. Кәсіпорын барлық жұмыс ауқымын заманауи СТ РК ISO 9001-2016 сертификатымен атқарады. Мұнда еңбек ресурсын қолдаудың кешенді шаралары жүзеге асырылуда. Зауыт 2017 жылы мамандардың кәсіби біліктілігін арттаруға 8 миллион теңге қаржы жұмсаған. Серіктестік республикалық «Парыз» байқауының екінші жүлдесімен, «Саланың 2015 жылғы көшбасшысы» атағымен марапатталды.
Өндіріспен қатар Аждар Тайшытайұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Ақмола облыстық мәслихатының 2, 3 және қазіргі
6 шақырылымындағы депутаты, депутаттық этика, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану тұрақты комиссиясының көп жылғы мүшесі ретінде сайлаушыларының аманатын, тапсырмаларын орындауда да әріптестеріне үлгі болуда.
Депутат ретінде ол қаладағы мектеп және мектепалды, денсаулық сақтау мекемелерінің, мәдениет ошақтарының күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ, су құбырларын жаңарту, көшелерді жарықтандыру, Есіл өзенінде гидротехникалық құрылыс жұмыстарына көмектесу сияқты игілікті шараларға қомақты қаржымен жәрдемдесуде. Сол сияқты Атбасар қаласының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына демеушілік көмек жасауға, атақты жерлес жазушы Ілияс Есенберлиннің ескерткішін орнату жұмыстарына, аудандық денсаулық сақтау мекемесі бөлімшесін, білім беру және спорттық мекемелерді ағымдағы және күрделі жөндеу үшін
2 миллион теңгеге жуық демеушілік көмек көрсетті. Сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясына, мерекелік-мәдени іс-шаралар өткізуге де белсенділікпен қатысуда. «Нұр Отан» партиясы ғимаратындағы жеке қабылдауларында да көптеген сайлаушылардың талап-тілектері қанағаттандырылып жүр.
Халық қалаулысы «Құрмет» орденімен, бірнеше медальмен және «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталған. Атбасар аудандық мәслихатының шешімімен оған «Атбасар ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар