I. Тазының тағдыры

Ел шетіндегі егістік алқаптар иен қалған соң аң-құс ересен көбейген. Әсіресе, елік. Әп-әдемі, сұп-сұлу. Қайың орманның қылтасынан сауыры жылт етіп шыға келеді. Жіңішке, серпінді аяқтарын қаздаңдай басып, тап-таза жанарлары жәудіреп, үрке қарайды. Сәлден соң жай оғындай жалт етіп, жаясы күн нұрына шағылысып, қалың бұтаның арасына күмп береді. Енді қайтсін, адамдар қуа-қуа әбден зәрезат болып қалған. Тіпті, адамзат баласын көргісі келмейтіндей.
Оның себебі де бар еді. Соңғы жылдары істейін десе жұмысы, ауырайын десе ауруы жоқ ауылдың тепсе темір үзетін жігіттері тегіс аңшы болып алған. Баяғыдан бері сандықтың түбінде жатқан қосауыз, сыңарауыз құс мылтықтар қайта шығарылып, майланған. Тіпті, ат таба алмай қалса, желіндеп тұрған бие мініп шығатын да аңшылар пайда болды. Бара қалсаң еліктің қара қуырдағына тойғанымыз-ай, деп мұрттарын майға малған кісіше аңшылықтың қызығын айтып тауыса алмай, күпініп отырады.
Ертеде жүгірген аңды өнері асқан аңшы алатын. Дәстүрлі жолмен аулайтын. Құс қайырып, ит жүгіртіп. Сол әділдік еді. Тіпті, өзгені қойғанда, жыртқыш аңға да себепсіз оқ атпаған. Бұл ұлы даланың жазылмаған қағидасы. Бүгінгі күннің аңшылары желден жүйрік «Джип» мініп, моторлы қар шанасын тізгіндеп, оптикалық көздеу құралы бар винтовкамен аулайтын болды. Күш тең емес. Қанша жерден жүйрік болса да елік шіркін күнұзақ оппа қарға малтығып, бауырын жазып шаба алмайды. Қазіргі аңшылар балтасы мен қабын ала шығады екен. Аңшылық емес, құтты иен тегін ет өндіретін өндіріс пе дерсің.
Өткен жазда Мұсағұл ақсақал Атыраудағы құдасынан тазының күшігін алдырған. Ел ішіндегі «сымсыз телефонның» айтуына қарағанда, қарғыбауына бір қараның құнын байлапты. Жазғы демалыста елге барғанда көріп едім. Әдейілеп іздеп бардым. Ақсақал ауласында жүр екен. Алдымен елдің амандығын сұрағанмын. Содан соң бітімі бөлек тазының күшігін.
–Жақсы келдің, күшіктің мойнын сындырайын деп жатырмыз,–деді ақсақал.
Әуелде ит мойнын сындыруды түсінбегенім рас. Сөйтсем, бағзы заманда аңшылар түлкінің құйрығын ұзын жіпке байлап, желаяқ балаларға ұстатып жүгіртеді екен. Күшік олай бір, бұлай бір орағытқан құйрықты қауып ұстауы керек. Бір жағы ойын, екінші жағы ауыздандырудың бір түрі. Әлгі мен түсінбеген ит мойнын сындыру осы екен.
–Биыл қыс қансонарда қоянға саламын. Ауыздандырамын. Содан кейін аңға салып жүрген иттерге қосамын. Түлкіге бірден салуға болмайды. Аңғал күшікті түлкі тістеп алса, беті бірден қайтып қалады. Арандауы оп-оңай. Қалай ауыздандырсаң, кейін өсе келе солай аңшылайтын болады. Бір беті қайтып қалса, бар еңбегім босқа кетеді,–деген ақсақал, –мына күшікті қарашы, тоғыз айлық. Әлі бойы биіктеп, денесі толады. Көзі бүркіттің көзі тәрізді қандыкөз, таңдайы қасқыр таңдай. Бұл өжеттіктің белгісі. Сәтін салса, шыдамды, біте қайтпайтын, нағыз қандыкөздің өзі болады.
Ақсақалдың айтуына қарағанда, шын тазы әуел бастағы табиғатынан текті. Бейсауат кісіні қаппайды, қорадағы малға шаппайды. Ал, аңға шыққанда одан батыл, одан жүйрік ит жоқ. Дене бітіміне көз салсаң көзің тоймайды. Тұла бойында бір сылым артық ет жоқ. Сирақтары сіңірлі. Қанша алдынан ас қалып жатса да, өзін-өзі жаратып, қаншырдай қатып тұрады. Азу тісі берік. Былайынша тұлғасы нәзік, жіңішке көрінгенімен, қимыл-қозғалысы көз ілестірмейтін жылдам. Еуропа жұрты із кесуге бір ит, інге кіруге бір ит, қосуға жүйрігін тағы ұстайды екен. Ал, біздің бір тазының бойында осы үш қасиеттің бәрі бар.
Тағы бір назын айтып еді. Көз көріп, құлақ естіген жай. Шетелдерде қол басындай қанденді дәріптеп, асылдығын айтып, ауыздарының суы құрып отырады. Ал, алапат аштықта тұтас бір ауылды аң-құс аулап аман алып қалған тазының еңбегін кім айтып жатыр?! Шынтуайтына келсек, қазақ тазысы солардың бәрінен мықты ғой.
Арқаның аққасқа тазысының тұқымы қазір некен-саяқ. Кейбіреулер аққасқаны оңтүстіктің көкқасқа тазыларымен будандастырмақ көрінеді. Ақсақалдың айтуына қарағанда, бұл дұрыс емес екен. Өйткені, екеуі екі бөлек табиғатқа үйренген. Арқаның аққасқа тазысы солтүстіктің ауа райына орай жүндес болып келеді. Ал, оңтүстік тазылары біздің өңірдің суығына шыдай алмайды ғой. Қазір білетіндердің бағамдауына қарағанда, Арқа, Шығыс, Жетісу тазылары деп аталатын жүйрік ит тұқымдары сақталып қалған. Жүйрік балалар түлкінің құйрығы байланған жіпті сүт пісірімдей сүйреді. Жарғақ құлақтары жалпылдап, жан аямай жүгірген күшік аттап бастырар емес. Желмен желбірей қашқан жеңіл құйрық оңға бұрылса да, солға бұрылса да бұлтартпайды.
Күшіктің аңсақ ит боларына кәміл сенгенбіз. Кейін естідік, аңғал ақсақал айырылып қалыпты. Әлдебіреу жүйрік тазының күшігін үкідей үлпілдетіп бағып отырған ақсақалдың қорасынан ұрлап кетсе керек. Иті озғанды да көре алмайтын кесір мінезіміз-ай!..
Жүйрік күшіктің ізін көрші ауылдан індетіпті. Бірақ, оларға да ит болып жарытпаған. Әлгі өзінің иесін, жайлы қорасын аңсады ма, байлаулы күйінде кісі бойы биік шарбақтан қарғыған деседі. Шарбақтың арғы жағына түскенде мойнындағы жіпке асылып қалған. Таңертең көршілері көрсе көзі алайып, кішкентай, бірақ, өткір азу тістері ақсиып, сіресіп қатып қалыпты деседі.
Ауылдың маңдайына бітейін деп тұрған желтабанның ажалы қадірін білмейтін қараниеттіден келді.

II. Айдарлы бала – айбарлы бала

Астанадан немерелер келген. Үлкенінің басынан иіскедік. Шаш үлгісі біртүрлі оғаш екен. Самай тұсынан екі із қалдырып, қарақұсқа дейін жол тартыпты. Әке-шешесінің айтуына қарағанда, ирокез деп аталатын қазіргі сәннің сықпыты осылай ауғанға ұқсайды. Арыдағы қазақ шаш қою үлгісіне де айрықша мән берген. Айдар, кекіл, бұрым – ұрпағын ұлықтаған елдің мәнді мәдениеті. Шынтуайтында, ол сан ғасыр бойы үзілмей келе жатқан әдемі салт. Өйткені, ата қазақ ұрпақты болашағым деп түсінген. Ал, болашағын ойлаған ұлт ұл-қызын ұясындай тәрбиелейді. Шаш қою да сол тәлімді тәрбиенің бір бұтағы.
Алдымен қарын шаш туралы. Нәрестенің іште жатқан кезінде қалыптасқан шашы. Қарын шашты бала қырқынан шыққан кезде алып жатады. Тіпті, кейде көз тимесін деп бірер талын сақтап та қояды. Ел ішінде «қарын шашы алынбаған баланың қарғысы қатты болады» дейтін ұғым бар.
Кез-келген адамға қарын шашты алдыра бермеген. Ел ішіндегі аузы уәлі, сал-сері, ұлағатты адамдарға алдырған. Арнайы мал сойып, тілектес қауымды шақырған. Қазір бұл дәстүр де түрленіп келе жатыр. Ал, бұрын қарын шашты баланың иығына, бесікке, жастықтың астына салып қояды екен. Тіпті, қарын шашты тұмарша етіп тігіп, босағаға іліп қойған да жағдайлар болған. Бұның барлығы нәрестенің денсаулығының мықты, тіл-көзден аман болуын тілеген жоралғылар.
Айдар дегеніңіз ілкідегі хан мен сұлтан мұрагерлерінің ерекше белгісі саналған. Асылында, айдар – ержүрек ұлдардың таңбасы. Жалғыз қазақтың ғана емес, көшпенді халыққа ортақ шаш үлгісі. Айдарды баласы тұрмаған отбасылар ырымдап та қоятын дәстүр болған. Кез-келген балаға желбіретіп айдар қоя бермеген. Бұл ерекше қасиетті балаларға ғана бұйырған сыбаға.
Айдар қою қазір қайта жаңғырды. Көшеде көріп жүрміз. Экзотикалық көрініс тәрізді. Ал, шынтуайтында сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүр. Негізінде баланың бойына сән, мінезіне батылдық беретін элемент. Міне, сондықтан да айдар қою кез-келген көшпенді жұртының жұрағатының арманы болған. Бағзы заманда айдарды жеткіншек мүшел жасқа толған кезде тәмам елді шақырып, үлкендердің батасын алып, мүшел жастың құрбандығы ретінде алған деседі. Төрдегі ел сыйлаған үлкендердің орнына аунатып алыпты. Зайыры сол кісілердей болсын деген ниет. Қазір айдарды бала мектепке барар кезде алып жатады. Тіпті, оқушылар арасында да бірен-сараң айдарлы балалар кездеседі. Адамның көзі балаға емес, бірден айдарға түседі. Сондықтан да, айдар тіл-көзден сақтаудың семантикасы.
Қазақтың қаршығадай ұл, қарлығаштай қыздарына қойылған шаш үлгісінің бірі – кекіл. Кекіл әдетте маңдай тұсқа қойылады. Ұшы тегістеліп, бір шоқ қылып қалдырады. Сәбидің жүзіне сүйкімді жарасым беретін шаш. Елдің ежелгі ән-жырында көп кездесетін «кекілдім-ай» дейтұғын сөз тіркесі осы әдемі әсерден қалған болуы керек. Осы тақырыпты қаузап зерттеушілердің айтуына қарағанда, ертеде ұл балаға да, қыз балаға да кекіл қойылыпты. Тек соңғы жылдары ғана кекіл негізінен ұл балаларға қойылатын шаш түріне айналды. Әдемілік пен әсемдік беретін осы бір шаш үлгісі әлі де жиі кездеседі. Түптеп келгенде ол адамның бойына жинақылық пен биязылық сыйлайтын үлгі.
Үлбіреген кішкентай қыздарға шаш қою үлгісі тұлым деп аталған. Оны «тұлым шаш», әйтпесе «тұлымшақ» деген. Тұлымды қыз балаға көз тимесін, сұлу әрі сымбатты болып өссін деген ниетпен қалдырған. Тұлым қыздың шашымен бірге өсіп, маржанмен көмкерілген. Тұлымды қыздың сұлу сипаты жиналған топтың ішінде бірден көз тартады. «Тұлымы желбіреген» дейтін тауып айтылған теңеу де бағзыдан бастау алған.
Мұның барлығы ұлы даланың ұрпағына қалдырған жол-жоралғысы. Дәстүрі діні мен діліне қайшы келмейтін көшпенді жұрттың сан ғасыр бойы қалыптастырған қағидасы. Ал, дәстүр дегеніміздің өзі әр халықтың бойтұмары болып есептелмей ме?!
Сәбидің самайына қарап отырып, бүгінгінің үрдісі қай тарапқа ойысып бара жатқанын ойлап, халқымыздың қазынасы саналатын дәстүрі жайлы бір ауыз сөз сабақтадық. Болашақ үшін, болашақтағы ұлдарымыз бен қыздарымыздың тәрбиесі төңірегінде.

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар