Өңір дамуының жаңа міндеттері

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде бірқатар аудандық мәслихат депутаттарының сайлауының қорытындысы, индустриалдық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасын жүзеге асыру және балалар құқығын қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, нақтылы міндеттер белгіленді.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» Конституциялық Заңына сәйкес 2018 жылдың 25 наурызында Астрахан аудандық мәслихатының №6, Біржан сал ауданының №7 және Целиноград ауданының №5 сайлау округтері бойынша шығып қалған депутаттардың орнына сайлау өткізілді. Осы науқанның барысы жайлы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов хабарлама жасады. Сайлауға дайындық шаралары мен оны өткізуге облыстық, үш аумақтық, үш округтік және тоғыз учаскелік сайлау комиссиялары тартылыпты. Аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу облыстық сайлау комиссиясының 2018 жылғы
6 ақпандағы қаулысына сәйкес жүзеге асырылды. Барлық аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары туралы толық мәліметтер жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сайлау белсенді және ұйымдасқан жағдайда өтті. Дауыс беру нәтижесі бойынша Асхат Бейсенбетов – Астрахан, Самат Ақышев – Біржан сал, Ғалым Қойлыбаев – Целиноград аудандық мәслихаттарының депутаттары болып сайланды.
Облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ербол Жақсылықов индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Бағдарлама қолға алынғаннан бері өңірде жалпы құны 254,2 миллиард теңгенің 79 жобасы жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде 7,9 мың жұмыс орны ашылған. Өткен жылы өнеркәсіп өнімдері көлемінің 50 пайызы Индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған кәсіпорындардың үлесіне тиесілі болды.
– Былтырғы жыл қорытындысы бо-йынша облыста 95,4 миллиард теңгенің 7 жобасы пайдалануға берілді. Оның ішінде Елбасының тікелей қатысуымен өткен телекөпір барысында «Қазақалтын Technology» алтын байыту фабрикасы іске қосылған болатын. Осындай жобалардың арқасында облыс бойынша бір жылдың ішінде бір мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Оған қоса, кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде құны 526,9 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылуда, – деді Ербол Жақсылықов.
Сонымен қатар, басқарма басшысы ағымдағы жылы жүзеге асыру қарастырылып отырған жобалар жайлы айтып өтті. Мәселен, биылғы жылы Индус-
трияландыру картасы бойынша облыста құны 53,4 миллиард теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Олардың арасында Целиноград ауданында жиһаз және металл өнімдерін шығаратын «Kazyna SR», Бұланды ауданындағы бройлер тауықтарын өсіретін «Макинск құс фабрикасы», Зеренді ауданындағы құс фабрикасы «BlicTerminal», тау-кен байыту комбинаты «AraiPro», Аршалы ауданындағы құрылыс комбинаттары «Комсервис Ж.Ж.», «ДС Гранит» серіктестіктері жобаларын жүзеге асыру қарастырылған. Оған қоса, өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де артқаны байқалады.
Аппарат кеңесінде бала құқығын қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенованың есебі тыңдалды. Облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығына қарамастан балалар құқығының аяқасты болып жатқанын да жасырмаған баяндамашы балалардың еңбекке тартылуы, ата-анасы бола тұра, ішкіліктің кесірінен жетім қалуы ойландыратын мәселеге айналып отырғандығын тілге тиек етті. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 118 ата-ана өз құқығынан айырылды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі М.К.Мырзалин айтылған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, орын алған кемшіліктерді жоюды тапсырды. Әсіресе, индустриалдық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасын жүзеге асыру барысы облыс әкімдігінің ұдайы бақылауында болатынын атап өтті.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар