Үздіктер қатарында орындары бар

Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік бағдарламалық «Рухани жаңғыру» мақаласында ел болашағы – жастарымыздың сапалы білімге ие болуының маңыздылығына кең орын берілгені белгілі. Өткен жылдың басты жаңалығына айналған бұл бағдарлама еліміздің білім беру саласында зор серпін туғызды. Біздің Ақмола облысының білім беру саласы да елімізде жаппай қарқын алған осы бір болашағы зор бағдарламаның орындалу ісіне зор құлшыныспен кірісті.

Міне, Елбасымыз жаңа жылдың алғашқы айында «Рухани жаңғыру» аясында белгіленген бағыттың үшінші жаңғыруын жариялап отыр. Осы бағытты жоспарлы түрде іске асыруға үлес қосуды, осы жүйені басшылыққа алуды басты міндетіміз деп ұғамыз.
Ақмола облысының білім беру саласында, оның ішінде орта білімнен кейінгі техникалық және кәсіптік білім беруде осы мемлекеттік бағдарламаға сай атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Облыста 38 колледж жұмыс істейді, оның 30-ы мемлекеттік болса, 8-і жекеменшікке өткен. Осы колледждердің ішінде 4 жоғары колледж, бір техникалық, бір медициналық және бір педагогикалық колледж Көкшетау қаласында, ал, бір техникалық колледж Щучинск қаласында орналасқан.
Көкшетау қаласындағы жоғары колледж мемлекеттік бағдарлама бойынша индустриялық-инновациялық даму аясында мамандар даярлайтын еліміздегі 10 өзара бәсекелес колледждер қатарына еніп отыр. 2016 жылы республика бойынша алғаш рет бұл колледжді қолданбалы бакалавриат бағдарламасы бойынша 88 кіші инженер бітіріп шықты.
Ал, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжі республиканың алғашқы колледждері қатарында аккредитациялау процедурасынан өтіп, жаңа оқу жылынан бастап қолданбалы бакалавриат бағдарламасын енгізуді қолға алып отыр. Техникалық және кәсіптік ұйымдарда 21351 оқушы оқып, білім алуда. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 14463 оқушы дайындалуда (67,7%).
2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі өңірлермен біріге отырып, «Серпін» бағдарламасы бойынша «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» деген атпен әлеуметтік жобаны қолға алып отыр. Мұндағы мақсат – еңбек ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану. Бұл жоба бойынша ағымдағы оқу жылында облыстың 8 колледжінде 411 оқушы оқып, білім алып жатыр, техникалық және кәсіптік білім беру бойынша 94 мамандық және 139 біліктілік бойынша маман кадрларын дайындау іске асырылады. Мамандар дайындау құрылымында техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына айрықша басымдылықтар беріледі.
2017 жылғы 5928 түлектің 4428-і (74,7%) жұмысқа орналасты. ТжКБ ұйымдарының түлектерін жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту 95,2 пайызды құрады. Түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелерін шешуде дуальді оқыту аясында кадрларды дайындау ерекше рөл атқарды. Соңғы 4 жыл бойынша облыста техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша дуальді оқытуды енгізген 7 сала бойынша (металлургия және машина құрастыру, сервис, көлік, құрылыс, тау-кен қазу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы) колледждердің саны 25-ке дейін жоғарылады. Дуальді оқыту түрімен 26 мамандық бойынша 1300 оқушы қамтылды.
Дуальді оқытумен қамтылған кәсіпорындардың саны: 2014 жылы – 26, 2015 жылы – 39, 2016 жылы – 100, 2017 жылы – 266. Дуальді оқытуда ТжКБ ұйымдарының негізгі әлеуметтік серіктестері келесі іргелі кәсіпорындар: Степногорск қаласындағы Еуропалық подшипник корпорациясы (осы қаладағы №2 индустриалық-техникалық колледжі), «Тыныс» АҚ (Көкшетау қаласындағы жоғары колледж), «Қазақалтын» тау-кен байы-ту металлургиялық комбинаты (Степногорск қаласындағы тау-кен техникалық колледжі), «Есіл-Агро» ЖШС (Зеренді ауданы Шағалалы ауылындағы агробизнес колледжі) және тағы басқалары.
«ҚР дуальді оқытудағы стратегиялық альянс» халықаралық жобасының аясында Халықаралық ынтымақтастық бойынша Германия қоғамы (GIZ), CLASSGlobalSales фирмасы (КЛАСС фирмасы), JohnDeereInternational (ДЖОН ДИР фирмасы), «Ст Агро» ЖШС (СТ Агро), «Евразия Групп Қазақстан» ЖШС мен Бурабай ауданындағы Щучинск экология және орман шаруашылығы колледжінің арасында болашақ маманға механиканы, оның электрондық баламаларын жетік біліп қана қоймай, заманауи ауыл шаруашылығы техникасында жұмыс істеуге мүмкіндік беріліп, «Мехатроник» жаңа біліктілігі бойынша кадрлар дайындауға меморандум жасалды.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында 1870 инженерлік-педагогикалық қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 417 өндірістік бағыт шебері бар, 280 инженерлік-педагогикалық қызметкер және 18 жетекші маман «Кәсіпқор» холдингінің курсынан өтіп, оқу үдерісін модернизациялау, кәсіптік деңгейді қалыптастыру және дамыту саласында білім сапаларын жетілдірген.
Өткен жылдың аяғында арнайы пәндерді оқытатын 11 оқытушы мен шебер өндірістік оқу бойынша шет елдерден бір айлық тәжірибелік сынақтан өтіп келді. Атап айтар болсақ, Англияда 5 оқытушы, Финляндияда – 2, Малайзияда – 3, Чехияда – 1 оқытушы іс-тәжірибеден өтті.
2017 жылғы қыркүйек айынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017-2021 жылдар аралығына белгіленген жаппай жұмыспен қамтамасыз ету және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына орай, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын тегін оқыту жүйесін енгізу туралы Қаулыға қол қойылған болатын.
Ағымдағы жылы облыс колледждеріне бюджет мүмкіндігіне қарай күндізгі бөлімде 5872 адам оқыды, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайыз жоғары. Мұның ішінде 4472 адам жергілікті бюджет есебінен, 210 адам республикалық «Серпін» бағдарламасы бойынша қабылданды, 2017-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікке тарту бағдарламасы бойынша 1190 адам өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім алып жатыр.
Мамандарды даярлау бағдарламасына қатысушылар ішінде оқу орындарына түсе алмаған, жағдайы төмен отбасыларынан шыққан, басқа әртүрлі қиындықтарға ұшыраған, жұмысы жоқ 9-11 сынып түлектері бар. Мүмкіндігіне қарай, олардың да жағдайы ескерусіз қалмайды.
Техникалық және кәсіптік білім беретін сала бойынша аймақтық комиссия оқу ғимараттарын тексеріп бекітті. Мұнда оқу ғимараттарының қазіргі заман талаптарына сай келіп, кәсіпкерлік мамандықтарға бейім болуы ескерілді. Бұл тізімге жұмысшы мамандықтарына сай әрі кем дегенде үшжылдық тәжірибеден өтіп, білім беру лицензиясы берілген облыстың 18 колледжі еніп отыр. Бұл колледждерде 26 мамандық бойынша 39 жұмыс біліктілігіне мамандар дайындалады. Оған талапкерлер әңгіме өткізу арқылы іріктеп алынды және оларға шәкіртақы мен бірмезгілдік ыстық тамақ және тегін жолақы берілді. Бұл мамандарды даярлау мерзімі таңдап алынған мамандыққа сай белгіленеді.
Өткен жылы қысқа мерзімдік оқумен 5118 адам қамтылды, оның ішінде 1031 адам алыс елді мекендерден қатынап оқыды.
2017 жылы облыс бойынша ең көп сұранысқа ие болған мамандықтар – ауыл шаруашылығы өндірісі бойынша механизатор, тас қалаушы, аспаз, тігінші, жүргізуші, мектепке дейінгі тәрбиеші, құрылысшы-техник, медициналық кіші қызметкер (медбике), электромонтер мамандықтары. Облысымыздағы 25 колледжде және 5 оқу орталығында сұранысқа ие болған мамандықтарға басымдық беріледі, әрі халық талабы ескеріліп отырады.
Сондай-ақ, қысқа мерзімді кәсіптік оқу орталықтарында мобильдік жүйе арқылы оқыту жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта 2 мобильді оқу орталығында, атап айтсақ, Зеренді ауданындағы Шағалалы агробизнес колледжінде және Көкшетау қаласындағы жоғары колледжде конкурстар өткізілді және мобильдік оқу орталығын ашу туралы келісім жүргізілді. Республика бойынша барлығы 8 мобильдік оқыту орталықтары жұмыс істейді.
Біздің шәкірттеріміз кәсіптік шеберлікті шыңдау конкурстарына, яғни, WorldSkills халықаралық қозғалыстарына белсене қатысып келеді. 2015 жылы №2 индустриалдық-техникалық колледждің түлегі Әділет Тәкежанов «Токарьлық іс» мамандығы бойынша Бразилияда өткен WorldSkills конкурсында жеңімпаз атанды. Ал, 2016 жылы WorldSkills бойынша ұлттық чемпионатта 16 мамандықтың ішінен біздің облысымыздың түлектері 7 жүлделі орынды жеңіп алды.
2017 жылы Астана қаласында өткізілген ұлттық чемпионатта біздің облыс өкілдері 8 алтын, 1 күміс және 7 қола медальді жеңіп алды. Бұл – республика бойынша ең үздік көрсеткіш болып тіркелді.
Жалпы, WorldSkills конкурстары бойынша өткізіліп жүрген республикалық, тіпті әлемдік чемпионаттар мен Ресей чемпионатында біздің шәкірттеріміз үнемі үздіктер қатарынан көрініп, облыс мәртебесін асырып жүр. Ондай мысалдар көптеп саналады. Оқушыларымыз сондай-ақ, шығармашылық конкурстарда да жақсы нәтижелерімен көзге түсуде. Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің оқушысы Абылай Тоқаев Италияда өткен халықаралық «Primovera Romance» конкурсында екінші орын алса, Шыңғыс Еламанов хор дирижерлерінің арасында республикалық конкурста екінші орынды жеңіп алды. Данияр Жобарысов, Бірлес Орал Астана қаласында өткен «Шабыт» конкурсының дипломанты атанды.
Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің оқушылары да халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда жоғары жетістіктерге жетуде. «Өнер – рухани қазынам!» ХІІІ Ұлттық жастар Дельфий ойындарында «Ұлттық би» аталымында «Жарқын» ансамблі екінші орынды иеленді. Айнель Тәшенова Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының стипендиясының иегері атанды.
Міне, осындай биік дәрежелі жарыстарда, чемпионаттарда үздік нәтижелерге қол жеткізуіміз облысымыздағы колледждердің сапалы білімінің арқасы деп білеміз. Болашақта облыс түлектерінің халықаралық, әлемдік жарыстарға қатысып, бақтарын сынауына көбірек мүмкіндік беріліп отыратын болады. Әрі бұл талапты шәкірттерге, жас ұрпаққа зор үлгі-өнеге болатыны айқын.
Ақмола облысының колледждері осылайша оқу-білім сапасы, тың ізденістері, жаңашылдықтарымен республикамызда ең алдыңғы қатардан көрініп, абыройымызды асырып келеді. Алдағы жылдарда да осы биіктен төмендемейміз деген сенімдеміз.

Талғат ЖҮНІСОВ,
Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар