Жаңа әдістеме әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіреді

Елімізде 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы төлемін тағайындау әдістемесінің өзгеруі қарастырылған. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға ғана тағайындалатын болады. Яғни, 63 жас – ер адамдар үшін және 58,5/63 жас – әйел адамдар үшін.

Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап жинақтаушы зейнетақы қорына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) нақты төленген мерзімі кіреді.
Егер азамат 10 жыл ғана жұмыс істеп, БЖЗҚ-ға аударымдар жасаған болса немесе мүлдем жұмыс істемеген болса, оған базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы мөлшерінде тағайындалады. Бұл – бүгінгі базалық зейнетақыға тең, яғни, 15 274 теңге. 10 жылдан астам жұмыс өтілінде әрбір жыл үшін базалық зейнетақы 2 пайызға арттырылады. Мысалы, 20 жыл қатысу өтіліне базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайы-зын немесе 20 931 теңгені, 30 жылда 94 пайызды немесе 26 587 теңгені құрайды. Еңбек өтілі 33 және одан да көп жылдарды құраса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына немесе 28 284 теңгеге тең болады.
Бұл әдіс әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіреді, яғни, адам неғұрлым ұзақ жылдар жұмыс істесе, оның зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары болады.
Жаңа тәртіп зейнеткерлікке шыққан адамдарға және болашақ зейнеткерлерге қолданылады.
2018 жылғы 1 шілдеге дейін зейнеткерлік жасындағы барлық зейнеткерлерге базалық зейнетақы қайта есептеледі. Осылайша базалық зейнетақы мөлшері оның бүгінгі таңдағы мөлшерінен кем болмайды. Зейнетақыны қайта есептеу барысында қосымша құжаттар талап етілмейді, яғни, бұл үшін зейнеткерлерге анда-мында барудың қажеті жоқ. Өйткені, еңбек өтілі туралы мәліметтің бәрі зейнетақы істерінде бар. Ал, міндетті зейнетақы жарналары түскен мерзім орталықтандырылған деректер базасындағы міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы мәліметтерден алынады, онда жинақтаушы зейнетақы қорына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары түскен айлардың жалпы саны да бар.
Мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындау әдістемесінің өзгеруі ең алдымен зейнеткерлердің проблемаларын шешуге арналған. Олардың еңбек өтілі көп болуы мүмкін, бірақ, соған қарамастан, төмен немесе ең төмен зейнетақы алады. Осылайша базалық зейнетақы мөлшерін анықтаудың бірыңғай әдісін белгілеп қолдану сонымен бірге, зейнетақы жүйесіне қатысуды ынталандыру және еңбек қатынастарын ресімдеу шараларын да көздейді.
Мысалы:
• жасына байланысты зейнетақыны тағайындау кезінде, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі 26 жылды құрады делік. 1998 жылдан кейін міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған жинақтаушы өтіл зейнеткерлік жасына жеткен кезде 7 жылды құрайды. Жалпы еңбек өтілі 33 жыл. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100 пайызды – 28 284 теңгені (2018 жылға ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері – 28 284 теңге) құрайды.
• жасына байланысты зейнетақыны тағайындау кезінде, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі 15 жылды құрайды, зейнеткерлік жасына жеткен кезде жинақтаушы өтілі жоқ. Жалпы еңбек өтілі 15 жыл. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы мөлшері – 18 102 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 64 пайызы) құрайды.
Базалық зейнетақы төлемін тағайындаудың бұл жаңа тәртібі енгізілетін күнге жоғарыда айтқанымыздай, көп қалған жоқ.

Виталий ГОРОДЕЦКИЙ,
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясы» қоғамының Ақмола облысы бойынша филиалы – «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық
есептеу орталығы» департаментінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар