Береке – ынтымаққа үйір

Еліміз егемендік алған тұста Целиноград қаласында алғашқы рет Наурыз тойы өтіп, оның салтанатының артуына, қазақи төл жоралғылардың жарасымды болуына іргеде жатқан Талапкер ауылының өнерпаздары көп үлес қосып еді. Шағын болса да, дәстүрі жарасқан елдің ұландары бастаған ізгі іс бүгін елордаға айналған Астанада кеңінен құлаш жайды. Өнерлі осы өлкенің бір айтулы өкілі, Целиноград ауданының құрметті азаматы Сабыр Малғаздарұлы үшін Әз Наурыздың орны әрдайым бөлек болған.

Туған елдің қадір-қасиетін білмейтін адам бұл өмірде кемде-кем шығар. Сабыр ағамыздың беттері сарғыш тартқан еңбек кітапшасында бір ғана Талапкер бөлімшесіне жұмысқа қабылданғаны, сонда кәсібі бойынша ауыс-түйіс жасағаны турасында жазылған қысқа ақпараттар мен мөр таңбалары тұр.
Целиноград ауданының «Киров» кеңшарының №3 бөлімшесі болған Талапкерде ол алғашқыда механизатор, соңынан жүргізуші сияқты техникалық мамандықтарды меңгерген екен. Міндетті әскери борышын өтеп, жоғары кәсіби білім алған азамат әуелде зоотехник, кейін 1975 жылы Талапкер бөлімшесінің басшысы болып тағайындалады. Бұл арада Сабыр Малғаздарұлы ауыл мектебіне мұғалімдік қызметке келген Райлә есімді қызбен көңілі жарасып, өз алдына шаңырақ көтереді. Сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз жігіттің домбыра тартысы, әншілік өнері адам жанын жадыратып, көңіліне қанат бітіретінін замандастары жақсы білетін. Ауыл тойының сән-салтанатын келтіретін өнерпаз жанның жолы қашан да ашық қой.
– Мен сонау Қиыр шығыста әскерде жүргенімде үйден арнайы домбыра алдыртқаным бар, – деп еске алды жас күндерін еңбек ардагері Сабыр аға, – қазақтың күмбірлеген домбырасына қосып елге кеңінен танымал болған орыс әндерін де шырқаушы едім. Сымбатты, ақсары, әдемі жігіттің қолынан ұстаған Райлә Шәріпқызы Талапкер ауылына келін болып түскен күнінен зейнеткерлік демалысқа шыққанша бір мектепте ұстаз, оқу ісінің меңгерушісі, соңынан ұзақ жылдар бойы директорлық қызметтер атқарды. «Тас түскен жеріне ауыр» деген осы болар. Бір орында тапжылмастан жемісті еңбек еткен жандардың шаңырағынан өсіп-өніп шыққан балалары қазір өз алдарына жеке-жеке отау үй болып, әке-шешелерін сүйікті ата-әжеге айналдыруда. Үш ұл мен екі қыздан көрген немере-жиендерінің бірі студент болса, қалғандары ел қатарлы еңбек етуде. Ал, өз балаларының үлкені Қарлығашы – медицина ғылымдарының кандидаты, екінші қызы Айнаш тіл маманы, Астана қаласының белгілі қазақ тілі пәні ұстаздарының бірі. Үлкен ұлы Қадыр елорданың ішкі істер саласында жұмыс істейді, полковник шені бар. Қайыр есімді ұлы әке жолын жалғастырып, «Талапкер» шағын шаруа қожалығын өркендетіп отыр. Кенже балалары Қайрат заң жүйесінде жемісті еңбек етуде.
– Жастықтың жалынымен жүріп балалардың өскенін білмей қалыппыз, – деп күлімдейді қара шаңырақ иелері Сабыр аға мен Райлә жеңгей. – Немере балаңнан да асып кетеді екен. Олардың басы қосылған күн – біздің әулет үшін үлкен той-думанға айналады. Ауыл балаларының қалада, көпқабатты үйлер арасында өскен жеткіншектерден айырмашылығы сол, олар жастайынан еңбекпен тәрбиеленеді. Малғаздаровтардың жанұясы төрт түлік мал мен үй құстарынан бірде-бір қол үзбеген екен. Жылқы, сиыр, қой мен ешкі жайылымның қандай көркі болса, Сабыр аға жас күнінен жақсы көрген ата кәсібіне балаларын да үйрете біліпті.
– «Қолы қимылдағанның – аузы қимылдайды» деген сөздің дәлелін балалар өздері өсірген құс-жануарлардың пайдасын көрген кезден-ақ сезінді десем де болады, – деді жан серігінің сөзін қостаған Райлә апай. – Бала тәрбиесінде еңбектің алатын орны ерекше ғой. Олар сиыр түгілі, бие саууға да машықтанған. Талапкер бүгінгі жас Астанамыздың күнбатысында, тоғыз жолдың торабында жатқан құлашы кең ірі елді мекен. 2014 жылдың көктемінде лықсып келген топан судың жолын табуға кеңес берген ел үлкендерінің ішінде Сабыр Малғаздарұлының орны бәрінен де айрықша болды десек, қателеспеспіз.
«Ақылды қария – ағып жатқан дария» деген бұрынғылардан қалған сөздің мән-мағынасы жойылмағанға ұқсайды. Сол кеңесті тыңдаған Целиноград ауданында құрылған төтенше жағдайлар штабының қызметкерлері Астана іргесіндегі ірі елді мекенді аяқастынан болған табиғи қауіптен аман алып қалды сонда. Целиноград ауданының құрметті азаматы Сабыр Малғаздарұлының өмір мектебінде ұстаздық үлгі-өнеге көрсеткен қамқор ел ағалары аз болған жоқ.Солардың ішінде кісілік қасиеттерімен есте қалғаны –Молдахмет Досаев. Ақмола облысының жоғары партия-кеңес қызметтерінің тізгінін ұстаған ел ағасы өз ізбасарларының замандастарының алды болуын жіті қадағалады. Сол үміт артқан жігерлі қазақ жігіттерінің ішінде Сабыр да жүрді.
Ізгілік қашанда атадан балаға мирас болатын ерекшелік қой. Дүние мансабын елемейтін жанұяның тіршіліктегі тірегі: түсіністік, сыйластық пен бауырмалдық. Бұл адамзат қоғамын ыдыратпайтын өмірдің ең басты заңды талаптары. Алтын шаңырақтың ұрпақтары бұл қарапайым қағиданы әрқашан қадір тұтады.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар