Шағын несиенің пайдасы зор

Қай заманда болмасын тұрғындарды бірінші кезекте әлеуметтік мәселелер толғандыратыны рас. Мемлекеттің әлеуметінің әлеуеті зор болса, бұл сол елдің экономикасының да, саясатының да мықты екендігін көрсетеді.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге үлкен серпін береді деп ойлаймын. Баспанамен қамту, студенттерге жатақхана салу, салықты азайту арқылы жалақысы төмен топтарды қолдау, елді газбен қамтамасыз ету және де қарапайым азаматтар өз кәсібін бастау үшін шағын несие беруді көбейту жөніндегі мәселелер көпшілікті бұрыннан толғандырып келе жатқаны аян. Енді осы мәселелер Президентіміздің бес әлеуметтік бастамасының аясында шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Елбасымыздың бес әлеуметтік бастама ретінде жоғарыда аталған мәселелерді қамтуы жайдан жай емес. Елімізде жыл санап қаншама тұрғын үй нысандары салынып жатқанымен, олардың бағасы қарапайым халық үшін қолжетімсіз болып отыр. Сонымен қатар, өзге қалалардан немесе ауылдардан ЖОО-да оқып жүрген жастарымыз үшін де пәтер жалдап тұру бүгінгідей қымбатшылық заманда үлкен ауыртпалық. Жиырма бірінші ғасырдың талабына сай, кез-келген азаматтың істеп жүрген кәсібінен бөлек, қосымша табысы болуы керек. Міне, тағы сол секілді мәселелердің басын біріктірген Елбасының бес бастамасы халықтың әлеуетін жақсартуға игі ықпалын тигізері анық.
Кәсіпкер ретінде мені осы Үндеудегі шағын несие беруді көбейту туралы бастама қызықтырады. Әрине, елімізде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жыл сайын несие беріліп жатыр. Алайда, ол аздық етеді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмай жүргенін айта келе, Мемлекет басшысы 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл өте құптарлық жайт. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады.
Шынымен де, өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл әсіресе, ауыл тұрғындары, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді.

Олег ОРАЗАЛИНОВ,
«Саят» шаруа
қожалығының басшысы.
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар