Жүк тасымалдау: оңы мен солы

Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ерболат Ерімбеттің төрағалығымен өткізілген  дөңгелек үстелде осы тұрғыдағы маңызды мәселелер талқыланды. 

Дөңгелек үстелге мемлекеттік кірістер жөніндегі департамент, көлік прокуратурасы, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, жолаушылар және жүк тасымалымен айналысатын кәсіпорын басшылары қатысты.
 Инспекция басшысы өзінің кіріспе сөзінде жүк тасымалдаудағы қауіпсіздік шараларын сақтау аса маңызды мәселелердің бірі екенін атап көрсетті. Осы күні арнайы рұқсат құжаттарын алмастан жүк тасымалдап, заңды белден басатындар жетіп артылады. Өткен жылдың өзінде осы тұрғыда 374 әкімшілік іс қозғалған екен. Ал, салынған айыппұл көлемі 88 миллион теңгені құрапты.
Бұл мәселе инспекцияның автокөліктегі бақылау бөлімінің басшысы Динара Қазбекованың хабарламасында да баса айтылды. Ал, Көкшетау көлік прокурорының аға көмекшісі Анарбек Құзбақов жүк тасымалдау барысында заңның сақталуы, кәсіпкерлер құқының қорғалуы жайында баяндады. Мысалы, өткен жылы аталған прокуратурамен кәсіпкерлер құқығын бұзудың 4 оқиғасы анықталып, 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Бұл орайда, шараға қатысқан кәсіпкерлер де өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Мәселен, жеке кәсіпкер Владимир Свидерский жүк тасымалдауға берілетін рұқсатнама құжаттарының тым қымбатқа түсетінін айтты. Кейде астық тасыған жүк көліктері астық қабылдау кәсіпорындары алдында қаңтарылып тұратынына, басқа осындай элеваторға бару үшін қосымша рұқсатнама құжат алуға мәжбүр болатынына назар аударды.
Мұндай пікірді «СПМК-2030» кәсіпорнының директоры Аманбай Ахметов те білдірді. Оның жүк көліктері «Енки» кірпіш зауытына шикізат тасиды екен. Ол бір жолғы жүк тасымалына шамамен 23 мың теңге төлем төлейтініне, ал, шикізат тасу құны одан әлдеқайда төмен екеніне қынжылыс білдірді.
Жүк тасымалдау жөніндегі ережеде жолдарға түсетін көлік белдігі жүктемесінің де уақыт талабына сай еместігі айтылмай қалмады. Кәсіпкерлердің дені заман өзгеріп, техникалық прогресс жедел дамыған тұста жаңадан салынатын жолдарға да жаңа талаптар қойылуы керектігін жеткізді. «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы облыстық филиалы басшысының орынбасары Нұралы Тойымбетов өз жауабында көлік белдігіне түсетін жүктеменің неліктен 8 тонна болып отырғанының жай-жапсарын нормативтік заңнамалар негізінде түсіндіріп берді. Осы ретте, Қытайда шығарылған ауыр жүк көліктері тек кеніштегі жұмыстарға ғана арналғанын біреу білер, біреу білмес. Ал, бізде олар кез-келген жолмен жүйткіп жүр. Сондықтан, кей жолдарда көктемгі қар еру маусымында 23 наурыздан  1 мамырға, ал, ауа температурасы +25 градустан жоғары болғанда 1 маусымнан 15 тамызға дейін ауыр жүк көліктеріне жүруге шектеу қою талаптары еліміздің Көлік және коммуникация министрлігінің бұйрығына сәйкес, былайша айтқанда, жолдарды күтіп ұстауға байланысты туындап отыр.
Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ерболат Ерімбет мұндай дөңгелек үстелді өткізудің басты мақсаты кәсіпкерлердің пікірлерін тыңдап, оған тиісінше шара қолдану екендігін жеткізді. Өйткені, бір ғана жүк тасымалдау мәселесінде қаншама сауал туындап отыр. Сондықтан, мұндай өзекті мәселелер тек кәсіпкерлердің өздерімен көтерілгенде ғана шешімін табатын болады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар