Некені «Онлайнмен» де тіркеуге болады

Ақпараттық-инновациялық технологиялардың көмегімен халыққа қызмет көрсетудің арқасында некеге тұру өтінішін Интернет желісі арқылы беріп, некені электронды түрде тіркеуге болады. Аталған өтініш www.egov.kz электронды үкімет порталында толтырылады және онда некеге тұратын тұлғалар туралы мәліметтер, сондай-ақ, заңнама талаптарына сәйкес басқа да ақпараттар қамтылады. Ол үшін өтініш берушілердің электрондық цифрлық қолтаңбалары болуы тиіс.

Аталмыш қызмет Қазақстан Республикасының барлық аумағында іске асырылады және ол АХАТ саласына қатысты қызметтерді азаматтардың тез әрі ыңғайлы алуы үшін жасалған.
Некеге онлайн режимінде тіркеуді, тек бірінші рет некеге тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары ғана қолдана алады. Осылайша мекемеден, үйден немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ, сонымен бірге, жер шарының қай түкпірінде отырсаңыз да некеге тұру туралы электронды өтініш бере аласыздар. Некені тіркеуге арналған онлайн өтінішті некеге тұрудың жоспарланған датасына дейін бір ай бұрын береді, егер бір айдың өту мерзімі демалыс күнімен сәйкес келсе, онда жақын арадағы жұмыс күніне ауыстырылады. Өтінішті толтыру рәсімі өткеннен кейін қызмет алушылар АХАТ қызметінен өтінішті қабылдағандығы туралы хабарлама алады.
Порталда мемлекеттік қызметті көрсету, яғни, некеге тұруды (ерлі-зайыптылықты) тіркеу датасын белгілеу туралы хабарламаны алу мерзімі 1 жұмыс күнін құрайды. Мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі ретінде қызмет алушының порталдағы «жеке кабинетіне» электронды өтініштің қабылданғандығы және некені мемлекеттік тіркеу датасының белгіленгендігі немесе бас тарту туралы хабарлама электронды құжат түрінде жолданады.
Некеге тұруды тіркеу үшін алынатын бір айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі мемлекеттік баж салығын төлеуді электронды үкіметтің автоматтандырылған төлем шлюзі жүйесі арқылы жүзеге асыруға болады. Мемлекеттік қызметтің ақысын төлеу үшін некеге тұру рәсімі тіркелетін АХАТ органы қарайтын қаланың немесе ауданның салық органын таңдауы қажет.
Электронды сұрау салуды қабылдау қызмет алушының «жеке кабинетінде» іске асырылады. Құжаттар қызмет алушының ЭЦҚ куәландыратын құжаттарының электронды көшірмесі түрінде ұсынылады. Қызмет алушы мемлекеттік қызметті портал арқылы электронды түрде ЭЦҚ болған жағдайда және қызмет алушының ұялы байланыс операторлары ұсынған абоненттік нөмірі порталдың есептік жазбасына тіркелген немесе қосылған болса, бір реттік парольді қолдану негізінде ала алады.
Қызмет алушылар мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі мен деңгейі туралы қосымша ақпаратты 1414, 88000807777 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуларына болады.
Әмина РАХЫМОВА,
Көкшетау қаласының
азаматтық хал актілерін
тіркеу бөлімінің бас маманы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *