Ұяттан өртене жаздадым…

Вокзал. Кіріп-шығып жатқан адам көп. Күреңіткен қабырғалар қандай сұрықсыз еді…

Кезекті бір демалыс. Күн сенбі болатын. Ауылға бару үшін автобус вокзалына келдім. Ішке өте бергенімде, аяғым тайып кете жаздады. Мәселе менің қалай кіріп, қалай құлап қала жаздағанымда емес, әрине. Бірақ, табалдырықтағы қар еріп, мұз болып қатып қалыпты. Қош, жүк сөмкемді сүйретіп, кассаға  қарай бет алдым. Кезекте тұрған халық та көп екен. Бірақ, бір ғана билет кассасы жұмыс істеп тұр. Демалыс күндері вокзалға келіп-кетушілер көп қой. Сондықтан, тым құрығанда екі касса жұмыс істесе етті. Әйтеуір, әупірімдеп менің де кезегім келіп жетті-ау,  бір кезде.
– Апай, билет беріңізші, – дедім мен.
– Қайда?
– Айыртауға.
Мен билетімді алып, кассадан кетейін деп тұрғанымда артымдағы бойжеткенді әлгі кассир келіншек біраз «сыбап» алды. Бір қарағанда оңай жұмыс болып көрінгенімен, билет сатушылар күніне ондаған, тіпті жүздеген жолаушыға қызмет көрсетеді. Бұл, әрине оңай емес шығар, сондықтан, оларға да түсіністікпен қарауымыз керек. Бірақ, қоғамдық жерде жұмыс істегендіктен, сабыр сақтап, сыпайылық таныту міндет. Ал, жүйкесі жұқарған жаңағы кассир келіншек болса, қызға билетті алсаң ал, алмасаң қой деп дүңк ете түсті.
Вокзалдағы жайлылық пен  тазалық өз алдына бір әңгіме. Ішкі кейпі де тым жүдеу. Бәлкім, көкшетаулықтар вокзалдың жұтаң қалпына әбден көз үйреткен болар. Бірақ, сырт көз – сыншы. «Қонақ аз отырып көп сынайды» демекші, мұнда келетін кісі қарасы аз емес екенін жоғарыда айтып өттік.
Вокзалдың іші суық. Әсіресе, қақаған қыста мұнда автобус күтіп отыру мүмкін емес сияқты. Ғимаратқа күрделі жөндеу қажет екені көрініп тұр. Өйткені, өмір ағысы да соны талаптарды қажет етеді.  Мұнда ойын автоматтарынан басқа, заманауи техникалық құрал-жабдықтар атымен жоқ. Тек әр бұрышта сауда-саттықпен айналысатын дүңгіршелер қойылған. Олардың да жағдайы  мәз емес. Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік тауарларының бағалары  тым қымбат. Ал, олар санитарлық талапқа сай ма?  Енді автовокзалдың жертөлесі жайлы. Әсіресе, жертөледе тазалық талаптары мүлде сақталмағандықтан, жағымсыз иіс қолқаны қабады.
Автобусқа отыруға әлі бірер сағат уақыт бар. Сондықтан, қаз-қатар тізілген орындықтардың біреуіне барып жайғастым. Әрлі-берлі өтіп жатқан адамдарға қарап отырғанымда,  қасыма егде жастағы екі әйел келіп жайғасты. Ол кісілердің де әңгімесі вокзалдағы тазалық төңірегінде.
– Мынау не масқара, – деді біреуі. Ал, самайын ақ шалған әйелдің екіншісі:
 – Соны айтамын, Көкшетау әдемі қала деуші еді, вокзалы адам шошырлықтай екен, – деді. «Германияда мұндай былыққа жол берілмейді» деген сөздерді де құлағым шалып қалды.
Ұяттан өртене жаздадым. Басымды салбыратып, үнсіз отырдым. Мен де көкшетаулықпын ғой. Қанша айтқанмен, өзімізді осы ел мен жердің патриоты санаймыз. Қонақтың сөзі етіңнен өтіп, сүйекке жеткендей. Бұл вокзалға келетін кез-келген адам осындай пікірде болуы әбден мүмкін.  Сырттан келетін жолаушылар өз алдына. Тағы қанша адам бізді осылай сынамақ.  Өзімізге көршілес Қызылжардың вокзалы қандай. Тәртіп пен тазалық көзге ұрып тұр. Көріп жүрміз, іші де жып-жылы. Жолаушыларға бұдан артық не қажет.
Міне,  осыны ойлап отырғанымда менің де автобусқа мінетін уақытым келіп қалыпты. Диспетчер көлікке отырғызу басталғанын хабарлады. Ауыр ойға батып, Айыртауға бет алдым…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар