Ермак кім болған?

Кезінде қазақ даласына қырғидай тиген қанішер Ермакты кім білмейді?!. Ермактың өзі жаулап алған елді тонап қана қоймай, мұсылман дініндегілерді күшпен шоқындырғанын Ремизов шежіресінде айтылған жайлар жақсы растайды. Қолына түсірген тұтқындарды атып, асу, жазықсыз жандарды ажалға душар еткен қылышын сүйдіріп, ант алу – оның Сібірді «бейбіт жолмен» бағындыруының сиқы міне, осындай.

Орыс жылнамасында Ермак кері оралып, Вотай өзенінен өтер тұста Орта Азиядан ағыл-тегіл байлықпен сауда керуені шыққанын естігені айтылады. С.Ремизов өз шежіресінде Ермактың сол керуенді тосып алуға бел буғанын жазады. «Керуенді Көшім ханнан қорғауды бүркеме етіп, өзі тонамақ болған. Алайда, бірнеше күн ат сабылтып, керуенді таба алмай, шаршап-шалдығып, бір кішкентай аралға түнегенінде, 1585 жылдың тамызының 5-інен 6-сына қараған түні баяғыдан аңдып, ұстай алмай жүрген Көшім хан тұтқиылдан бас салады. Сөйтіп, Ермакты жанындағылармен бір түннің ішінде қырып тастайды. Жаралы болған Ермактың өзі Ертіске батып өледі».
Г.Миллер «История Сибири» кітабының 263 бетінде бұған «Но все же неизбежное возмездие за все дурное и здесь, так при этом поражении поплатились жизнью вместе своим предводителем большинство оставшихся в живых казаков, которые с Ермаком занимались на Волге разбоем и пролили столько неповинной крови» деп баға береді. Кейін Ермактың денесі 13 тамызда Епаншы жұртындағы Абалақ қонысынан 12 шақырым жерден табылады.
С.Ремизов жылнамасында атап көрсетілгеніндей, сол кезде Ермактың қарамағындағы 5 мың қолдың әрқайсысына 3 пұт қара бидай ұны, 1 пұт кептірілген нан, 2 пұт талқан, 10 пұт басқа азық-түлік, мылтық, 3 қадақ оқ-дәрі, бытыра берілген. Бұдан шығар қорытынды: Ермактың Сібірге, қазақ даласына қандыбалақ жорығын ұйымдастырған сол кездегі патша өкіметінің өзі.
Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы орталық ғылыми кітапханасынан бертін Қазан қаласында 1911 жылы басылып шыққан «Сәтбек батыр» қиссасы табылды. Оның авторы – семейлік Ақылбек Сабалұлы. Бұл поэмада да Ермак немесе Жармақ Сәтбек батырдың екі әйелі мен екі баласын, 9 қызметшісін өлтірген қанішер ретінде суреттеледі.
Көрнекті тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың «Тұлғалар тұғыры» кітабында осы жоғарыдағы жайлар барынша нақты көрініс тапқан (474-476 беттер).
Сондықтан, бүкіл өмірін қарақшылықпен өткізіп, белшесіне дейін адам қанына батқан Ермактың (Жармақтың) өз өмірі де ит өліммен аяқталды.
Шыққан тегі, заты қандай беймәлім болса, сүйегі мен моласының да қайда қалғаны белгісіз күйінде халық қарғысына ұшырады.
Әркімнің осыған көзін жеткізген тарихтың бір шынайы сабағы осы. Бүгінде елімізде кешегі құйтырқы саясат теліген Ермак атындағы қаланың атауы да жоқ. Келмеске кеткен. Тек осыны білетіндердің жүрегінде тыныш жатқан бейбіт елді шауып, тонап, әлімжеттік көрсетумен ғана болған қанды балақ қарақшының жағымсыз, озбыр бейнесі ғана қалды.

Батан ОРАЗБЕКОВ,
ішкі істер органдарының ардагері.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар