Туберкулез ауруын тежеу – басты мақсат

Қасымжан ТӘШМЕТОВ,
Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы

Бүгінгі істің жалпы жай-жапсары
Жыл сайын әлемде 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні ретінде атап өтіледі. Біздің елімізде халықты туберкулезден қорғау 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты бір бағыты болып табылады. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында да халықтың денсаулығын сақтау мәселесіне зор көңіл бөлініп отыр. Соңғы үш жылда осы саланы қаржыландыру көлемі 5,5 пайызға арта түсті. 2016 жылы туберкулезге бюджеттен 38,3 миллиард теңге қаржы бөлінсе, біздің облыста бұл көрсеткіш 1,3 миллиард теңгеге тең болды. Осының нәтижесінде соңғы он жылда Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 2,5 есеге, осы аурудан өлім-жітім 6 есеге азайып отыр. Осындай жетістік ауру-сырқау 2,4 есеге, өлім-жітім 4,6 есеге кеміп отырған біздің облыста да байқалуда.
2017 жылдың қорытындылары бойынша да облыста оң нәтижелер байқалуда. Айталық, 2016 жылмен салыстырғанда тұрғындардың туберкулезбен ауыруы 7,9 пайызға кеміп, әрбір 100 мың тұрғынға есептегенде 64,9 адамнан келді. Өлім-жітім көрсеткіші 21,4 пайызға азайып, жүз мың тұрғынға 3,3 пайызды құрады. Ал, бұдан арғы жылғы көрсеткішті атап өтсек, ол тиісінше 70,5 және 4,2 адамға тең еді.
Бүкіл еліміз сияқты Ақмола облысында да туберкулез дертін анықтау үшін халықаралық стандарттарға сай келетін осы заманғы диагностикалау әдістемелері қолданылады. Барлық облыстық, қалалық және аудандық бактериологиялық зертханаларда туберкулезді екі сағаттың ішінде жедел анықтайтын озық инновациялық лабораториялық технологиялар енгізілген. Қазақстан көптеген дәрі-дәрмекке төзімділік байқататын туберкулездің өзін тегін емдеуді қамтамасыз еткен санаулы елдердің қатарына жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) стандарты 85 пайыз болса, біз аурулардың 99,6 пайызын осылай емдей аламыз. Осы ұйымның жыл сайынғы есебіне сәйкес аталған санаттағы
ауруларды емдеу көрсеткішінің тиімділігі біздің елде әлем бойынша ең жоғары көрсеткішті, яғни, 72,7 пайызды құрайды.
Халықаралық стандарттарға сәйкес сырқаттарды стационарға жатқызып емдеуге барлық қолайлы жағдайлар туғызылған. Жыл сайын туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмектің деңгейі артып келеді. 2017 жылы бұл мақсатқа республикамыз бойынша 34,8 миллиард теңге бөлінсе, біздің облыста 60,0 миллион теңге бөлінгенін айта кету керек.
Уақытында анықталса және мұқият емделсе, адам туберкулезден толық жазылып кетеді. Біздің елімізде туберкулезді интеграциялық бақылау стратегиясы іске асырылуда. Соған сәйкес, туберкулездің микобактериясын таратпайтын және айналасына қауіп төндірмейтін пациенттер тұрғылықты жеріндегі емханаларда амбулаторлық түрде емделеді. Бұл стратегияның артықшылығы мен тиімділігі халықаралық тәжірибе арқылы дәлелденген. Біздің облыста 2017 жылы 120 науқас осылай ем қабылдады.
Жүргізілген сараптама 2017 жылы бизнес құрылымдардан, яғни, шағын кәсіпорындардан 11 адамның бойында туберкулездің анықталғанын, оның бесеуі толық емделсе, алтауының әлі ем қабылдап жатқандығын көрсетіп отыр. Туберкулезден өлім-жітім оқиғалары тіркелген жоқ. Демек, бұдан туындайтын қорытынды туберкулез бизнеске кері әсер етпейді және оның дамуына қауіп төндірмейді.

Ауруды емдеу барысындағы проблемалар
Бүгінгі күнге дейін халықтың кейбір бөлігінің өз денсаулығына ынтымақты жауапкершілігі өзекті мәселенің бірі болып қалуда. Яғни, профилактикалық байқаулардан дер мезгілінде өтпеу және дәрігерге кеш көріну түптің-түбінде емделіп, жазылуы қиын соғатын туберкулездің асқынған түрлеріне әкеліп тірейді. Сонымен бірге, кейбір науқастардың өз-өзіне жауапсыздығынан күн тәртібін бұзу, емделуден қол үзу, диспансерде немесе емханада дәрігерлерге қаралу барысында арақ ішу оқиғаларына жол беріледі. Өз денсаулығына немқұрайлы қарайтын мұндай адамдар айналасындағыларға эпидемиологиялық тұрғыда қауіп-қатер төндіретін санаттағылар болып есептеледі. Сондықтан да, біздің тарапымыздан ондай адамдарды іздеп табуға және одан әрі емдеуге бағытталған шаралар қолданылады. Мұндай науқастарды «Спутник» бағдарламасы бо-йынша емдеу ұйымдастырылып, емделуге ықпал ететін әлеуметтік көмектер көрсетіледі (азық-түлік пакеттері, автобуста тегін жүрулеріне құқық беретін жолақы билеті), ішкі істер органдарымен және жергілікті полиция қызметімен бірге әрекет етіліп, сот арқылы мәжбүрлеп емдету шараларына дейін қолданылады.

Науқастармен қарым-қатынас қаупі
Туберкулез инфекциясын жұқтырған адамдардың шамамен 10 пайызы өз өмірлерінде туберкулезбен ауырады. Мұндайда көп нәрсе науқаспен қарым-қатынасының, жақын жүруінің ұзақтығына және жиілігіне сондай-ақ, отбасылық аралас-құраластығына байланысты. Осылайша отбасы арқылы 12 адам осындай науқасқа ұрынса, оның төртеуі жасөспірім балалар, ал, сегізі ересек адамдар болып отыр.

ВИЧ пен туберкулездің өзара байланысы
ВИЧ ауруымен ауырған адамдарда ағзаның иммундық қорғаныс күші әлсірейтіндігі белгілі. Ал, бұл туберкулезге ұрынудың бірден бір жолы. Облыс бойынша жыл бойы осы екі жұқпалы аурумен бірдей ауыратын 20 пациент тіркелді. Бұлардың ішінде жеті адам жаңадан анықталып отыр. Дегенмен, туберкулез және ВИЧ-пен сырқаттанушылық деңгейі бұрынғыдан өскен жоқ. 2016 жылы бұлай 25 адам ауырса, 2015 жылы 18 адам ауырған болатын. Барлық науқастардың туберкулезге және ВИЧ-ке қарсы ем алатындығын айта кету керек.
2017 жылдың желтоқсанында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Ақмола облысында болып кетті. Олар туберкулезге қарсы күрес бағдарламасының іске асырылуымен танысты және біздің аймақтағы туберкулезді есепке алу жүйесінің сапалылығын атап көрсетті.
Қазақстан Республикасында туберкулезді интеграциялық бақылаудың ұлттық стратегиясы шеңберінде 2018 жылғы 31 қаңтардағы «Медициналық ұйымдарды қайту құру туралы» облыстық әкімдіктің қаулысымен және 2018 жылғы 28 ақпандағы «Біріктіру туралы» облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Степногорск ауданаралық туберкулезге қарсы күрес диспансері облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне қосылды. Сөйтіп, облыста туберкулезге қарсы күрес ұйымдарын орталықтандыру жолымен вертикальді интеграциялау аяқталды.

Диспансердің негізгі
жұмыс бағыттары
Туберкулезге қарсы күресте облыстық диспансер Ақмола облысы әкімінің орынбасары А.Мысырәлімова бекіткен «2018-2020 жылдарға арналған Ақмола облысында туберкулезге қарсы күрес туралы» кешенді жоспарды іске асыру жөніндегі Жол картасын» басшылыққа алуда. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен жасалған негізгі индикаторларға қол жеткізу және орындау меморандумы да ұдайы назарымызда. Жұқпалы дерттің бетін қайтаруда өз емдеу мекемеміздің 2018-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспары да жақсы көмектесуде. Облыстағы эпидемиологиялық жағдайға мониторинг, сараптама жасау және баға беру, қарастырылып жатқан шараларды бақылау мақсатында диспансердің басым жұмыс бағыттары да жоспарлы түрде іске асырылып келеді. Туберкулезге қарсы күрес мәселелерін әкімдік мәжілістері мен облыс әкімінің аппарат кеңестерінде, аудандар мен қалалардың жанындағы үйлестіру кеңестерінде, сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының отырыстарында талқылап, мәселені тұрақты бақылауда ұстау шаралары да осы жұқпалы дертпен күресте және оның алдын алуда оң нәтижелерге қол жеткізбей қоймауда. Алдағы уақытта да тиісті орындардың бәрі бұл істе осындай мүдделілік танытатындығына сенім мол.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар