Рамазанның биігі

Наурыз айының соңында сарышұнақ аяз үдеп берген. Дәл сол жылы қар да ересен қалың түсіпті. Шоқ жұлдыздай шағын ғана Қызылқайнар ауылын көбік қардың көрпесі тұмшалай қымтап, жып-жылмағай еткен. Төрт құбыла тегіс аппақ, көз тоқтатар қарасын көрінбейді. Жатаған үйлердің мұржалары ғана мимырт тіршіліктің белгісін меңзеп тұр. Ауылдастары «дәу Ақлима» деп атайтын көрші апай әлденеңе алаңдап бұлардың үйінің қорасының төбесін тесіп кіріпті. Хабар-ошарсыз жатқан соң апайдың жанашырлығының арқасында жарық дүние есігін ашқан нәрестенің кіндігі кесілген.
Әкесі Баяқ он саусағынан өнер тамған шебер адам болыпты. Ол тұста ауыл адамдары тұрмыстық құрал-жабдықтарға жарыған ба? Ауылдастары қирағанын жөндетіп, жыртылғанын бүтіндетіп алады екен. Шебер әке жалғыз тілсіз заттың ғана емес, ауылдастарының да тілін тапқан. Ешқайсысын алаламай, қолынан келген көмегін көрсетіп отырған. Сөйтіп, жұрттың алғысына бөленген. Ал, анасы Қазиза үй шаруасын ұршықша үйірген епсектілігімен қоса, халық әндерін нәшіне келтіре айтатын әнші. Ауыл үйдің той-томалағының, қызық-қуанышының ажарын келтіріп, көп көңілін көтеріп қоятын өнер иесі. Рамазанның да тәп-тәуір ән салатын қабілеті бар. Үлкен сахналарға шықпаса да, өз ұжымымыздың қызық-қуанышын әнімен әрлеп, әдемілеп жібереді.
Боранды күні туған соң Рамазанның атын әуел баста Боранбай қоямыз деп ұйғарса керек. Зейнеп әжесі қарсы болған. Өйткені, бұл әулет үшін Боранбай есімі ежелден қасиетті саналады. Арыдағы аруақты аталарының бірі паң Боранбай. Сол себепті ағайын-туыстың біраз талқылауына түскеннен кейін Зейнеп әжесі нәрестенің атын Рамазан деп қойыпты. Нәрестенің жарық дүние есігін ашуы Рамазан айымен тұспа-тұс келген.
Кішкентай сәби бұрынғының ғұрпымен әжесінің бауырында өскен. Паң Боранбай атасы туралы да осы әжесінің аузынан естіген. Сөйтсе атасы Сепе бойын жайлаған, мыңғырған мал біткен, сауда жасаған, көзі ашық, көкірегі ояу адам болыпты. Кіре тартып, ат тұяғы жететін жердің бұйымын елге, елдегі тері-терсек, жүнді сыртқа шығарып, сауданың сабасын күмпілдеткен-ақ екен. Жалғыз байлық қана бітпеген, қиын-қыстау күн туғанда ақырып теңдік сұрайтын ерлігі де болған. Ағасы Қараболаттың ұлы Бұқарды қалмақтың тұтқынынан құтқарып әкелген. Сол Бұқардан Әз, Бөгенбай би, Наурызбай, Арлан, Шамай батырлар тарайды. Тек туралы әңгіме таратқанда бұл жайды да айта кеткеніміз жөн шығар. Ата-баба жөнінде сөз сабақталса кейіпкеріміздің жаны кіреді. Содан соң өзі қазір індете жазып жүрген осы тақырыпты сүйсіне отырып баяндар еді.
Нағашы жұрты Қарашілік ауылындағы білім ошағының табалдырығынан аттаған. Қолына алғаш қалам ұстатып, әліппе ежелеткен Сыздық Теміров пен Айдарбек Сейдахметов тәрізді ұлағатты ұстаздарының нұр бейнесі жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де жадында жүр. Сол сәби санаға тылсым сыры көп тіл мен әдемі әдебиет әсерлерін сіңірген Есентемір Қазияқпаровқа мәңгілік қарыздар. Сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін арттырған да сол ұстазы.
Зейінді бала мектепте құрбыларының алды болды. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінен қамшы салдырмайтын. 1970 жылы отбасы тұрмыстық жағдайларға байланысты Красиловка селосына қоныс аударды. Бұл елді мекенде қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін білім ошағы жоқ. Сол себепті, облыстық мектеп-интернатқа орналасқан. Жалғыз өзі емес, інілері Шәріп, Ораз, Тоқпай, Рәшиттермен бірге.
Ол кезде біздің кейіпкеріміздің бағына орай облыстық мектеп-интернатта кілең сайдың тасындай мықты ұстаздар еңбек ететін. Жылқайдар Нұркеев, Сабыр Айтқожин, Кенжебай Сағындықұлы, Сайран Ерімжанқызы, Еркеш Ыбырайқызы, Ғалия Шытырманқызы тәрізді өнегесі өміршең ұстаздардың тәлімін алды. Әсіресе, тәрбиешісі Гүлжауһар Кенжеғалиеваның ықпалы зор болды. Ол кезде мектеп-интернаттың қабырға газеті шығып тұратын. Осы газетке мектеп өмірі, мектептің оқу озаттары, үлгілі оқушылар, кейбір сыныптастарының мінез-құлқы туралы үзбей жазып тұрды. Қаламы ұштала келе жас тілші республикалық «Қазақстан пионері» газетіне де шыға бастады. Бұл сөз өнерінің «сырқаты» меңдей бастаған тұс еді.
Отан алдында әскери борышын өтеп келген соң әрқилы жұмыстар істеді. Ара-арасында сол кезде Көкшетау қаласында өтіп тұратын мерекелік шерулерде диктор қызметін атқаратын. Құлаққа жағымды қоңыр дауыс ескерілмей қалмады. Табиғат сыйлаған осы бір тарту облыстық телерадиохабарларын тарату комитетіне келуге себепші болды. Ұжым басшысы Мұрат Жексенбин ағасы әуелі дикторлыққа, кейін тілшілік өнерге баулыған. Бірте-бірте кәдімгідей қалыптасып, қаламы ұшталып радио хабарларын сүйіп тыңдайтын тыңдарман қауымға есімі таныла бастады. Осы тұста елдің жергілікті радио хабарларына деген ынта-ықыласы айрықша зор болатын. Әсіресе, әдеби хабарлардың тыңдармандары көп еді. Сол ықыластың әсерінен шығар, көпшілік радио журналистерінің түстерін түстеп танымаса да, аты-жөндерін, дауыстарын жақсы білетін.
Журналистің жұмысы қауырт. Әсіресе, радио саласындағыларға тіптен қиын. Өйткені, радио материалдардың көпшілігі сұхбат жанрында. Сұхбат жүргізуің үшін кейіпкеріңді іздеп баруың керек. Осы жылдар ішінде Рамазан Баяқұлы бұрынғы Көкшетау облысының барлық шаруашылықтарын түгел дерлік аралап шықты. Табанынан таусылып, тынымсыз еңбек етуінің пайдасы да болды. Көзі қарақты журналист ел тынысын, шаруашылықтың өзекті проблемаларын танып білді.
Ел тәуелсіздік алған жылдары Рамазан Баяқұлы облыстық телерадиокомпаниясында аға редактор болып еңбек етті. Әр жұмыстың өз ерекшелігі бар. Радио журналистерінің де жұмысы қарбалас, әр материал эфирге күні бұрын дайын болуы керек. Оның үстіне кейіпкердің жанды дауысы деген бар. Оның бәрін жүйелеу, монтаждау қаншама қолбайлау. Қатар қызмет істеп жүргенде шет жағалап көрдік. Машақаты мол жұмыс. Журналист үшін жаза білумен бірге айрықша төзім, шыдам да керек. Біздің Рекең шыдамды. Қашан көрсең таспадағы дыбысты жазу машинкасымен басып, тықылдатып отырғаны. Сол отырғаны отырған. Жұмыс уақыты әлдеқашан аяқталса да Рамазан Баяқұлы тапжылмай отыра беретін. Төзіміне таң қалушы едік. Дәл осындай төзім бізге бітсе дер едік ішімізден, талай нәрсені тындырар едік.
Кейін облыс әкімшілік-аумақтық өзгеріске ұшыраған елең-алаң тұста Көкшетау қаласындағы №21 орта мектепте мұғалім болып істеді. Әуел бастағы сөз өнеріне деген, жазу өнеріне деген құштарлық тыным таптырмайды екен, 2003 жылы қолына қаламын қайта ұстаған. Енді Рамазан Баяқұлы тәуелсіз «Бұқпа!» газетінің тілшісі. Осы газетте жүргенде ел жайын, жер жайын қаузай жазды. Бұл бір тұмшаланған рухани дарияның айқара ақтарылған кезі еді ғой. Тұма бұлақтың көзін ашуға ұмтылған көппен бірге Рамазан Баяқұлы да қалам қайратын танытып, қалтқысыз қызметін сіңірді.
2008 жылдан бастап облыстық «Арқа ажары» газетіне ауысты. Өзі етене жақсы білетін экономика бөліміне. Әуелі тілші болып қабылданса, кейін бөлім меңгерушісі лауазымына көтерілді.
Экономика бөлімі кез-келген газеттің негізгі бөлімі санатында. Міндет жүгі де орасан. Қысы-жазы бір толас таппайтын ауыл шаруашылығының науқандық жұмыстары тәрізді осы саланы қаузай жазатын журналистің де жазары сарқылмайды.
Қатар жүрген қаламдас жайлы ой тербегенде тағы бір түйіп айтарымыз кейіпкеріміздің адамгершілік ажары. Жұмысқа шын берілген адамның көлденең сөз, алыпқашты әңгімеге де зауқы бола бермейді. Басында айтқанымыз тәрізді жасы алпысқа келіп қалса да жұмыс орнында қаққан қазықтай тапжылмай отыратын әуел бастағы дағдысынан жаңылған жері тағы жоқ. Қолы қалт еткен бір сәтте қалам ұстаған замандастары жайлы алқаусыз, ажарлы әңгімені бастап жіберсе, тіпті тартымды болып шығады. Тұздығы кем әзілі де бар.
Пенде ғұмырда пешенесіне жазылған жазу өнерін өзіне мұрат санаған Рамазан Баяқұлы кәсіби маман ғана емес, шаңырағының шырайын келтіріп отырған отағасы. Өзінің өкшесін басып, артынан еріп келе жатқан інілерінің ақылшысы. Ел ағасы жасына жеткен соң болар, кей-кейде баяғы радио журналисі атанып, жиі-жиі жолсапарға шығып жүрген кездегі қызықты оқиғаларды ажарлап айтып та қояды. Оның ар жағында өткен күнге деген сарытап сағыныш жатыр. Сағынып күн кешкенге не жетсін, шіркін?!

Байқал Байәділов.

Қадірлі
Рамазан Баяқұлы!
60 жас – ақыл тоқтатып, даналыққа бет бұрған ақсақал жасы. Айналаңыздағылардың бәрі Сізді тыңдап, бағалы ақыл-кеңестеріңізге құлақ асады. Отбасыңыздың әрбір мүшесі, ұжымдағы әріптестеріңіз үшін де Сіз үлгі-өнеге болып табыласыз.
Осы бір мерейтойлы жасыңызда Сізге айтар жақсы тілектеріміз аз емес. Дегенмен, сол тілектерді тыңдай отырып, өткен өміріңізді оймен шолып шыққаныңыз артық болмас еді. Спортшылар арасында «аралық мәре» деген түсінік бар. Сізге осы мерейтойыңыз алдағы көптеген бастауларыңыздың бірі болып, жақсы нәтижелерге жетелейтін мәрелерге жеткізе берсін дегім келеді. Бүгінгі қол жеткен жетістіктеріңіз болашағыңызға зор игіліктер әкелсін. Отбасыңыз аман болып, қызметте жақсы табыстарға жете беріңіз, әрбір атқан таңыңыз жағымды жаңалықтар әкелсін. Ойыңызға алған арман-мақсаттарыңыздың бәріне жетуге қажетті күш-қайрат бойыңыздан табылып, биіктерге өрлей беріңіз!
Игі тілекпен:
Нариман Төлепов,
Егіндікөл ауданының әкімі.

Біздің құттықтауымыз!

Құрметті Рамазан Баяқұлы! Сізді асқаралы 60 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Адам ғұмырының биік бір белесі болып саналатын алпыс жасқа Сіз адал еңбегіңіздің, қалам қуатын сарқа жұмсаған табиғи дарын-қабілетіңіздің арқасында мол абыроймен жетіп отырсыз.
Қасиетті Көкшенің ажарлы да базарлы, көркем суреттей айшықты, үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдер, қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген әдемі пұшпағы – Зеренді өлкесіндегі шоқ жұлдыздай шағын ғана Қызылқайнар ауылы Сіздің тал бесігіңіз. Осы бір таңғажайып табиғаттың тамылжыған бар сұлулығы өз топырағында кіндік қаны тамған перзенттерінің көкірегіне сағымдай мөлдіреп көшіп қонатын сыңайлы. Бәлкім адам бойындағы ең ізгі қасиеттер табиғат-ананың мерейлі мейірімімен бүр жарып, мәңгілікке мекендейтін болар. Сол жан сұлулығына кіршік түсірмей, адамгершіліктің ақ туын жоғары ұстап келе жатқан жанның бірісіз.
Сөз өнерін сыйлайтын қалың қауымға әуелі радио журналисі ретінде танылдыңыз. 1984 жылдан бастап облыстық телерадиохабарларын тарату комитетінде, кейін облыстық телерадио компаниясында аға редактор қызметін атқарған кезіңізде өлкеміздің барлық елді мекендерін аралап шығып, жай ғана аралап қоймай, ел ішіндегі елеулі дүниелерді, сол заманның айтулы тұлғаларының үнін, жүрек сөзін, арманы мен мұратын, мақсаты мен межесін, қарапайым еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін таспаға түсіріп, сұхбат құрып, эфирге шығардыңыз. Қара ормандай қалың елге таратып, тәмам жұртты құлағдар еттіңіз. Жақсы істерге жұмылдырып, ұлы мұраттардың ұйытқысы болар аталы сөзді айта білу де кез-келгеннің маңдайына жазыла бермейтін бақыт.
Көкше өңіріндегі тәуелсіз «Бұқпа!» газетінің тігінділерінде де Сіздің қаламыңыздан туған талай дүниелер жатыр. 2008 жылдан бері облыстық «Арқа ажары» газетінде қызмет етіп келесіз. Оқырмандарыңыз Сіздің қаламыңыздан туатын дүниелердің негізгі тақырыбы – экономика, шаруашылық мәселелері екендігін жақсы біледі.
Тұла бойыңыздағы туа біткен еңбекқорлық, тындырымдылық тәрізді қасиеттер Сізді ерекшелендіріп тұрады. Ел таныған еңбегіңіздің арқасында ұжымда да, он сан оқырман қауым тарапынан да өзіңізге лайықты құрмет пен қошеметке бөленіп келесіз.
Алдағы уақытта Сізге мықты денсаулық, отбасының амандығын, шығармашылық табыс тілейміз.
Ізгі ниетпен,
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар