Кеңес Одағының Батыры, жазушы-ғалым, академик Мәлік Ғабдуллин

Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Қойсалған ауылында дүниеге келді. 1935 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін Отан алдындағы әскери борышын өтейді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанды. Генерал И.В.Панфиловтың 8-гвардиялық дивизиясында аға политрук болып, жауға қарсы шайқастарға қатысты. Мәлік өз ерлігімен Мәскеуді қорғауда жарқырап көзге түсті. 1942 жылы Новгород облысы Холм қаласының маңында болған ұрыста қазақтың ержүрек ұланы басқарған сарбаздар жаудың екі танкісін гранатамен жарып, 12 солдатын тұтқынға алды. Мәліктің өзі жараланса да, ұрыс даласынан кетпеді. Осы көзсіз ерлігі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1943 жылдың 30 қаңтарында Кеңес Одағының Батыры жоғары атағы берілді.
Соғыстың аяғына қарай Батыр Қызыл Армияның Саяси бас басқармасында орыс емес ұлттардың жауынгерлері арасында үгітшісі болып қызмет атқарады. Сөйтіп, Шығыстың қос жұлдызының бірі Мәншүк Мәметоваға қаза тапқаннан кейін
Батыр атағының берілуіне өлшеусіз еңбек сіңіреді. Невель қаласы үшін болған ұрыста көрсеткен ерлігі үшін қазақ қызы орденге ұсынылған екен. «Мәншүк Батыр атағына лайық, ол атақ берілмесе, мен өз Алтын Жұлдызымды беруге дайынмын» деген Мәлік оның құжаттарын қайта дайындатып, Мәскеуге алып кетеді. Содан алты ай өткенде Мәншүктің ерлігі лайықты бағаланып, 1944 жылдың 5 наурызында Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Соғыстан кейінгі жылдарда да даңқты жерлесіміздің мұндай адамгершілік, қарапайымдылық, әділдік қасиеттері туралы дерек көп. Елге келісімен Мәлік Ғабдуллин ғылыми-педагогикалық жұмыстармен белсене айналысады. 1946-1951 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтында директорлық, ал, 1951-1963 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында ректорлық қызмет атқарады, одан әрі өмірінің соңғы күніне дейін Тіл және әдебиет институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі болады. КСРО педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болып сайланады. Әдебиет саласындағы ғылыми-зерттеу кітаптарымен бірге, майдан өмірінен де бірнеше кітаптар жазады.
Қарулас інісінің майдандағы ерлігі мен өмірдегі азаматтық ұстанымын өте жоғары бағалаған тұлғаларымыздың бірі даңқты Бауыржан Момышұлы. Алматыда өзі тұрған үйі мен қызмет атқарған институтында Мәлік Ғабдуллинге арналып мемориалды тақта орнатылған. Батыр туып-өскен Зеренді ауданында мектеп пен көше аттары берілген, сондай-ақ, ескерткіші сомдалған. Астана, Алматы мен Көкшетауда көшесі бар және облыс орталығында музейі жұмыс істейді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар