Ауылдың түнгі көшесі жарық енді

Ерейментау ауданының іргесіндегі Қарасу ауылының негізгі көшесіне жарық тартыла бастағанда ауыл халқының қуанышында шек болмады. Торғай сайлау округінен сайланған Ерейментау аудандық мәслихатының депутаты Әнуарбек Айтпаев өзінің сайлауалды бағдарламасында берген уәдесінде тұрып, Қарасу ауылының көшесіне жарық тартып берді.

Халық қалаулысының айтуынша, көшеге 14 жаңа тірек қойылып, заманауи шамдар орнатылған.
– Менің сайлаушыларымның негізгі мәселесі орталық көшеде жарықтың болмауы еді. Халық қараңғы көшемен жұмысқа барып қайтатын. Әсіресе, балалар мен қарт адамдарға қиын болатын, – дейді Әнуарбек Айтпаев. Ерейментау қаласының іргесінде орналасқан Қарасу ауылы 30 жылдай уақыт жарықсыз отырған көрінеді.
– Бұл көшеге жарық тарту үшін біраз күш пен қаражат жұмсалды, –дейді Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Ерейментау 2005» ЖШС директоры Темірболат Оразақов. Бүгінде ыстыққа төзімді әрі заманауи үлгідегі шамдар орнатылған. Жалпы, ауылға жарық тарту үшін кәсіпкер әрі депутат өз қалтасынан бір жарым миллион теңге қаражат жұмсаған. Ал, ауыл тұрғындары болса, ризашылықтарын білдіруде.
– Біз бірнеше жыл бойы қала әкімі мен депутатымызға көшеге жарық тарту керектігін айтып шағымданған едік. Бүгін міне, орталық көшеге жарық тартылып, депутат өз уәдесінде тұрды. Сол үшін де ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіремін, – деді Қарасу
ауылының тұрғыны Дәурен Жанысов.
Ерейментау аудандық мәслихатының депутаты Әнуарбек Айтпаев жеке кәсіпкер ретінде де Жаңажол ауылында жаңа мешіт салып берген. Ауыл мектебіне қарайласып тұрады. Өткен жылы құны
6 миллионнан асатын балалар ойын алаңын жасатқан болатын. Кәсіпкерге алғыстарын жаудырған қарасулықтар енді теміржол өткелін жөндеп беруін өтінді. Бұл мәселе де депутаттың күн тәртібіне қойылды.

Динара ДҮЙСЕН,
«Нұр Отан» партиясы облыстық
филиалының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар