Үлескерлердің құқығы заңмен қорғалады

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңы 2016 жылдың 7 сәуірінде күшіне енген. Заң талабына орай, үлестік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамымен кепілдік беру, жобада екінші деңгейдегі банктің қатысуы, үлескерлердің ақшасын тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін тарту арқылы ұйымдастырылады.

Кепілдік беру жағдайында құрылыс салушы құрылысты дербес өзінің немесе қарызға алған қаражаты есебінен жүргізеді. Құрылыс тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорынан кепілдік алынғаннан кейін жүзеге асырылады. Бұл құрылыс салушыда қиындықтар туындаған жағдайда құрылысты аяқтауына кепілдік береді. Қор нысанның құрылысын аяқтап, жылжымайтын мүлікті үлескерлерге береді. Қордың кепілдігін алу, құрылыс салушының жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алу талап етілмейді. Тұрғын үй құрылысын ұйымдастырушы бұл жоба үшін уәкілетті компания құрады.
Келесі әдіс екінші деңгейдегі банк-тер арқылы қаржыландырылады. Бұл бағытта құрылыс салушы жоба үшін құрған уәкілетті компанияның сәйкес келуіне қойылатын талаптардың тізбесі көзделген. Банкпен жобаны аяқтау үшін жеткілікті соманы қаржыландыру жобасы мақұлданғаннан кейін құрылыс салушы және құрылған уәкілетті компания жергілікті атқарушы органға үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алу үшін жүгінеді. Банк берген қаржыны инжинирингтік компаниямен расталған тұрғын үй ғимаратының қаңқасы тұрғызылғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Үшінші әдіс үлескерлердің қаражатын тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін тарту мүмкіндігін көздейді. Құрылыс салушы және уәкілетті компания жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алады. Тек бұдан кейін құрылыс салушыға объектінің құрылысын аяқтау үшін шарттар жасау және үлескерлердің қаржысын тарту құқығы беріледі. Уәкілетті компания тұрғын үй құрылысын аяқтау жөніндегі міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда үлескерлер уәкілетті компанияның банкроттық рәсіміне бастамашылық жасауға құқылы. Барлық үш тетікте тұрғын үй құрылысына үлескерлердің ақшасын тарту тек қана бекітілген нысандағы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт негізінде рұқсат етіледі.
Осы Заңмен бекітілген талаптарды бұза отырып, тұрғын үйдің құрылысы үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тарту жөнінде жүргізілген мәміле (алдын ала шарт, ниет шарт) жарамсыз деп танылады. Осы Заңның күші мемлекеттік сатып алуларға, кепілдік беру қорын қоспағанда, акцияларының бақылау пакетіне тікелей немесе жанама түрде мемлекет иелік ететін заңды тұлғалардың тұрғын үй құрылысына немесе құрылыс ұйымдарына нысанды пайдалануға бергенге дейін құрылыс объектісіндегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды өткізу құқығынсыз инвестициялауға, салынып жатқан тұрғын үйдегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды ол пайдалануға берілгенге дейін жеке және заңды тұлғаларға сату (талап ету құқықтарын басқаға беру) құқығынсыз салынып жатқан тұрғын үйдегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды заңды тұлғалардың ғана сатып алуына, шағын қабатты құрылысқа байланысты қатынастарға қолданылмайды.
Қазіргі уақытта Ақмола облысының аумағындағы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысатын субъектілердің «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы нормаларының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Ақмола облысы әкімдігінің 2017 жылғы 31 шілдедегі №А-8/334 қауылысымен Ақмола облысы бойынша тұрғын-үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Василий Крылов жетекшілік етеді. Комиссия құрамына әкімдікке ведомстволық бағынышты мемлекеттік органдарының, прокуратура және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері енгізілді. Комиссия отырыстарының шектеуінде үлескерлердің қаражатын заңсыз тарту, үлестік қатысу нысандары бойынша жарнаманы заңсыз орналастыру, сондай-ақ, басқа да үлестік құрылыс мәселелері қарастырылады. 2017 жылғы қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ведомствоаралық комиссияның бес отырысы өткізілді.

Қайрат ҒАБДУЛЛИН,
облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар