Ұжым мүшелерінің әлеуметтік жағдайы тұрақты назарда

Машина жасау саласы кәсіпорындарының іргелісі болып саналатын «Тыныс» акционерлік қоғамында еңбек өнімділігін арттыру үшін еңбеккерлерге жан-жақты жағдай жасалған. Мұнда сегіз жүзге жуық адам жұмыс істейді. Барлық еңбеккерлер кәсіподақ мүшесі. Еңбек етуге қолайлы жағдай жасау, қосымша әлеуметтік кепілдік пен жұмысшылардың еңбекақысын төлеу бойынша жұмыстар атқарылуда. 2017-2019 жылдарға арналған ұжымдық келісім-шартқа қол қойылып, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың тіркеуінен өтті. Зауыттағы әлеуметтік саясат жыл өткен сайын жақсарып, әлеуметтік пакеттің көлемі ұлғайып келеді. Жыл сайын зауыт еңбеккерлерін сақтандыру келісім-шарты жасалады. Жұмысшылар жеке басты қорғайтын құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Олар медициналық тексерістен өтеді. Денсаулыққа зиянды жұмыспен айналысатындарға сүт, қосымша демалыс беріледі.

Барлық өндірістік учаскелер алғашқы көмек көрсететін медициналық аптечкамен жабдықталған. Денсаулық сақтау пункті жұмыс істейді. Өткен жылдың ұжымдық келісім-шартына сәйкес, техника қауіпсіздігі мен еңбеккерлердің денсаулығын сақтауға, еңбекақыны көбейту бағытында еңбекақы жүйесін оңтайландыруға 310 миллион теңгеден астам қаржы төленді. Жеңілдіктің барлық түрі мен өтемақы, еңбекақының индексі, еңбек демалысына қосымша күн қосу тәрізді зауыт еңбеккерлері мен олардың отбасы мүшелерінің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған өзге де көптеген шаралар жүзеге асырылды. Зауыт асханасындағы түскі асты арзандату үшін барлық еңбеккерлерге күн сайын 150 теңге бөлінеді. Өткен жылы бұл мақсатқа 8,5 миллион теңге жұмсалды. Токарь, слесарь, фрезеровщик, электрмен дәнекерлеуші сияқты жетекші мамандықтың шәкірттеріне жұмыс берушінің қаржысы есебінен күн сайын 300 теңгенің түскі асы беріледі. Декреттік демалыста жүрген әйелдерге ең төменгі еңбекақы мөлшерінде сәбиін күту бойынша ай сайын жәрдемақы төленеді. Бұл төлемақы өткен жылы 6 миллион теңгені құрады. Әр жас отбасының үйлену тойына үш айлық еңбекақы мөлшерінде материалдық көмек беріледі.
Сондай-ақ, сәби дүниеге келгенде 100 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Зауыт еңбеккерлері балаларының қала сыртындағы балалар орталықтарында емделуіне жолдама беріледі. Жұмыс беруші жолдама құнының 80 пайызын өз мойнына алған. Сондай-ақ, зауыт әкімшілігі бала бақшаға баратын еңбеккер баласының төлемақысын 10 мың теңге көлемінде ай сайын қаржыландырады. Зауыттың әр еңбеккеріне орташа айлық еңбекақы мөлшерінде жыл сайынғы еңбек демалысында емделуге материалдық көмек көрсету қарастырылған. Бұл бағытқа өткен жылы 63 миллион теңге жұмсалды. Еңбектің
зиянды жағдайындағы еңбеккердің жұмысы және жоғары біліктілігі үшін өткен жылы 10 миллион теңге төленді.
Зауытта соңғы жылдары жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту үшін көп жұмыс атқарылды. Қазір негізгі қорға қаржы салу мен жұмысшыларды оқытудан өзге өндірісті жаңғырту және оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету қолға алынған. Жұмысшы мамандығына жас мамандарды тарту жұмысы жүргізілуде. Оқушыларды марапаттау қарастырылған. Олар зауыт асханасында тегін тамақтанады. Біздің ұжымда зауыттықтардың дәстүрі сақталып, жаңалары пайда болуда. Еңбеккерлерді мерейтойымен құттықтаймыз, зейнеткерлікке салтанатты түрде шығарып саламыз. Ата-аналарының жолын жалғастырушылар қошаметтеледі. Футбол мен волейболдан спорт жарыстары жиі өткізіледі. Оқу жылының алдында зауытта «Мектепке жол» акциясын өткізу дәстүрге айналған. Мұнда кәсіпорынның көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі. Жетекші мамандық жұмысшыларының арасында кәсіби шеберлік байқауы өткізіледі. Жеңімпаздар міндетті түрде бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады.
Сөз соңында тек қана бірлігі, өзара түсіністігі мен ынтымағы жарасқан ұжымның еңбегі жемісті болады дегім келеді. Зауыт ұжымы келешегіне сеніммен қарайды.

Надежда БАЙМЕНОВА,
«Тыныс» акционерлік қоғамы
кәсіподағының төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар