Домбыра жасап, шәкірт баулыған

Қазақтың ұлттық ән өнері мен оны сүйемелдейтін аспаптары өзінің диапазоны, әуезділігі және кең тыныстылығымен кез-келген халықтың осындай құндылықтарынан асып түспесе, кем түспейтіндігі әлмисақтан белгілі. Бұл әрине, халқымыз дүниеге әкелген небір саңлақтарымыздың арқасы. Олар кешегі заманда да аз болмаған, бүгінгі таңда да баршылық. Ұлттың ұлы мұрасын жалғастырушылар қатары ешқашанда сиреп көрмегендігін қай жағынан да үлкен ілтипатпен ауызға алуға болады.

Солардың бірі – Серік Сапарбекұлы Сәрсенбай осыдан жарты ғасыр бұрын Сандықтау ауданының Жыланды ауылында шыр етіп өмір есігін ашқан болатын. Бұл кәдімгі Ақан сері бабамыз өзінің көпке әйгілі «Балқадиша» әніне қосқан Жыланды тауы жоталарының баурайындағы ауыл. Осы бір деректің өзінен-ақ мұндай топырақта өнерді сүйген, сол өнерге шексіз беріліп, оның өрісі кеңейе түсуі жолында аянбай тер төккен жақсы-жайсаңдардың кемшін соғуы мүмкін емес дейсің. Серік те сонау бала кезінен сондай биікке талмай қанат қаққан қабілетті жастардың бірі еді. Атауы әнмен өрілген Жыланды тауының қасиеті, оның жазиралы даласындағы сал-серілердің дәурені ес біліп, есейгелі жан дүниесін әсем ән, тәтті күймен баурамай тұра алмады. Сөйтіп, сол Жыланды мектебін бітіріп, тұла бойындағы тұмса өнер шарапатымен Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық училищесіне оқуға түсті. Ал, 1987 жылы өзіндей талай өнерпаз жастарға қанат бітірген оқу орнын домбыра класы бойынша ойдағыдай тәмамдап, Кеңес әскері қатарындағы міндетті әскери борышын өтеуге аттанды.
Елден жырақта, Чехословакия жеріндегі әскери бөлімде де мәдени іс-шараларға жақын жүріп, өнерімен танылған Серіктің ойында алыс сапардан оралғанда да «қайда жұмысқа барамын?» деген сауал туындамап еді. Әуелі Сандықтау аудандық мәдениет үйінде еңбек етіп, кейін жергілікті музыка мектебіне оқытушы болып орналасты. Осылай туған ауданында мәдениет саласына өз үлесін қосып жүре берер ме еді, егер тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау тұсында сол мектеп жабылып қалмағанда…
Содан ертеңін ойлағанда есіл-дерті Көкшетау деді де тұрды. Бұл кезде Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген ағасы Қайырлы да облыс орталығына келіп орын теуіп, өнер ауылында аты шыға бастаған. Алғашқы бетте осы төңіректе ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Жанат Қасымовтың қазақ театрына актер болып жұмысқа қабылданды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде массовкада өнер көрсетуден басталған алғашқы қадамы кейін осы театрдағы ұлт-аспаптар ансамблінің белді бір мүшелігіне ұласты. Ал, 1991 жылдан күні бүгінге дейін Көкшетау қаласындағы музыкалық мектепте оқытушы болып келеді. Бұл ұлт мұрасын көзінің қарашығындай қастер тұтатын қазақтың осы бір сырбаз жігіті 27 жыл бойы тапжылмастан бір орнында халқымыздың мәдениеті мен өнері үшін шәкірт тәрбиелеп келе жатыр деген сөз. Өзі айтқандай, 1991 жылы 8 желтоқсанда дәл Беловеж пущасында Ресей, Украина мен Белоруссия басшылары КСРО-ны тарату жөніндегі келісім-шартқа қол қойған күні оқытушы ретінде алғаш осы мектептің табалдырығын аттаған екен. Арада сегіз күн өткенде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланды. Олай болса, біздің кейіпкеріміз өзі сүйген осы бір кәсібі арқылы тәуелсіздігіміздің мұратына да қалтқысыз қызмет етіп келеді деуімізге әбден болады.
Мұны Серік ініміздің өз ісінде қол жеткен жетістіктері де айқын дәлелдей түскендей. Осы уақыт аралығында алдынан жүздеген шәкірттері өнер атты тылсымға абыройлы қанат қақты. Олардың бірі кейін колледж, консерватория не академияны бітіріп, осы салада өз жолын тапты. Сөйтіп, есімдері елімізге, облысымызға белгілі мәдениет қайраткерлері атанды. Біразы өзі сияқты ұстаздық жолды қалап, музыкалық оқу орындарында, жалпы білім беретін мектептерде сабақ беруде. Яғни, жас ұрпақты өнер өріне жетелеп, ән-күйдің сырлы сазына бойлатуда. Егер әр нәрсені өз орнымен бағалай білсек, азамат үшін бұдан асқан мерей бар ма?!
Ал, енді «шәкірттің де шәкірті бар» демекші, олардың арасында Серіктің инемен құдық қазғандай ұлан-ғайыр еңбегімен жүзден жүйрік озғандарының өзін атасақ, аты-жөндері біраз жерге барып қалары ақиқат. Айталық, домбыра класында бірнеше жыл жеке өзінен дәріс алған Руслан Баймурзинді 8-9 жасында алдына әжесі қолынан жетектеп алып келіп еді. Сол Руслан бүгінде Елордамыздағы «Астана Опера» балет және опера театры оркестрінің белді дирижері. Ара-тұра Кенжебек Күмісбеков атындағы Ақмола облыстық ұлт-аспаптар оркестріне де дирижерлік етіп кетеді. Ал, мұның бәрі бір кезде біз айтып отырған ұстаз қолынан шанаққа саусақтың өзін дұрыс қоя білуден, ә дегенде домбыраның әліппесін үйренуден басталған. 2000 жылы осы шәкірті музыкалық мектептер арасында өткен республикалық конкурста күй тартудан бас жүлдені жеңіп алғанда-ақ келешегінің мол екендігі жазбай танылған-ды.
Мәлика Тәкенованы атасы, есімі елімізге белгілі әнші-сазгер, ақын Иран сал Тасқараның «осы баладан бір нәрсе шығарып бер» деп алып келгені де күні бүгінгідей есінде. Кейін ол шәкірті де республикалық мектепаралық конкурстың лауреаты атанып, мерейін тасытты. Нұржан Сағынай болса, көпке белгілі «Оқжетпес» дуэтінің әншісі Ерлан Ахметовтың ұлы. Алдынан бес жыл дәріс алды. Сол еңбегін ақтап, 2011 жылы Польшаның Бельский-Биала қаласында барлық өнер түрлерінен өткен халықаралық конкурста домбыра номинациясы бойынша бас жүлде – Гран-Приге ие болды. Сол шәкірті шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» конкурсында өнері одан әрі ұшталып, жүлделі үшінші орынды иеленсе, жуырда тағы да Алматыда өткен Кенен Әзірбаев атындағы конкурста күй тартудан бірінші орынды жеңіп алып, олжалы оралды. Көкшетауда өзінің ұлтына, халқына жанашырлық қырларымен ел есінде қалған арда азамат Амангелді Жақыпбековты кім ұмытар?! «Орнында бар оңалар» дегендей, осы кісінің немересі Серік Амангелді де 2013 жылы Германияда өткен үлкен халықаралық конкурста қазақтың күй өнерін шетелге паш етіп, лауреат атағымен қуантты.
Үздіктер қатарындағы тағы бір шәкірті Юрий Кочетыгов – орыс баласы. Бірақ, домбырадан күй төккенде қазаққа бергісіз. Ол да домбыра класы бойынша «Астана-Мерей» конкурсының дипломанты. Облыста, одан қалды, Петропавл қаласындағы аймақаралық байқауда бірінші орынды елшілеген Әлішер Байғабылов туралы да айтпай кетпей болмайды. 2006 жылы күй өнерінен облыстық сайыста бірінші, республикалық байқауда үшінші орындарды жеңіп алған Абзал есімді тағы бір талантты шәкірті бар болатын. Бірақ, өкінішке орай, кейін өнер жолын қумай кетті.
Міне, өнер жолында осынша дарынға қанат бітірген Серік Сапарбекұлы облыстың мәдени өміріндегі бас көтерер іргелі өнер ұжымдарының бірі – К.Күмісбеков атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің де негізін қалаушылардың әрі осы оркестрде алғашқы болып өнер көрсетушілердің бірі. Оның халқымыздың киелі аспабы – домбыраны бүге-шігесіне дейін еркін меңгерудегі шеберлігі, музыка әуенін жарты ырғағынан түсінетін ішкі сезімталдығы мен түйсігі қол астында дәріс алатын талай шәкірттеріне осылай құт болып дарыған.
Ал, енді домбыраны осынша меңгерген жанның сол аспапты, жалғыз оны емес, қазақтың қобызын, сазсырнай, жетігенін, ұрмалы аспаптар – дауылпаз, даңғыра, кепшікті, оркестр үшін контрабасты да қолдан жасайтын кәнігі шебер екендігі қалай сүйсінтпес?! Бұл – 1993 жылы домбыра жасаушылардың республикалық тұңғыш «Үкілі үміт» байқауы бас жүлдесінің иегері, Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің оқытушысы, туған ағасы Қайырлы Сәрсенбаевтың жанында жүріп үйренген қасиетті өнері. Жалпы, бұл өнер, яғни, ісмерлік немерелеріне атасы Сәрсенбайдан қонған болуы керек. Ол кісінің Ақан серінің тобында айналасын думандатып, ән-күйге бөлеп өткен асқақ өнерпаздығын, осы ісмерлігі мен зергерлігін көнекөздер бертінге дейін тамсанып айтып отырады екен.
Бұл күнде осы сабақтастықтың айғағындай, ағасы Қайырлы мен Серік, інілері Сырым, бәрі бірлесіп өнерліге өріс берген қазақтың ұлт аспаптарын жасау ісінің басы-қасында жүр. Ал, інілері Серғазы бала кезінен бастап өнердің күмістен жүзік, білезік соғу сияқты ең ауыры да айшықтысымен айналысады. Домбыраның қыр-сырын бес саусақтай білетін Серіктен енді оны жасаудың әдіс-тәсілін де суыртпақтамай отырмасақ болмайтын сияқты.
–Алдымен, көп нәрсе шикізатқа байланысты. Біз өз жұмысымызда Алматыдан, Ресейден алдыратын қарағаш, полисандра, үйеңкі, қызылағаш, шырша, жаңғақ ағашын пайдаланамыз. Өйткені, ел ақ адал маңдай тері – ақшасына алатын болған соң, біз жасап берген аспап кейін өзімізге сөз келмейтіндей сапалы болуы керек. Ал, осыны, домбыраның шешен сөйлеуі, тал бойында мін кездеспеуін қолда бар шикізат, сосын біздің жауапкершілігіміз бен шеберлігіміз шешеді.
Бір сәт осылай деп толғанған Серіктің сөзінің әрине, жаны бар. Бүгінде тапсырыс берушілерден немесе сауда орындарынан сатып алушылардан ұлт аспаптарына қойылар талап пен талғам жоғары. Ал, Қайырлы бастаған ағайындылардың бұл орайда ұлт мәдениеті үшін істеп келе жатқан жұмыстары уақыт сынынан әлдеқашан өткен. Сонау тоқсаныншы жылдардан бастап, бұлар бүге-шігесіне дейін бәрін ескеріп жасайтын небір аспаптар есімі елімізге белгілі сахна саңлақтарының да, осы киелі өнерге шындап бет қойған кейінгі жас толқынның да қолдарынан түспей жүр. Асқақ ән алыстан естілетіні сияқты, ағайынды Сәрсенбаевтардың да шеберханасынан шыққан домбыра, қобыздардың атақ-даңқы алыстарға кеткен.
Содан да болар, республика бойынша солтүстік аймақтардың жекелеген орындаушыларымен бірге, тұтастай өнер ұжымдарының қалауы осы аспаптарға түсіп жатады. Яғни, сапалы дүниелерге сұраныс та, тапсырыс та баршылық. Мәселен, Қызылжардағы Абылай ханның ақ үйін безендіріп тұрар нар қобызды Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен мәдениет басқармасы осы Қайырлы Сәрсенбаевтың шеберханасында жасатқан көрінеді. Шеттен қонақ арылмайтын тарихи орында тұратын аспаптың атына заты сай болуы керектігі түсінікті. Сондықтан, мұндағылар оны үш ай бойы шабылып, жонылуы қатты таза үйеңкіден, бет-әлпетін сүйектен жасап, терісіне түйенің, соның ішінде жас тайлақтың терісін таңдап, қалағандарынан да асырып жасап берген. Сол сияқты, Қарағанды облыстық Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар оркестріне, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарындағы осындай оркестрлерге де жасалған түрлі аспаптар қаншама! Біздің облыстық тарихи-өлкетану музейіне де кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайлар ұстаған домбыралардың, бақсылардың қыл қобызының бұрынғысынан айнымайтындай тура көшірмелерін жасап берген де осы шеберханадағылар.
Міне, шын өнерлілердің тұла бойында бүр жарып, үлкен өмір мәніне айналған өнер құдіреті деген осы болса керек. Олай болса, жерлестері алдында бүгінгі үкілі үміттерімізді өсіріп-жетілдіріп, оларды шеберлікке, жақсылыққа баулуда, оның үстіне өз қолымен халқымыздың киелі музыкалық аспаптарын жасап, сол арқылы талайды өнер өріне жетелеуде еңбегі бір төбе Серік Сәрсенбай сияқты азаматтарымызға алда да осы жаны қалап алған ісінде тек сәттілік тілейміз. Өмірде қарапайым, отбасында, өз ортасында өнегелі ұстаздың бабы келісіп, бақ жұлдызы әрдайым жарқырай берсін!
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар