ӨМІР СЫНАҒЫНА МОЙЫМАҒАН ЖАН

Жақсы ауданы – еңселі еліміздің ерен көшіне ілескен, бірге түлеп, бірге жаңарған құтты мекеннің бірі. Татулықты ту еткен тұрғындар жасампаз ауданымыздың тұтқасы болып табылады. Тарих қойнауында жатқан қилы замандарда қасиетті дала қоныс болып, түрлі ұлттардың басын қосқан ұлы мекенде достық та бар, махаббат та бар, сыйластық та бар. Бірлігі жарасқан халықтың мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі біте қайнасып кеткен. Оқ бойы озық тұрған үлгілі отбасылардың қатары да жетіп артылады. Мәселен, аудан орталығы Жақсы ауылында тұратын Смағұлова Елена Ивановна – көпұлтты әулеттің ұйытқысы. Ұлтаралық татулықтың дәнекеріне айналмас бұрын тағдыр тәлкегіне түскен әженің бізбен кездескенде айтары да көп болды…

1935 жылы Донбасс жерінде дүниеге келген Елена Ивановна балғын балалық шақтың қызығын көрмей, ерте есеюге мәжбүр болған. 1941 жылы отбасымен қуғын-сүргінге ұшырап, біздің елге жер аударылған ол жеті жасында анасынан айырылған. Жүгі ауыр жылдар қайғының қара көрпесін жамылдырмай қоймады. Қарт әже мұңға толы естеліктерімен бөліскен сәтте, көз алдыма қиыншылықтарға қарсы тұрған қаршадай қыздың келбеті келгендей болды. Санада еріксіз «Бар жазығы – ұлты неміс болғаны ма?»,–деген сұрақ туындады. Қасіреттің қаны тамған шеңгелді кезеңде жазықсыз жапа шеккен жетім бірнеше ай әркімнің босағасын паналаған. Өрімдей қыздың балалар үйіне аттануына аз уақыт қалғанда, Қима ауылында тұратын Майқұтовтар жанұясы өз қанатының астына алған. Елена өзін өзекке теппей, бауырмалдық танытқан кеңпейіл жандарға тез үйренісіп, қазақ халқының болмысына сіңісіп кеткен.
Уақыт өте келе, кәмелеттік жасқа толған жас қыз жүрек қалауымен Ақмаш деген қазақ жігітімен шаңырақ көтерді. Ұлты бөлек болса да, арманы бір ерлі-зайыптылар бақыттың дәнін бірлесе егіп, береке-бірлігі мол отбасының негізін қалаған. Ал, ең бастысы, алты баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиелеп өсіре білді. Жиырма жыл бұрын дүниеден озған жолдасын жылы сөзбен еске алған әженің жанарына жас толғанын байқадық. Әйтсе де, отағасымен бірге қажыр-қайратын қамшылап, шаруашылықтағы жұмыстарды талғамай, аянбай еңбек етті. Бүгінде құлын-тайдай тебісіп өскен балалары қуанышты сәттерде бір-бірін биік белестерге жетелеп, демеу болуда. Қазіргі таңда Елена Ивановна аяулы ана, он бес немеренің, олардан тараған шөберенің сүйікті әжесі.
Қайсар жан тағдырдың тауқыметін тартса да, күлімдеген жүзіне кірбің түсірмепті. Өткен өмірге деген өкініші туралы сөз қозғамады. Бойында қонақ десе, қоң етін кесіп беретін қонақжай қазақ халқына тән қасиеті байқалып тұрды. Көпті көрген қазыналы қарт халық мүддесі мен ұрпақ тәрбиесін, ұлттық салт-дәстүр мен идеологияны басты назарға қойып отыр. Ең қуантатыны, қазақ тілін жетік меңгерген әжейдің айтуынша, мемлекеттік тілдің тағдыры мен келешегі үшін қазақстандықтар қам-қарекетсіз қалмауы тиіс. Әжеміздің қазақ тіліне деген үлкен құрметі өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға ой салар деген ойдамыз.
Елена Смағұлова мемлекеттік тілдің жанашыры ғана емес, он саусағынан өнер тамған тігінші. Үйіндегі ұлттық нақышта тігілген заттары көздің жауын алады. Дәл қиыстырылған құрақ көрпелері тұмарша, сегіз жапырақ, басқа да түрлі оюлардан, өрнектерден құралған. Өнерлі тігінші тігісті тиісінше үйлестіріп, әсемдеп әрлеу асқан шыдамдылық пен тиянақтылықты қажет ететіндігін тілге тиек етті. Көне заманнан белгілі киелі мұраны ұмытпай, жандандырып жүрген Елена әже төсек-орындарды немере-шөберелеріне қалдырғысы келетінін айтады.
Шаттығы мен шырайы жарасқан Смағұловтар әулетінде қазақ, неміс, татар, орыс, украин және басқа ұлт өкілдері мызғымас бірлік, ажырамас туыстық жағдайда біріккен. Татулығы үстем әулеттің мүшелері «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген халық даналығын жадынан шығармайды. Олар бір-бірінің салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын, тілін қадірлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтып отыр. Түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достық, адамгершілікке толы қарым-қатынас көпке үлгі болуға әбден лайықты дегіміз келеді.
Жақсы ауылын өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып, даму барысын өз көзімен көрген Елена әжейдің сөзіне құлақ түрдік: «Мен аудан орталығында алпыс жылдан аса уақыт тұрамын. Ауыл келбеті көз алдымда қалыптасты деуге болады. Өмірімнің маңызды сәттері осы жермен байланысты. Уақыт зымырап, ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырып, немерелі-шөберелі болдым. «Күміс алқа» иегері атандым. Жақсы жері барша тұрғындардың бейбітшілік мекеніне айналды. Германияға қонаққа бірнеше рет бардым. Десе де, қазағымның дархан даласына ештеңе жетпейтініне көз жеткіздім. Бүгінде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарған. Жерлестеріміздің қуанышты табыстары жылдан-жылға арта берсін! Біз көрген қиын-қыстау заман өткен күннің қойнауында қалғанына қуанамын. Сендер бақыттысыңдар! Қолда барды бағалап, туған жерді көркейтуге өз үлестеріңді қосыңдар. Ел дамуы жолында еш аянып қалмаңдар».
«Өскелең ұрпақ тәрбиелеуде нені ескеру қажет?»,– деген сұрағымызға тыл ардагерінен мынадай жауап алдық: «Ең біріншіден, өз Отанын сүйетін рухы биік ұрпақ тәрбиелеу керек. Ұлттық құндылықтардан нәр алып өскен бала елінің тарихын, тілін, салт-дәстүрін қадір тұтады. Сонда ғана жастардың бойында туып-өскен жеріне, ертеңгі күніне деген жауапкершілік қалыптасады. Оған қоса, еріншектікке бой алдырмай, талмай еңбек етуге үйрену керек. Осы мақсатта ізденгіштік пен ішкі талпыныс серігі болу керек».
Ізінен ерген ұрпағына өнегені ұялатудан жалықпаған қарт әженің өмірлік тәжірибесі, салиқалы әңгімесі жастар қауымына үлгі болып, жігерлендіреді деген сенімдеміз. Байқағанымыздай, айналамызда өмір сүріп жатқан əр адамның тағдыры – жазылмаған кітап, түсірілмеген кино іспеттес. Әрқайсысынан тәлім алып, кез-келген сынақтан кейін жеңілдік болатынын естен шығармағанымыз абзал.
Гүлден ДӘУРЕНБЕКОВА.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар