Кәсіпкерлік саласында біраз жұмыстар атқарылуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту, мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығы, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында шағын несиелер беру жөнінде сөз болды.

Осы мәселелер бойынша сөз алған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Досхан Әміреновтың айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында Ақмола облысында елуден астам жоба жүзеге асырылып, білім және денсаулық сақтау саласында бірқатар жаңа нысандар бой көтермекші. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің тетігі арқылы жобаларды жүзеге асыру кезінде экономиканың көптеген саласы тасада қалмайды. Дегенмен, ақмолалық кәсіпкерлердің көбі мемлекеттің білім және денсаулық сақтау саласымен әріптестік орнатуды қалайды.
–Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің тетігі арқылы жүзеге асырылуы көзделген жобалар тізімі жасалды. Бұған 19,5 миллиард теңгенің 52 жобасы кірді,–деді Досхан Әміренов. –Бүгінгі таңда бұл бағыттағы келісім-шартқа жекеменшік серіктестіктері қол қойды. Сегіз жоба бойынша мемлекеттік міндеттеме қабылданды. Соның ішінде Целиноград ауданының орталығы – Ақмол ауылында 280 орындық бала бақша құрылысын жүргізу, Степногорск қаласына бала бақша салу қарастырылған. Бурабай ауданында денсаулық сақтау нысандарының құрылысын басқару жекеменшік қолға беріледі. Осы аудандағы Оқжетпес ауылында бала бақша ашылады. Сондай-ақ, Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосындағы бала бақшаның құрылысы да жекеменшіктің қолына беріледі. Мұнда үш 32 пәтерлік тұрғын үй қалпына келтіріледі. Сегіз жоба бойынша конкурс жарияланды. Бұл бағытта тұрақты жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік- жекеменшік серіктестігінің жобаларына кеңес беру мақсатында «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы жанында «Өңірлік мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің орталығы» ЖШС құрылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуынша, биылғы жылы ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда тұратын ақмолалық кәсіпкерлерге 2017-2021 жылдарға арналған тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 миллиард 63,9 миллион теңге несие берілетін болады. 2017 жылы бұл бағытта біздің өңірге 2 миллиард теңге бөлінген еді. Ақмола облысының әкімдігі несие беру операторларын анықтап, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамына 1 миллиард 185,1 миллион теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына 826,9 миллион теңге қаржы бөлді. Ол қаржы толық игерілді. Сондай-ақ, 434 шағын несие де берілді. Оның ішінде 301 стартап-жобаны несиелеудің өтініші қанағаттандырылды. 459 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жобаның әлеуметтік маңыздылығы мен шағын несие беру көлемін ұлғайту жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасын басшылыққа алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы республикалық бюджеттен 3,5 миллиард теңге қосымша қаржы бөлу жөнінде мәселе көтерді. Досхан Әміренов одан әрі Көкшетау мен Степногорск қалаларындағы кәсіпкерлік нысандарын шағын несиелеу аясында 590,8 миллион теңге бөлінгендігін айтты. Өткен айда 39 жоба бойынша 481,9 миллион теңге игерілді. Қосымша екі жоба мақұлданды. Олар жақын арада қаржыландырылады. Бағдарлама аясында 55 жұмыс орны ашылып, облыс бюджетіне 91 миллиард 450 миллион 491 мың теңге қаржы түсті. Брифинг соңында басқарма өкілдері қатысушылардың қойған сауалдарына жауап берді.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар