Тағамнан болатын аллергияны емдеу жолы

Тағамнан болатын аллергияның ауқымы кең. Оның асқазан, ішекке қатысты түрлеріне жеміс-жидектен, көкөністен болған аллергияны жатқызады. Бұл синдром жазғы маусым кездерінде аллергиялық ренитпен немесе поллинозбен ауырған пациенттердің шамамен 70 пайызын қамтиды.

Олар тамаққа құрамында аллергені бар азық-түлік өнімдерін пайдаланғанда, ауыз құрғап, мұның соңы құсу мен іш өтуіне дейін барады. Осы аллергияның өңештің қабырғаларының қабынуы немесе аллергиялық эзофагит, асқазан мен ішектің шырышты қабатының қабынуы немесе аллергиялық гастроэнтерит, тоқ ішектің қабынуы немесе аллергиялық колит сияқты түрлері азық-түлік аллергиясынан болады. Сондай-ақ, алғашқы жылдары жас балаларда байқалатын және тағамнан болатын энтероколиттік синдром өте қауіпті болып келеді. Ол белокты жоғалту арқылы өрбиді. Мұндай балаларға қателесіп, иммун тапшылығы диагнозын қояды және альбумин, тамырға берілетін антител препараттарын тағайындайды. Бұл өте жаңсақ қадам. Сондықтан, кез-келген дәрігер осы аурудың белгілеріне өте мұқият қарап, ем шараларын дұрыс тағайындай білуі керек.
Белокты жоғалтатын энтероколиттің басты себебі, сүт және сүт өнімдерін ағзаның қабылдамауы. Осының салдарынан ағзада альбуминнің жетіспеуінен иммун тапшылығының белгілері мен ісіктер пайда болады. Бұл ауруды емдеп, жазу қиын емес. Тек бұл үшін аллергияға әкеліп соққан тағамдық белокты анықтап, оны ас мәзірінен алып тастау керек. Энтероколиттік синдромның 90 пайызы сүт және сүт өнімдерінің, ал, қалған 10 пайызы етке, жұмыртқа мен сояға, басқа да кейбір тағам түрлеріне аллергиядан, яғни, төзбеушіліктен болып жатады.
Мұндайда ең алдымен, аллергені бар тағамдар ас мәзірінен алынуы керек. Егер ол сирек тұтынатын азық-түлік өнімдерінде кездесетін болса, емдеудің бірден-бір жолы ретінде элиминацияны қолданады. Элиминациялық диетаны белгілі бір мерзімге пациенттің ас мәзірінің мөлшері және азық-түлік ингредиенттерінің арақатынасы бойынша оның салмағы мен жасына сәйкес келетіндей етіп белгілейді. Ұдайы тест жүргізіліп отырады. Мәселен, сүт өнімдерін пациенттің рационынан үш жылға шектеді делік, алайда, белгілі бір уақыт өткен соң, кейде тіпті үш-төрт айдан кейін тағамдық аллергия басылады. Мұндайда осы сәтті дәл анықтап, ас мәзіріне адам ағзасы үшін өте пайдалы сүт тағамын қайта қосу керек. Бұл – адам ағзасы сүйек тініне аса қажет кальцийден тапшылық көрмеуі үшін керек. Элиминациялық диетадан басқа тағамдық аллергиядан зардап шеккен органдарды да емдеуге тура келіп жатады. Мұндай жағдайларда әр адамның өз жеке басына сай терапиялық ем және тиісті препараттар қажет болады.

Айсұлу ҚҰРМАНҒОЖИНА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау
және көші-қон комитетінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар