«Бесқонақтан» басталып, «Құралайдың салқынына» жалғасқан

Табиғаттың түрлі амалдары наурыз айынан басталады. Оңтүстікте наурыз айында аяқталатын «Бесқонақ» Батыс Қазақстан, Ақтөбе жерлерінде сәуір айында келіп жетеді. Менің бала күнімнен білетінім – «бесқонақ келді» дегенде ата-әжелеріміз ерекше мән беріп қарайтын, кәдімгі қонақ күткендей көрші-көлем, ауыл-ел болып, әр күннің өзінше атауымен ауа райы құбылмалы болатынын болжап отыратын. Соның бәрі құлағымда жатталып қалыпты. Міне, сол «Бесқонақтан» басталып, «Құралайдың салқынына» дейін жалғасатын табиғаттың ерекшеліктері туралы оқырманға жеткізгіміз келеді.

Ата-бабаларымыз «бесқонақ сәуірдің сегізінде кіріп, он сегізінде шығады» деп есептейді. Және бес алты күн әрі-бері ауытқуы мүмкін екенін айтады. Қалай болғанда да сәуірдің осы бастапқы екі он күндігінде бесқонақ ырымдауға тиіс. Ауа райы бұзылып, қарлы жаңбыр не бірыңғай жауын жауады.
Аяқ астынан күн суытып, қыс қайта оралғандай болатын кездері де бар. Осыны білетін қазақ бұл шақты «өлара» деп әркез сақ отырады. Жеңіл-желпі киініп алыс сапарға, жолға шықпайды. Малды тым ұзатып, өрістетіп жаймайды. Дегенмен, қыс пен көктемнің осындай тоғысар шағындағы ауа райының бұзылуын іштей тілейді, оны жақсылыққа жориды. Кей жылдары бесқонақ тыныш өтсе, бесқонақ биыл ырымдамады, жаз қалай болар екен? – деп алаңдайды. Көп жағдайда сол мазасыздануы бекер де болмайды. Айтқандай, жаз жауын-шашынсыз өтіп, жердің оты, астықтың шығымы бәсең болып жатады. Демек, бесқонақ – ауа райының қас-қабағын баққан қазақтың өмірден түйген сабағы болса керек.
Көктем келісімен жауын-шашынды күндер көбейеді. Соның ішінде халықтың сақтанып, қаперінде ұстайтын амалы да осы бесқонақ. Бұл күндер туралы тойдан қайтқан бес қонақ боранға ұшырап, үсіп өлген деген де аңыз бар. Жалпы, бесқонақ жайлы адамдардың пікірі сан алуан. Біреулері 5 күн деседі. Бірақ, менің білуімше, 10 күнге созылады. Оңтүстік жақта наурыз айында болады да, 21 наурызда бесқонақ шығып кетеді. Ал, Батыс Қазақстанда 8 сәуірде бесқонақ басталады, 18 сәуірде шығады. Осы кезде табиғат түрлі күйге еніп, жауын-шашын болады. Бесқонақтың алғашқы күндері құйындатып, дауылдатып, жауын-шашынды болса, ашуы алдында кетті, деп те болжайды үлкендер.
Қазақ халқы «бесқонақ», «балақ күн», «қалыс күн» деп атаған күндер бар. Көкектің (арабша – сәуір) бастапқы екі онкүндігінің ішінде бесқонақ білінуі тиіс. Бесқонақ кезінде күн райы бұзылып, қарлы жаңбыр не бірыңғай жауын жауып, аяқ астынан күн суытып, қыс қайта оралғандай болады. Қазақ бұл шақты «отамалы» деп те атаған. Қыс мезгілінің ең соңғы зәрі – жылдың төртінші айы – көкек айының қолайсыз кезі бесқонақтың шығысы. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 1-кітабында жас Абайға әжесі «бесқонақ» бес-алты күн әрі-бері ауытқуы мүмкін екенін ескертеді, деп жазылған. «Бесқонақ» – қазақ күнтізбесінің табиғатпен үндестігін нақтылай түсетін құбылыс. Күнтізбеде 365 күн болғанымен, оның бесеуі жылдың төрт маусымына кірмейтін, яғни, жылдың «қонағы» болып есептелген.
Бесқонақ жайлы халық арасында жұмбақтар мен аңыз әңгімелер де көптеп кездеседі. Соның бірі:
«Атасы мен анасы, 365 баласы,12 ауыл шамасы,
30 ор дуадақ, 5 балақ сан, 52 қарашы», –
деген қазақтың күнтізбелік жұмбағы бар. Мұның мәнісін ақтөбелік тарихшы Бекарыстан Мырзабай былайша түсіндіреді. Ай мен күнді ата-анасына теңеп, 12 айды ауылға балап, әр айдағы отыз күнді ор дуадаққа теңеген. 52 қарашы деп тұрғаны апта болса, 5 балақ сан жылдың соңында келетін күннің салқын уақыты екен. Бесқонақтан кейін келетін де бірнеше салқын күн бар. Бесқонақ сәуір айының бас кезінде келетін суық болса, «Тобылғы жарған» деген сәуірдің соңғы күндері болатын салқын бар. Ол кем дегенде бір-екі күн болуы мүмкін. Бұл күндері тобылғы салқыннан бүршік жарады. Сәуір айы аяқталып, мамыражай мамыр келгенімен табиғат тосын мінезін көрсетуден жалыққан емес.
Мамыр айының бас кезінде болатын «Қызыл жұмыртқа» деген де салқын бар. Бұл кезде құстар балапандарын шығара бастайды. Ол оңтүстікте сәуірдің соңғы күндері, ал, біздің жақта мамыр айының бас кезінде болатын салқынның түрі.
Құстар жұмыртқалап болған соң, «Қызырдың қамшысы» келеді. Бұл да мамыр айының ішінде болатын суық. «Қызырдың қамшысы» шартылдап жатыр. Суық кетіп, күн жылынады деген сенім бар қазақта. Бұл кезде де ауа райы салқындап, жаңбыр жауып, күн күркірейді. Қызырдың қамшысынан соң, мамырдың жиырмаларында «Құралайдың салқыны» келеді. Бұл кезде киік лағын өргізеді. Күн салқындап, жауын-шашын болады. Бұдан кейін қар жауып, салқын болмайды. «Құралай» біткен соң, жадыраған жаз келеді.
Сонымен, бесқонақ байырғы қазақ күнтізбесінде қолданылып келген, жыл айларынан тыс алынатын бес күн болды. Нақтырақ айтсақ, біздің заманымыздан бұрынғы мыңжылдықта Мысырда 360 күннен кейін қосылатын 5 күнді құдайлар атымен Гор, Сет, Осирис, Исида және Неф-
тида деп атаған екен. Ал, ежелгі парсы күнтізбесінде қосалқы 5 күн «фәнджи» немесе «андаргах» («ұрланып кіретін» не «кетікті толтыратын») деп аталған. Ежелгі соғда мен Хорезм күнтізбелерінде де қосалқы күндер болған екен. Сондай-ақ, Жапонияда сакура гүлдеп, бозторғайлар ән салып жатқанда, бізге бесқонақ келіп, соңы құралайдың салқынына ұласып жатады. Қазақта осынау ауа райының науқанын «амал» деп бір ғана ауыз сөзге сыйғызып атайды.
Тағы бір айтарымыз, бесқонақ – бұл ескі күнтізбе бойынша ескі айдың соңғы бес күні, жаңа айдың алғашқы бес күні қосылып 10 күнді құрайды. Сондықтан, бес ескі, бес жаңа деп те аталады. Бұл жылда қайталанатын табиғи құбылыс. Баяғыда «осы күндердің ішінде ерте көктемнің кезі деп қаннен-қаперсіз бір ауылға қыдырып шыққан 5 қонақ жаяулатып, жазға бергісіз бір күндері рахаттанып, 5 күннің ішінде жетеді екен. Олар сол ауылда қонақ болып, 5 күн жатқаннан кейін қайту керек болады. Дәл сол күні күн кенеттен борап, ауа райы күрт өзгереді. Жаңағы ауылдың адамдары оларға қала тұрыңдар десе, оны тыңдамай тағы 5 күн жолға шығады екен. Сөйтіп, бес қонақ суыққа ұрынып, үсіп өліпті» немесе ертеде 5 адам жолаушылап сапарға шығып бара жатып, күн бұзылып, астындағы аттары өліп, өздері әупірімдеп аман қалыпты», деген де ел аузында аңыздар бар. Осыдан кейін «Бесқонақ» атауы қалған екен деседі. Сонда қазіргі «Бесқонақ келеді» 5 күн болады, 5 күн қайтады, деген бесқонақтың халық аңызы осындайдан қалса керек. Бесқонақтың дауылынан кейін қаратамақ, сарышымшық торғай келеді.
Міне, қыстың ұзаққа созылуын қазақ халқы өз «гидрометі» арқылы осылай болжаған. Бұл «бесқонақ» еліміздің басқа өңірлерінен гөрі батыс халқында жақсы сақталған. Қазіргі кездегі еліміздегі құбылмалы ауа райы осы айтылған мәліметтермен сәйкес келуде. Ауа райының осындай құбылмалы болуына қарамастан, халықтың бәрі «бесқонақ» ырымдаса екен, деп күтіп отырғаны дұрыс. Сонымен бірге, адамдар сәуір айының 18 жұлдызына дейін жылы киімдерін жинап тастамауы, жеңіл киіммен сапарға шықпағаны абзал. Қыс пен көктемнің өзара тоғысар тұсы – «Бесқонақ» (өларада) қыстың қайтадан қаһарына мінетін кезін қарияларымыз жақсы біледі. Дегенмен, сақтық шараларын естен шығармай, алысқа жол жүрерде қауіпсіздік қағидаларын ескерген жөн.
Жоғарыда айтқанымыздай, «Құралайдың салқыны» 28 мамырдың шамасында келеді. Бұл киіктің лағын өргізетін кезі. «Киіктің құралайындай» деген сүйкімділік ұғымы да осыдан келіп шыққан. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.
Қайран, көнекөз қарияларым-ай, сәуірде қатты жел соға бастаса болды, шаңнан көзін қыса түсіп: «Бесқонақ па, келіп қалған?», – деп жататын. Алайда, оның сырын бүгінде көбіміз біле бермейміз.
«Сәуір болмай тәуір болмайды», «Бесқонақ келмей, жаз болмас» деген қанатты сөздер де бекерге айтылмаса керек. Олай болса, «Бесқонақтан» басталып, «Құралайдың салқынына» жалғасқан «амал» күндеріміз келер күнге мол ырысын ала келсін!

Асылай Қадырқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар