Жайдары жыл басы

Өңір басшысы Сергей Кулагин Ұлыстың Ұлы күні облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында Наурыз мейрамына арналған  салтанатты шараға қатысып, барша  ақмолалықтар мен меймандарды осы бір  ізгі мерекемен құттықтап, жақсылық, ынтымақ пен құт-береке тіледі.

 

«Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда», – деп мәнді сөзбен жырланғандай, қасиетті Қараөткел, көрікті Көкше жеріне де ақ түйенің қарны жарылған күн, молшылық пен ырыс мерекесі–Наурыз келіп жетті. Ағайынның осынау мейрамды асыға күткендері соншалық, бұл күні Тәуелсіздік алаңында ине шаншар жер қалмады. Бәрі бір кісідей «Тойбастар», «Шаттық Отан», «Табиғат сарыны» тәрізді  театрландырылған қойылымды тамашалағаннан кейін, облыс әкімінің құттықтауына зейін қойды.
Өңір басшысы өз сөзінде атап өткеніндей, биылғы Наурызға бүкіл елімізбен қатар, біздің облыс та белгілі бір табыстармен келіп отыр. Әсіресе, күні кеше Көкшетауда алғашқы қоныс иелері қоныстанған «Жансая» тұрғын үй кешенінің жұртшылыққа мейрам қарсаңында үлкен қуаныш сыйлағаны ақиқат. Биылғы жаңа жылымыздың Қазақ хандығының 550, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 және Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғаны да бірлік пен берекемізді, татулық пен ұйымшылдығымызды одан әрі еселей түспекші. – Еліміздегі сындарлы саясаттың арқасында тәуелсіздік жылдары біз көптеген биіктерді бағындырып, толымды жетістіктерге жеттік. Алайда, Мемлекет басшысы атап өткендей, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. «Өз табыстарымызды арқау етіп, өзіміздің мемлекеттілігімізді дамыту үшін біздің алға қарай қозғалуымыз керек» деген Елбасының сөзі әрбіреуіміздің жадымызда болуы тиіс, – деді бұл орайда, орынды түрде облыс әкімі. Қала тұрғындары мен қонақтары одан әрі концерттік бағдарламаны тамашалап, мерекеге жайылған мол дастарханнан дәм татты.  Жыл сайын құрылатын ақшаңқан киіз үйлер бұл жолы да мерекенің сәнін келтіріп, халықтың көңілін көтере түсті. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті және жекеменшік мекемелер құрған бас-аяғы оннан астам киіз үйде қариялар мен басқа да қонақтарға құрмет көрсетілді. Ал, бір топ белсенді жастар алаңға жиналғандарға бауырсақ, наурыз көже мен көктем айының белгісі ретінде жауқазын гүлдерін таратты. Жұрттың бәрі бірдей наурыз көжеден дәм татпаса да, әсіресе, «ENKI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің киіз үйі алдында домбырадан күмбірлете төгілген тәтті күй мен әсем әндер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Сол сияқты, ауған соғысы ардагерлері ұйымы құрған киіз үй жаны да үлкен-кішіге толы болды. Бұл күні көппен бірге Наурыз мейрамын тойлауға келгендердің қатарында қадірлі меймандар да көп болды. Солардың бірі – сегіз бала өсіріп, тәрбиелеген  «Алтын алқа» иегері Залтай Ақышева. Солтүстік Қазақстаннан біздің өңірдегі дүбірлі тойға әдейілеп келген бұл қарт ана да бізге  көктемнің осынау шуақты мерекесі тәуелсіз елімізге тек қана жақсылық әкелсін, жұртымыз аман болсын деген аналық тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, осы күні орталық саябаққа кіреберісте тоғызқұмалақ, қазақша күрес, тағы басқа ұлттық спорт түрлерінен, дартс, каратэден жарыстар ұйымдастырылды. Иә, Шығыс халқының ұлттық мерекесі – әз-Наурызды жаңа жылымыз келді деп шартарапқа жар салып, қанша думандатсақ та, әбден орайы келіп, жарасып тұр. Киелі сахнаға бірінен соң бірі көтерілген өнерпаздарымыздың талғамды өнерлері, талайдың делебесін қоздырған көпке белгілі  «Қара жорға» биі де күн мен  түн теңеліп, көктем күш алатын осы бір айшықты мерекенің өзгеше сән-салтанатын паш еткендей еді. Олай болса, табиғат жаңарып, жер-дүние жасара бастаған Ұлыстың Ұлы күні бәрімізге де құтты болсын!
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар