Дарынды оқушылар – ауылда

Білім айдынында жүзден жүйрік шыққан дарындылар қалада ғана емес, ауыл мектептерінде де баршылық.

Ортақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы Нұрсұлтан Орал осы қағиданы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болып өткен V республикалық «Яссауи» пәндік олимпиадасында жақсы дәлелдеп оралды. Ол осы олимпиадаға «Қазақстан тарихы» пәні бойынша қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 156 оқушының арасында «Үздік креативті жұмыс» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Сөйтіп, «Озық ойлы дарынды оқушы» дипломына және Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің гранты негізінде білім алу сертификатына ие болды.
Жеңімпаз оқушы олимпиадаға мектептің тарих пәнінің оқытушысы Ербол Бейсенбаевтың жетекшілігімен дайындалды. Осы олимпиадаға ағылшын пәнінен барған мектептің тағы бір оқушысы Әнел Сәлімова да екі кезеңнен тұратын сайыстың бірінші кезеңінен ойдағыдай өтіп, білімге құштарлығын танытты. Екі бірдей шәкіртінің осы жетістігінде сынып жетекшісі Ғалия Мұхамедиярованың да еңбегі бары анық.
Осылайша алдымен Ортақ ауылдық округінің әкімі Мархабия Ерғалиева мен мектеп директоры Анар Омароваға жеткен ақжолтай хабар ауыл ішінде тез тарап, бір-ақ күнде білім ордасының мерейін өсіріп шыға келді. Шынында, алыстағы ауыл баласының сонау киелі Түркістанда өткен республикалық олимпиаданың жеңімпазы атануы жалғыз бұл ауыл емес, әрісі аудан, облыс үшін де мерейлі мәртебе екеніне шек болмаса керек.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар