Қылмысқа жол бермеудің жолы – қылмыстың алдын алу

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыс әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиясының отырысында өткен жылдың қорытындылары шығарылып, алдағы міндеттер айқындалды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Селекторлық режимде өткен жиынға сондай-ақ, аудан және қала әкімдері де қатысып отырды. Бүгінгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл қазіргі таңда көкейкесті мәселелердің біріне айналып отыр, себебі, өмірде қиын жағдайға душар болған жасөспірімдер саны азаяр емес.
Оқушылар арасында тәртіп бұзушылықты болдырмау, тәртібі ауыр оқушылармен жұмыс жүргізу арқылы қылмыстың алдын алу бағытындағы шараларға көңіл бөлінеді. Облыста құқық бұзушылықтың алдын алуды ұйымдастыруда жоспар құрылып, сол жоспар негізінде іс-шаралар жүргізілуде. Бұл туралы жиында облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұқанов жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндамасында жан-жақты айтып кетті. Оның айтуынша, облыс бойынша полицияның есебінде 600 бұзақы және нашар отбасындағы 1 мың бала тіркелген. Жыл са-йын 3 мыңға жуық жасөспірім құқық бұзғаны үшін полиция органдарына жеткізіледі. Өткен жылы жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама өскені байқалады. 2017 жылы жасөспірімдер арасында барлығы 143 қылмыс тіркелген. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жасөспірімдер арасындағы қылмыс 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31-ден 25-ке дейін кеміген.
Жасөспірімдер жасаған құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі мүліктік сипатта. Ұсақ қылмыстар, ұрлау, тонау, денсаулығына қасақана зақым келтіру, бұзақылық, кісі өлтіру, автокөлік құралдарын ұрлап, айдап әкету сияқты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың орын алуының басты себебі – қоғамның әлеуметтік-экономикалық мәселелерімен, жұмыссыздық, жастардың бос жүруімен байланысты екендігін айтты жергілікті полиция қызметінің бастығы. Балаларға тиісті көңіл бөлінбеудің соңы қайғылы оқиғаларға әкеліп соғатыны да айтылды. Осы ретте жергілікті полиция қызметінің бастығы Бурабай ауданы мен Степногорск қаласында орын алған аса ауыр қылмыстар жайында біраз мысалдар келтірді.
– Мектептер мен колледж оқушылары арасында құқық бұзушылықтар соңғы жылдары кемігенімен, алдын алу бойынша атқарылған істерді жоққа шығаратын оқиғалар да бар, – дейді Серік Баймұқанов.
Осы мәселе бойынша Зеренді, Жарқайың, Астрахан аудандарының әкімдері мен облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов баяндады. Білім басқармасы басшысының сөзінше, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық Степногорск, Бурабай, Атбасар және Есіл аудандарында көп тіркелген. Бұл бағытта аудандық білім бөлімдері жергілікті полиция қызметі және мүдделі органдардың қызметкерлері бірлесіп, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жедел алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар, рейдтер мен акциялар, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқу орындарында түрлі үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Арнайы дәрістер оқылады. Қалалар мен аудандарда апта сайын балалардың түнгі уақытта көшеде немесе ойын-сауық орындарында жүруіне, дүкендердің кәмелет жасына толмағандарға алкогольді ішімдіктер мен темекі сатуына тыйым салу мақсатында рейдтік шаралар жиі жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар, облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұқанов күн тәртібіндегі екінші мәселе елімізде 2017-2019 жылдарға арналған құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жоспардың облысымыздың аумағында жүзеге асырылуы жайында хабарлама жасады. Өңірлердегі жергілікті полиция қызметі материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қажет етеді. Сондай-ақ, кадр мәселесі де өткір тұр дейді жергілікті полиция қызметінің бастығы.
Облыс прокурорының орынбасары Жанат Тұралинов Ақмола облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілген қылмыстың алдын алу бойынша жоспарды жүзеге асыру барысы туралы айта келе, назар аударатын кейбір жайларға тоқталды. Көкшетау қаласы әкімдігімен облыс орталығындағы көшелерде 144, тұрғын үй ауласында 30 және кіре берісінде 440 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оған қоса, бизнес нысандары 800-ге жуық камерамен қамтамасыз етілген. Дегенмен, қылмыстың алдын алуға және жедел ашуға ықпалын тигізетін бейнекамералар әлі де жеткіліксіз.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы ведомствоаралық комиссия мүшелеріне жалаң цифрларды тізіп шықпай, құқық бұзушылықтар мен қылмыстың орын алуының себебін анықтау бағытында нақты жұмыстар жасауға шақырды. Осы орайда, облыс әкімі аппаратына құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының облыстық жоспарының кешенді жобасын әзірлеу міндеті жүктелді. Оны аудан және қала әкімдері мен департамент, басқарма басшылары бұлжытпай орындауы тиіс.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар