Беларустармен тәжірибе алмасты

Жарқайың ауданының ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының делегациясы жақында жұмыс сапарымен Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласы мен астаналық облысында болып, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорындардағы сандық технологияны қолданудың тәжірибелерімен танысты.

Минск қаласында қазақстандық делегация беларустық ауыл шаруашылығы тауарларын шығаратын кәсіпорындардың қатысумен «Сандық технологияны қолданудың тиімділігі» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Беларустар өз тәжірибелерінде сандық технология арқылы ресурс пайдалануды үнемдеуге және өнім шығаруда кәсіпорын шығынын азайтуға, сондай-ақ, бәсекелестікті арттыруға болатынын дәлелдеп отыр. Сандық технологияға көше бастаған ақмолалық фермерлер үшін беларустардың тәжірибесінің пайдасы зор.
Бұдан кейін ақмолалық делегация пестицид шығаратын «Август-Бел» компаниясында болып, зауыттың орталық зертханасында, өндірістік корпусында болып, кәсіпорынның жұмыстарымен жан-жақты танысты. Сонымен қатар, сүтті-етті бағыттағы мал шаруашылығы, тұқым шаруашылығы, дәнді дақылдар және картоп пен қызылша өсірумен айналысатын «Гастелловское» акционерлік қоғамының өндіріс жұмыстарының барысын көзбен көріп, тәжірибелеріне қанықты. Қазіргі заманғы озық технологияны қолданып отырған шаруашылық өндірісі серпінді дамуда. Әсіресе, робот техниканы қолданудың арқасында еңбек өнімділігі ұлғайып, өндіріс көлемі мен өнім сапасы жақсара түскен екен.
– Ақмола облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып отыр. Оның ішінде Жарқайың ауданы аграрлы өңір саналады. Беларустар да ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөледі екен. Сондықтан, саланы дамыту бағытында бір-бірімізбен тәжірибе алмасудың маңызы зор, – дейді Жарқайың ауданының әкімі Мұрат Балпан.
Оған қоса, ақмолалықтар Минск қаласындағы ат спорты орталығында болып, осы саладағы атқарып жатқан жұмыстарымен де танысыпты. Сапар соңында ақмолалық делегация Жарқайың ауданында көткемгі тұқым себу науқанына дайындық бойынша агрокеңес ұйымдастырылатынын, оған Мәскеудің «Exact Farming» компаниясының мамандары қатыстырылатынын айта келе, беларустықтарды да осы шараға қатысуға шақырды.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар