Атбасардың құрметтісі

Төлеген Қамбатыровтың есімі Атбасар өңіріне жақсы танымал. Осы өңірде туып-өсіп, бар саналы тірлігін ауданның шаруашылығы мен экономикасын көтеруге арнаған ардагерді жұрт қатты сыйлап, қадір тұтады.

– Мен 1937 жылдың сәуірінде бүгінде Тілекей атанған, бұрынғы Ладыженка ауылында дүние есігін ашыппын, – деп бастады әңгімесін ардагер. –Бұл ауыл ертеде Столыпин реформасы кезінде қоныс аударып келген орыс шаруаларының тұрағы болған.
Төлегеннің әкесі Бимен заманында Торғайда болған Амангелді Иманов бастаған көтеріліске белсене қатысыпты. Ол атақты Кейкі батырдың жақын серіктестерінің бірі болған екен. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін большевиктер тарапынан қуғын көрген Кейкі батыр жақын серігі Бименге зияным тимесін деп оны босатады. Содан Бимен отбасымен Атбасар өңіріне қоныс аударып, Ладыженка селосына тұрақтанады. Осында екі ұлы мен екі қызы қайтыс болады. Десе де, жаңа орын құт әкеліп, кейінірек Төлеген, Серік, Қуаныш есімді үш ұл дүниеге келеді. Ауылдағы жетіжылдық мектепті бітірген Төлеген Бименұлы оқуын Ақмолада жалғастырады. Қалада туысының үйінде жатып оқып, онжылдықты аяқтаған соң Ақмола зооветеринарлық техникумына оқуға түседі. Техникумда ол кейінірек партия және шаруашылық басшылары болған Андрей Браунмен және Даут Жанғоразовпен бірге оқиды.
Техникум бітірген жас маманды Балкашин ауданына жолдамамен жібереді. Дегенмен, отбасының үлкені болған ол туған ауылына баруға сұраныпты. Бұл кезде әкесі дүние салып, анасы мен інілері қалған еді. Осылайша өзі туып-өскен ауылына келіп, еңбек жолын бастаған жас маман біраз жыл мал шаруашылығы саласында жұмыс істеді.
– Мал шаруашылығы саласының жұмысы қысы-жазы бір бітпейді. Бірінен соң бірі келетін науқандардың бәрі маңызды. Мал қыстату, төлдету, жазғы шөп қорын да-йындау сияқты науқандарды сапалы өткізу мал өнімінің көрсеткішіне тікелей әсерін тигізеді, – дейді ұзақ жылдар осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңған тәжірибелі басшы.
Туған ауылында он жылдан астам уақыт табан
аудармай еңбек етті. Осында жүріп отау құрып, шаңырақ көтерді, әке болды. Ұжымшардың бас зоотехнигі міндетін атқарған жас маман осы жылдарда шаруашылықтың бар ауыртпалығын көтере жүріп мол тәжірибе жинақтады. Өзінің қолынан іс келетін ұйымдастырушылық қабілеті зор басшы екендігін дәлелдеді. Содан болар, аудан басшылары Төлеген Бименұлына іргелес шаруашылықта директор болуды ұсынып, басшылық қызметке шақырған. Дегенмен, үйренген ауылынан кеткісі келмеген және туып-өскен жерінің шаруашылығын көтеруге өз үлесімді қоссам деген ниет оны бұл ұсыныстан бас тартуға итермелеген еді. Аудан басшылары тарапынан кейінірек тағы да дәл осындай ұсыныс түсті. Үшінші рет шаруашылық басшысы болу ұсынылғанда ол қарсы келе алмай, келісімін берді. Сөйтіп, 1972 жылы оны сол тұстағы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Кручина «Красная заря» ұжымшарының басшылығына бекітті.
Егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысатын ұжымшардың жағдайы ол келгенде нашар еді.
7 миллион сомдай қарызы бар екен. Бұрынғы ұжымшар басшысын қызметінен осы қарызы үшін шығарыпты. Ол шаруашылықты басқара алмай, жұмысты қожыратып жіберген болып шықты. Экономикасы кері кеткен ұжымшарды көтеру айтуға ғана оңай шаруа еді. Жаңа орта, таныс ешкімі жоқ. Біраз уақыт бір қазақ отбасының үйінде пәтерде тұрды. Новоалександровка аталатын бұл ауылдың тұрғындарының басым көпшілігі орыс ұлтының өкілдері еді. Қазақтардың да бәрі дерлік орыс тілділер.
Жаңа шаруашылық тізгінін ұстаған басшы алдымен нақты жоспар жасап алды. Көктемгі тұқым себу науқанын сапалы және уақытында өткізді. Сол жылы жауын мол болып, егін бітік шықты. Әр гектардан 14,5 центнерден өнім алынды. Осының арқасында шаруашылық мойнындағы қарызының жартысынан көбін жауып, біршама еңсе көтеріп қалған. Сөйтіп, ол ұжымшарды басқарған екі жылдың ішінде қарыздан түгел құтылып, таза пайдаға шықты. Мал шаруашылығы да, егіншілік те дамып, табыс молая түсті.
1973 жылы оны аудандық партия комитетіне шақырып, ауылға қандай құрылыс нысанын салғызасың деп сұраған еді. Аудан басшысына кірген төрт директордың үшеуі өндірістік нысандар салуға тапсырыс берсе, Төлеген Бименұлы мектеп салу қажет деді. Шаруашылығы қожырап, өндірісі құлдыраған ұжымшардың басшысының бұл сөзіне таң қалған аудан басшысы «неге шаруашылық нысанын салғызбайсың» деп сұраған. Бірақ, ол айтқанынан қайтпай, мектеп салғызамын деп тұрып алды. Осылайша сол жылы ауылдан екі қабатты 480 орындық типтік мектеп бой көтерді. Мектеп ғимараты біткеннен кейін көрші тұратын ұжымшардың бөлімшесі Жаңа тұрмыс ауылының балалары жаңа мектепке келіп оқитын болды.
Ол ауылдың дені қазақ отбасылары еді.
– Ұжымшардың техникалық базасы ескірген, оны жаңғыртуға қажетті ақша да жоқ еді, – дейді Төлеген Бименұлы. – Содан озат жүргізуші Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты Совет Елемесов бар, парторг пен кәсіподақ ұйымы бар, бәрімен ақылдасып Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы С.Ниязбековке хат жаздық. Арада бір ай өткенде жауап келді. Сөйтіп, Жоғарғы кеңестің араласуымен 20 жаңа комбайн мен 6 «Нива» жеңіл автокөлігін алдық.
Төлеген Бименұлы шаруашылықты он жылдан астам уақыт басқарды. Осы жылдарда ұжымшар көп жетістіктерге жетті. Артта қалған, шаруашылығы қожыраған ұжымшар Төлеген Бименұлының іскер басшылығының арқасында облыстағы ең үздік үш шаруашылықтың санатына қосылды. Ауылға жаңа балабақша, екі қабатты кеңсе салынды. 400 басқа арналған сиыр фермасы салынып, ауыл көшелері абаттандырылды. Ұжымшар басшысы болып тұрған кезінде шаруашылықты басқарудағы жақсы жетістіктері үшін «Еңбек Қызыл Ту», Ленин және «Октябрь революциясы» ордендерімен марапатталды, Қазақстан компартиясының 14 және 15-ші съездерінің делегаты болып сайланды.
1984 жылы Төлеген Қамбатыров Атбасар аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Тәжірибесі мол іскер басшы жаңа қызметінде де аянбай еңбек етіп, өңір экономикасын көтеруге күш-жігерін аямай жұмсады. 1997 жылы зейнет демалысына шықты. Жары Балайым Мағзұмқызы екеуі төрт ұл тәрбиелеп өсірді. Балалары Сағындық, Абылай, Бірлік және Нұржан «әке көрген оқ жонар» демекші түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Бәрі де отбасылы. Немерелері бір- бірімен жарыса өсіп келеді. Аудан экономикасын дамытуға елеулі үлесін қосқан ардагерге көпшіліктің сый-құрметі де ерекше. 2014 жылы ол «Атбасар ауданының құрметті азаматы» атағын алған. Үлкенді-кішілі жиындарға шақырып, үнемі төрден орын ұсынып жатады. Өмірі өнеге ақсақалдың жастарға айтар ақыл-кеңесі мен берер тәлімі де аз емес.

Өмірсерік ШАЙХИН.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар