Бурабай тарихының музейі ашылады

Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Бурабай кентінің тарихы музейі ашылады. Қайта жарақтандырылған тәлім ғимараты өңір тұрғындары мен қонақтарына курортты аймақтың тарихы және этнографиялық құндылықтары туралы сыр шертетін болады, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасы.

Бурабай кентінің тарихы музейі 1999 жылы Абылай ханның 280 жылдығына арналған мерекелік шара аясында ашылған болатын.
Қайта құрылған музей «Бурабай Даму» визит-орталығында орналасады. Келушілерге өңірдің ерте замандар мен қазіргі тарихи кезеңдерін бейнелейтін үш зал қызмет көрсетеді. Мәселен, тарих залы қазақ қоғамының шаруашылық-мәдени болмысынан мағлұмат береді. Екінші зал қазақтардың үй шаруашылығында қолданатын нақты нұсқадағы заттарымен, этномәдени және халықтық қолданбалы шығармашылық жәдігерлерімен таныстырады. Үшінші зал өңір тарихына қызығушылар мен туристерді Бурабай өңірінің тарихы мен табиғатын зерттеуге елеулі үлес қосқан академиктер мен зерттеушілердің өмір тарихынан сыр шертеді.
Музей жәдігерлерінің негізі жергілікті өлкетанушы Әмина Тұрсынбаева жинаған материалдардан тұрады. Бурабай тарихы Абылай хан және Кенесары сияқты ұлы тұлғалардың есімімен тығыз байланысты. Ұлы Отан соғысы жылдары Владимир Вернадский, Лев Берг, Николай Гамалей және басқа кеңес дәуірінің танымал ғалымдары осында тұрып, құнды еңбектерін жариялады.
Музейде сенсорлық киоскілер, LED-экрандар, моноблоктар орналастырылып, Бурабай тарихы мен этнографиясына арналған тарихи деректі фильмдер көрсетіліп, интерактивті оқулар өткізілетін болады.
Музейдің ашылуы Халықаралық музейлер күні – 18 мамырға жоспарланған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар