Білім беру саласындағы жаңғыру

Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза сияқты. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Қазіргі кезеңде жаңа жаһандық үрдістер белең алуда. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Жаңғыру да – тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс.

Бүгінде заманның ағымына қарай түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы Қазақстанның болашағын баянды етуге орай тарихи мүмкіндік туып отыр.

Жаңа жағдайлар барысында жаңғыруға-жаңаруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы болып отыр. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Әйтпеген жағдайда бәрінен кеш қаларымыз анық.

Қазақта «Білімнің жүзі жарық» деген сөз бар. Осы орайда, Елбасы білім беру саласына аса назар аударып келеді. Жолдауда білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтеру талабын алға қойып отыр. Яғни, білім беру жүйесін жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет.

Бүгінде ІТ саласының болашағы зор, қарыштап дамып келе жатқан сала екенін бүкіл әлем мойындап отыр.

Уақыт бір орында тұрмайды. Жоғары технологиялар көшіне ілесу үшін “Цифрлы Қазақстан” сынды бағдарламаның орны ерекше.

Бұл саланың маңыздылығын ұққан көптеген дамушы елдер де кеткен үлестерін түгендеу үшін қаржысын да, ресурсын да аяп жатқан жоқ.

Осы дамушы елдердің арасында Қазақстан да бар. Тәуелсіздік алып тұрақтап қалған салаларды дамытуды қолға алған кезде, жоғары технологиялар да назардан тыс қалмаған болатын. Ол кезде даму үдерісі белгілі сүрлеумен, арнайы бағдарламамен жүзеге аспағанымен, өзіндік жетістіктері де болды.

Жалпы, цифрлық технологиялардың біздің қоғамға берер артықшылықтары зор. Атап айтатын болсақ, біріншіден, сандық технологияларды үкімет органдарының қызметіне енгізсек, өздеріне де тиімді және олардың қызмет көрсету деңгейі айтарлықтай жоғарылайтыны сөзсіз. Екіншіден, қарапайым тұрғындардың сандық технологияларды меңгеруі жоғарылаған сайын қажетті ақпаратқа қол жеткізу, үкіметпен байланыс орнату жағында елеулі алға басушылықтың орын алары анық. Үшіншіден, ақпаратты алмасу мен сақтауда да біраз жетістіктерге қол жеткізерімізге күмәніміз жоқ.

Мысалы, сымсыз телефондар, желілік телеарна және т.б. осындай іс-әрекеттердің жемісі.

Ал ІТ саласы мен цифрлы технологияларды дамытуға Қазақ елі зор күш салатынын Елбасы өзінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған жолдауында баяндаған болатын.

Жолдауда мемлекет басшысы: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты»,- деп нақты болашаққа айқын бағдар берді. Бұл үшін арнайы «Цифрлы Қазақстан» бағарламасы дайындалғанын мәлімдеді.

Көпшілікті елең еткізіп, қоғамда біраз талқылауға түсіп оң көзқараспен қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағарламасының алдына қойған өзіндік мақсаттары баршылық. Олар:

Біріншіден, бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80%ға жеткізу. Екіншіден, тұрғындардың 95% цифрлы xабар таратумен қамтамасыз ету.Үшіншіден, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80% дейін арттыру.

Осындай жоғары мақсаттарды бағындыруды көздейтін “Цифрлы Қазақстан” деген бағдарламаның 4 негізгі бағыты бар.

Бірінші – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру.

Екінші бағыт– экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу.

Үшіншісі-мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру.

Төртінші – IT мамандарды даярлау.

Осы орайда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын, КМУ Даму бағдарламасының бағыттарын іске асыру, білім беру үдерісін, педагогикалық белсенділікті арттыру және оқу-әдістемелік, оқу үдерісін ақпараттық-технологиялық қамтамасыздандыру, жаңа білім бағдарламаларын жоғары сапалы оқу ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында «Үздік цифрлық білім беру ресурсы» конкурсы өтті.

Аталмыш шараға 20 кафедраның 50 оқытушысы қатысып, олардың авторлығымен 40 оқу-әдістемелік басылым электронды форматта берілді. Соның ішінде 9 оқытушы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жүлделі орындарға ие болды.

Сонымен қатар, жоғары оқу орнында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында жоспар бойынша басқа да жұмыс түрлері жүргізілуде.

Қорыта айтар болсақ, IT саласын ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бәріміз үшін маңызы зор деген ойдамын.

Ә.Әбжаппаров,

Ш.Уәлиханов атындағы

Көкшетау мемлекеттік университетінің

ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар