Қаныш Сәтпаев – дара тұлға

Жуырда Көкшетау қаласындағы №4 орта мектебінде академик, геолог-ғалым Қаныш Сәтпаевқа арналған «Қаныш Сәтпаев – дара тұлға» тақырыбында І ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Конференция мектеп директоры Гүлнәр Мәлікованың алғы сөзімен ашылып, одан кейін «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Аналар» кеңесінің төрайымы Зере Қиықова, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Баймағамбетов академик жөнінде толғамды ойларымен бөлісті. «Қаныш Сәтпаев», «Кешегі Қаныштың бүгінгі Рухани жаңғыруға қосқан үлесі», «Қаныш Сәтпаев – Алаш елінің ардағы» атты тақырыптық баяндамаларда қоғам қайраткері, атақты ғалым, қазақтың сайын даласын игеріп, кен көздерін ашқан кенші, өз ісінің майталманы жайлы кеңінен айтылды. Осы орайда, мына бір қуанышты жайтты айта кеткіміз келеді. Бүгінде облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан №4 орта мектепке академиктің есімін беру туралы бастама көтеріліп жатыр.
Конференцияның шырайын келтірген Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қарағанды облысы Жезді қаласындағы жергілікті музей қызметкерлерінің жолдаған бейнеүндеуі болды. Олар мектеп ұжымына Сәтпаевтануды қолға алған ізгі бастамаларына сәттілік тілеп, мектебіміздің атына ғалымның есімін беру жөніндегі ұсынысымызды қолдайтындықтарын жеткізді. Іс-шара соңында баяндамашыларға арнайы сертификаттар тапсырылып, қатысушылар естелік суретке түсті. Қ.Сәтпаев мұрасы ұлт құндылығы, мақтанышы екені сөзсіз. Мектебімізде қазақтың біртуар ұлы, көрнекті ғалымға арналған конференцияны жыл сайын өткізу көзделіп отыр.

Шолпан БЕГАЛИНА,
Бибігүл ДҮЙСЕКОВА,
Көкшетау қаласындағы
№4 орта мектебінің ұстаздары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар