Қазақ рухты да өжет ел!

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде студенттердің «Х ғылыми апталығы» аясында өткізілген «Рухани жаңғыру: болашаққа нақты қадам» атты Отан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ұйымдастырған дөңгелек үстелде талқыланған «Туған жер» бағдарламасы жайлы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасадым.

Осы дөңгелек үстел аясында туған жерімнің жарқын құндылығын, әсем шырайы мен табиғатын көпке аян еткіздім.
Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Жастық – алтын, қайтып келмес күнімде
Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер, –
деп солтүстіктің ақиық ақыны, жыр Пайғамбары Мағжан ақын жырлағандай, «Туған жер» деген кезде әрбір азаматтың, әрбір адамның жүрегінде тулаған шабыт пен сезім ұялайтыны анық. Себебі, адам өзінің туған жерінің төлі. Сол даланың, сол жердің, сол мекеннің меншігі. Туған жерге деген сезім мен махаббаттың өлшемі шектеулі болмайды. Ол шексіз. Осы бір ерекше шексіз патриоттық сезімді әрбір азамат пен жастардың бойына етене сіңіріп, қандарына дарыту үшін, сөздің ұғымын кең мағынасында түсіну үшін, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалу керек міндеттердің ішіне «Туған жер» бағдарламасын ұсынды.
Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл бағдарламаның мәні деп үш ерекшелікті атап көрсетеді.
Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.
Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.
Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсына отырып: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс, – деген болатын.
Өзім тарихқа, киелі орындарға, тамылжыған табиғатқа, салт-дәстүрлерге бай өңірдің бірі Айыртау ауданының Қарасай батыр ауылында туғандықтан, есімдері елге танымал тұлғалармен мақтана аламын. Әсем табиғаты көрген жанды тамсандырған Айыртау ауданында облысымыздың киелі орындары құрамына енген Ботай, Айғаным қоныстары мен Қарасай-Ағынтай батырлардың мемориалды кешені орналасқан. Айыртау өлкесі – қазақтың үш жүзінің басын біріктірген Абылай ханның тікелей ұрпақтары Уәли хан әулетінің мекені. Белгілі шығыстанушы ғалым, тарихшы, этнограф, фольклоршы-географ, жиһангез Шоқан Уәлихановтың балалық және жастық шағы өткен жер. Сондықтан да, біз ішкі және сыртқы мәдени туризмді дамытуымыз қажет.
Ән тұнып тұрған қойнауы бар, сансыз бетке ұстар жандарды ұясынан ұшырған, киелі Солтүстік өлкесіне сөздің орайын бұрмасқа болмайды. Қойнауы тұнып тұрған алтын, сол топырақтан қазақты әлемге әйгілі еткен Ш.Уәлиханов, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай сынды қазақтың бетке ұстар бет қаймақтары, асықтай ұлдары нәр алған, әркімге өз жері демекші мен бүгін өз жерім, тарихтың дүбірі естілген Қарасай батыр ауылына қара сөздің адуынды найзасын бұрамын. Атының өзі білдей бір заманды көз алдыма әкеледі. Дүбірлі заман, ат үстінде күн көріп, түн өткізген заманның жаршылары Арғынның бел батыры Ағынтайға, қанды көйлек жолдасы Шапырашты батыры Қарасай батырға топырағы бұйырған өлке. Ауылдың әр жері тарихтан сыр шертеді. Дәл солай! Әлемде аты шартарапқа жайылған Ботай тұрағын естімеген жан жоқ шығар. Сол Ботай тұрағына тіршілік нәрін дарытатын осы Иманбұрлық өзені. Қиыр шығыстан күн атқанда, әсем сәулесін Қопа көліне түсіріп, төскей бауырында қаншама қайыңды, қаншама талды аялайды. Елбасымыз айтпақшы «әрбір жер өз тарихымен өз перзенттерімен танымал». Ал, біздің өлке өз перзенттеріне ақындықтан бастап, әншілікке, ой ұтқырлығын, қалам ұшқырлығын сыйлады. Көк тәңірі берген сый біз үшін жыр Пайғамбары Мағжан, қаламынан сөздің күміс сыңғыры естілетін Сәбит, Ғабиттер, арыдағы Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар.
Елбасының пайымынша, бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени генетикалық кодтың негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын келер ұрпағын бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Сол мирас еткен ұлан-ғайыр жерді келер ұрпаққа аман-есен жеткізу біздің парыз.
Рухани жаңғыру деген жан дүниенің, өткеннің жаңғыруы, бүгіннің жарқырауы. Келешегін ұмытпаған ұлы елдің болашағы да жарық болмақ. Қазақ рухты да өжет ел!

Самал ЖӘНІБЕКОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті қазақ филологиясы мамандығының
І курс студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар