Ассамблея пойызы Атбасарда

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» пойызы Атбасар қаласында болды.

Республикалық акцияға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, министрліктер, ғылым және өнер салаларының өкілдері қатысты. Атбасар қаласының  тұрғындары меймандарды қуана қарсы алып, ән мен жырдан шашу шашты. Жиында  сөз алған  Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева «Менің Қазақстаным» акциясы ұйыған ынтымағымызды  нығайта түсетініне  кәміл сенетінін айтып өтті.

Ал, Атбасар аудандық мәслихатының хатшысы Бағдат Борұмбаев  игі шараға ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде  «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Ғазиз Телебаев сөз алып, атбасарлықтарға жылы лебізін арнады.
Бұдан соң «Менің Қазақстаным» республикалық акциясы өз жұмысын бастап кетті. Тұрғындарға қызмет көрсету  негізгі 9 бағыт бойынша жүргізілді. Атап айтар болсақ, мамандар  аудан тұрғындарына медициналық, әлеуметтік, құқықтық, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салалары бойынша  ақыл-кеңес беріп, көмек көрсетті.
 Білім және ғылым министрлігінің өкілдері №1 Атбасар индустриалдық-техникалық колледжінде еліміздегі ғылым саласының даму әлеуеті жайында семинар өткізді. Ал, кәсіпкерлерді қолдау орталығында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының мүшесі, әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік жөніндегі комитет төрағасы Талғат Дос-кенов кәсіпкерліктің қыр-сырын талдап, өз ісін ашуға ниет білдірген жандарға дәріс оқыды. Тіпті, бұған шалғай аудандардан да кәсіпкерлер келіп, мемлекеттік бағдарламалар мен  қарастырылған жеңілдіктер жайлы біліп жатты.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Әлеуметтік еңбек саласындағы  мониторинг және талдамалы жұмыс департаментінің директоры Рысты Жұмабекова  «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысу, жұмысшылардың құқын қорғау және тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша әңгіме өткізді. Сонымен бірге, Ілияс Есенберлин атындағы аудандық орталық кітапханада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының мүшелері Зухра
Саяпова мен Юрий Тимошенко азаматтарды қабылдады. Аудан тұрғындары негізінен, елдік мәселелерді қозғап, «Ардагерлер туралы» заң, балалар спортын қаржыландыру сияқты мәселелерді көтерді.  
Өңірімізде дәрігер мамандардың тапшылығы байқалатыны  жасырын емес. Осы ретте,  аудандық ауруханада пойыз құрамында келген он сегіз дәрігер 240 тұрғынның денсаулығын тексеріп, қажетті ем-домдарын жасады. Ана мен бала ғылыми орталығының ревматология бөлімшесінің бас дәрігері Майкеш Асылбекова қазір кең етек алған ауру түрлері туралы тұрғындарды ақпараттандыруды да естен шығарған жоқ.
Маңызды  шара  аудандық мәдениет үйінде   «Менің елім – Қазақстан!» патриоттық акция-
сымен жалғасын тапты. Оның барысында әйгілі әншілеріміз  Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынай Жорабаева, Толқын Забировалардың құлақ құрышын қандырған әсем  әндері мен «Гүлдер» би ансамблінің мың бұралған билері  атбасарлықтарды үлкен қуанышқа бөледі.  

Атбасар ауданы.

 

   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар