Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі – Қазақстанның қазіргі заман тарихы музейі болып табылады. Ол тәуелсіз Қазақстанның егеменді ел болып қалыптасуының кескін-келбетін Мемлекет басшысының сан қырлы қызметі арқылы бейнелейді.
Аз ғана мерзім ішінде мұражай кешенді ғылыми-зерттеу, ағарту және мәдени орталыққа айналды. Тұңғыш музейдің Қазақстан Респуб-ликасы Президентінің бұрынғы резиденциясында орналасуы және оның ішкі көрінісі мен жиһаздарының бұрынғы қалпында сақталып қалуы ізденіс идеялары мен экспозициялық шешімін табуда, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен егемендігінің тарихын толық көрсетуде өз үйлесімін, үндестігін табуға мүмкіндік туғызып отыр.
Осы резиденцияда Мемлекет басшысы жеті жыл қызмет істеген. Астананың көшуіне байланысты 1997 жылдың желтоқсан айында салынған. Алғашқы келушілерді музей 2005 жылдың наурыз айында қабылдады. Музей қоры хронологиялық және тақырыптық жағынан еліміздің егемендік жолындағы тарихын, ішкі және сыртқы саясатымыздың негізгі бағыттарын, аймақтық және ғаламдық деңгейдегі өзара ықпалдасу бастамаларын көрсетеді.
Мәдениеттану тұрғысынан алғандағы экспонаттар – әлем халықтарының материалдық және рухани мәдениетінің артефактілері және ұлттық психология, салт-дәстүрмен танысу нысаны ретінде қызығушылық тудырады. Тарихи деректер мемлекет тағдырындағы бетбұрыс кезеңінде халық көшбасшысының рөлінің еліміз үшін қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді. Қазақстанның жаңа заман тарихының басталу кезеңі Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Еліміздің Президенті биліктің бейнесі ғана емес, мемлекет болуымыздың нышаны.
Экспозицияларды қалыптастыру және жаңғырту барысында алғашқы күндерден бастап жинақтау жұмыстары жүргізіліп, Алматы, Қарағанды облыстарына, Украинаға ғылыми-ізденіс экспедицияларын ұйымдастыру қолға алынды. Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолы бүкіл елдің тарихымен тығыз байланысты болғандықтан, тарихи байланыстар мен оқиғалар жөніндегі материалдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Музей коллекциялары қазіргі Қазақстанның тарихы мен мәдениетін әлемдік даму тұрғысынан тануға мүмкіндік береді, себебі музей қорының негізін егеменді елдің құрылуы мен дамуының негізгі кезеңдерін қамтитын құжаттар, фото-бейне материалдар құрайды. Мемлекет басшысының жеке кітапханасы музейдің үш залында орналасқан. Ондағы кітап қоры 12700-ден асады. Коллекция ғылыми қызығушылық туғызатын және ақпараттық құндылығы жоғары, полиграфиялық безендірілу тұрғысынан бірегей болып келетін отандық және шетелдік басылымдардан тұрады.
Коллекциялар қорының байлығына, өзіндік ерекшеліктеріне әлемнің кез-келген музейі қызыға да қызғана қарайды десек, артық айтқандық емес. Көптеген музейге қойылған жұмыстардың жасалуы, қайталанбайтындығы, бірегейлігі, шебердің өзіндік қолтаңбасын көрсетіп тұрады. Музейге әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері съезінің делегаттары тарту еткен сыйлықтар кешені қойылған.
Шығыс елдерінің сәндік-қолтаңбалы өнерінің нақышты теріден, сүйектен және тастан жасалған дүниелері, кәдесыйлары, ыдыстары осы елдердің өзіндік қалыптасқан салт-дәстүрінен хабар береді. Ресейдің көркемөнер кәсібі, Азия елдерінің түрлі аймақтары шеберлерінің күмістен соғылған заттары, еуропалық фарфор, атақты чех хрусталі – қор коллекциясын құрайды. Бұлар тұрақты тақырыптық экспозиция ретінде қойылған, бірақ уақытша жылжымалы көрме ретінде көрсетуге болатын мүмкіншілігі де бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің бірегей марапат коллекциясы тұрақты экспозициялар қатарына қойылған. Коллекция геральдика, фалеристика дәстүрі жөнінен ғана емес, олардың тарихы, ел тарихы мен марапаттар жөнінен мол хабар береді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар