Әке аманаты

Жадыраған жаз айы еді. Бір топ бала суы саумал Солдат көлінің жағасында толқыннан толқын қуалап асыр салып жүрген. Ара-арасында уылжып піскен бармақ басындай жидекті теріп жейміз деп көлден қозыкөш жердегі қайыңды орманның бауырына тай-құлындай шапқылап барып келеді. Қайтарда жидектің сөліне сирақтары қып-қызыл болып боялып қалатын.

Әлден уақытта ауылдан хабар жетті. Амангелдіні үйге шақыртып жатыр екен. Алматыдан туысқандары келіпті. Немере ағасы Кенжеғара Өтеуов Алматы қаласында прокурор болып қызмет істейтін. Сол кездегі өз бойындағы ұстамдылық, пайым-парасатымен әлгі ағасы әлдеқайда егде адам тәрізді болып көрінуші еді. Түр-тұлғасы ғана емес, бар болғаны отыз жастағы прокурордың болашақ туралы өзіндік көзқарасы, заман ау-жайын бағамдауы да өзгеше еді. Жастардың болашағы білімде екендігін өзгенің емес, өзінің өмір жолынан, қызмет барысында анық абыройға бөленуінен жақсы білетін. Әке ғұмырын жалғастыратын жалғыз ұлдың замандастарының алды болып лайықты білім алуына отбасындағылар ғана емес, ет жақын туыстары да ынталы. Көптің көзі қырағы емес пе, бала Амангелдінің байыпты мінезін, сарқылмас байлық – білімге құмарлығын олар да аңғарған.
Әке ойынша ендігі болашақ орыс тілінде білім алған жеткіншектердің ғана қолында. Қазіргі күні әрқилы пікір айтылып жүрген дәл осындай көзқарас талай ата-аналардың бойында бар еді. Зайыры ол үшін ешкімді кінәлаудың реті жоқ. Заман солай болды. Сөйтіп, төртінші сыныпты бітірген Амангелді немере ағасының жетектеуімен Алматыға асқан.
Орта мектепті бітірген кезде әкесі қатты сырқаттанып қалды. Сөйтіп, елге жол түсті. Әйтпесе, несін айтасыз, астанада көңілің қалаған оқу орны аз емес қой. Тағдыр жолы жетектеп, Көкшетау педагогика институтына әкелді. Осы жоғары оқу орнының физика факультетінде білім алды. Мектепте тиянақты білім алған талапты ұлға жоғары оқу орнында білім алу қиынға соққан жоқ. Жалғыз білім алу емес, қоғамдық жұмыстарға да бел буып, белсене араласты. Ал, спорт тақырыбы өндір жастың жан жүрегін баурап алатын бір сиқыр ғой. Дархан табиғат сыйлаған осы бір дарын-қабілетінің арқасында волейболдан қалалық, облыстық, тіпті, республикалық жарыстарға үзбей қатысатын. Ал, спорттың жас талдай солқылдаған жастың бойындағы қайратты ұштап, қажырын арттыруға, азаматтық мінезін қалыптастыруға тигізер септігі орасан зор ғой.
Қияндағы Қызылтудың «Чернигов» кеңшарындағы білім ошағында еңбек жолын бастады. Отан алдындағы борышын өтеп келді. Сөйтіп, артында із қалдырған еңбек дастаны басталды. Бүгінгі күні өткен шаққа ой көзімен қараса, аса бір мәнді шаруасы Шағалалы совхоз-техникумында өрбіген екен.
1995 жылы Шағалалы совхоз-техникумының басшылығына келгеннен кейін жұмысқа білек сыбана кірісті. Келесі жылы дербес оқу орны статусын алуға қол жеткізді. Ең басты айта кететін жай, дәл осы уақытта талабы қатал нарықтың қос өкпені қаусыра қысып, деміктіріп тұрған кезі еді. Өзгені былай қойғанда, оқу орнында және жатақханада жылу берілмеді, ұстаздар да айлап жалақы алмай жұмыс істеді. Дәл осы уақытта сан жылдан бері жұмыс істеп тұрған білім ордасын сақтап қалу қиынға соққан. Міне, осы бір сындарлы шақта Амангелді Нұғыманұлы өз бойындағы іскерлікті көрсете білді. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ұжымды бір мақсатқа жұмылдырып, алға бастады. Амалсыздан жатақханалардың бөлмелеріне жеке-жеке жылу пештерін салды. Тіпті, сол кездегі облыс орталығы Петропавл қаласына барып келудің өзі қиямет-қайымға айналды. Сақылдаған сары аязда талай рет үсіп қала жаздаған кездері болған.
Тығырықтан шығудың жолын ойлап талаптанды да, қосалқы шаруашылықта жылқы, қой өсіре бастады. Тіпті, қаз-үйрек те бақты. Осындай ұмтылыстың арқасында азын-аулақ қаржы түсіп жатты. Мұның жақсылық жағы да аз емес. Оқу орнында оқитын студенттер білім алумен қатар, нақты тәжірибемен де айналысу мүмкіндігіне ие болды. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Талпыныстың арқасында ең басты мақсат білім ошағын сақтап қалды.
Үнемі алға қадам басуды ардың ісі деп санайтын Амангелді Нұғыманұлы мемлекеттік тілде білім беретін топтарды біртіндеп көбейте бастады. Бүгінгі күні айтуға ғана оңай, әйтпесе, жергілікті ұлт тілінде топ ашып оқыту оңай-оспақ шаруа емес еді. Ана тіліндегі оқу құралдары мен оқулықтар қасқалдақтың қанындай таптырмайтын дүние болатын. «Көш жүре түзеледі» деген емес пе, бұл іс те сара жолға түсті. Өзі мектепте оқып жүргенде қазақ тарихының жұп-жұқа оқулығын ұстап тұрып таңырқаушы еді. Әділетсіздікке жүрегі ауыратын. Сан ғасырлық тарих пышақтың қырындай ғана жұп-жұқа оқулықтың ішіне сыйып тұр. Әрі ондағы тақырыптар да шектеулі. Сөйтіп, орыс тілінде білім алған қаншама жас туған елдің тарихынан мақұрым қалды. Бұл мән бермеушілік пе, жоқ әлде алысты көздеген арсыз саясаттың салқыны ма екен.
Уақыт өте келе, іргелес аудан орталықтарынан коммерциялық негіздегі бірнеше бөлімшелер ашылып, жұмыс істей бастады. Бұл бастама жергілікті жастардың оқып білім алуына қолайлы болды. Аудандардағы шаруашылық құрылымдары да білімді әрі талапты жастармен толыға түсті. Адал еңбек әр кезде өз зейнетін береді ғой. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеген Амангелді Нұғыманұлы әлденеше мәрте жергілікті мәслихаттың депутаттығына сайланып, ел сенімін ақтады.
Тиянақты басшының іскерлік іс-қимылының арқасында оқу орнының материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жақсарып, оқу-әдістемелік құралдар заман талабына сай жинақталып, тәрбие жұмыстары ширатыла түсті. Ендігі арада қолданбалы бакалавр мамандарын даярлайтын жоғары агротехникалық колледж статусын алу жолында да ілкімді ізденістер, жан-жақты даярлық жұмыстары қолға алынды. Асылында адам өзі атқарған толымды шаруаға көңіл тоғайтады емес пе? Аталмыш оқу орнында сайрап жатқан ізденіс іздері көкірегіне көшкен сәтте Амангелді Нұғыманұлы өз қолымен атқарған жұмысына көңіл тоғайтып, жаны жайланар еді.
Бұл бір ғана қысқа қайырған ғұмыр дарияның бір шөкім шұғыла шуағы. Бар ғұмырын адал еңбекпен әдіптеп келе жатқан Амангелді Нұғыманұлы бүгінгі күні облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде жүздеген мың зейнеткерді әлеуметтік қорғау, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген аға буынды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тәрізді қат-қабат шаруаны ынта-шынтасымен атқарып келеді.
Елге ұйытқы болып, Көкшетау мен Қараөткелдің ұлан-байтақ даласындағы ардагерлер арасында ұрпақтар сабақтастығын үзбей жалғастыруға сол кісілердің бойында жүрген ұлтымыздың ұлық қасиеттерін өкшелерін басып келе жатқан жас толқынға дарыту мақсатында қыруар жұмыстар атқаруда.
Әркімнің көкірегінде өмірі өшпестей болып таңбаланған бір ғибрат жүрері бар. Бар ғұмырын адал еңбекпен өрнектеп келе жатқан Амангелді Ақынов мынау өмірдегі ақиқаттан адастырмас темірқазығы – әке аманаты болғандығын жиі айтады. Тұла бойына, азаматтық абзал бейнесіне қылаудай кіршік жұқтырмай, табан ізінен жаңылмай келе жатса, ол ең алдымен, сол адалдыққа баулыған, арлылыққа тәрбиелеген әкенің ерен ықпалы.
Табиғаттың ай дидарлы жүзіне сызат түспеген балалық шақ жиі-жиі ойға оралады. Бірде Солдат көлдің атауы туралы деректі де іздестіргені бар. Омбы қаласындағы мұрағаттан осы аймақтың 1807 жылы жасалған топографиялық картасы қолына түскен. Әлгі картада дәл осылайша Солдат көл деп көрсетіліпті. Демек, тарихы тым әріде жатқан болып шығады ғой. Ал, ұядай ғана Ұялы ауылының бағзы атауы Құттымбет. Бұл жайында шежірешіл ел ағасы, Социалистік Еңбек Ері Баян Жаңғаловтың айтқаны бар. Көкірегін қоламтаның шоғындай қыздырып жүретін туған жерге деген ықылас әманда әке аманатымен астасып жатады.

Тынымбай ДОСБАТЫР,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар