Өнімді өңдеуде іркілістер бар

Бесінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының  отыз бесінші сессиясы болып өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Сергей Кулагин, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев және облыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячек  қатысты.

Облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан, қала әкімдері, департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудандық мәслихаттың хатшылары, БАҚ өкілдері қатысқан сессияда алдымен, өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің қайта өңдеу саласының қазіргі жағдайы және оны әрі қарай дамыту перспективалары туралы мәселе қаралып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаев баяндама жасады. Былтыр облыста 45,9 миллиард теңгенің  өнімі өндірілген.   Соңғы төрт жылда ұн өңдеу көрсеткіші – 60, ал, сұйық май өндірісі – 25 пайызға жоғарылаған. Дегенмен сүт, ет пен ұн өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істемей отыр.  
Баяндаманы талқылауға қатысқан облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нартай Ысқақов өздерінің нақты жағдайды саралау мақсатында 26 нысанда болғандығына тоқталды. –Бүгінде бізде  шикізат тапшы. Сондықтан, тауарлы-сүт фермаларын көптеп ашқан жөн. Оған жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырған абзал. Ол қаржыны осы іспен айналысушыларға бөлу және жүз пайыздық кепілдікпен қайтарып алу тетігі жасалуы қажет. Екінші мәселе – жеке шаруашылықтардағы, яғни, қарапайым ауыл тұрғындарының қолындағы мал басын көбейту. Бәрі сүтті арзан бағаға сатып алғылары келеді. Қазір сүт бағасы 2012 жылы белгіленген 45 теңгенің көлемінде ғана. Инфляция мен қымбатшылықтан бағаның өскені ескерілмей отыр. Сол сияқты, ірі елді мекендерде сүт қабылдау пункттерін салған дұрыс, – деді шешен өз сөзінде. Қорғалжын ауданындағы «Астана Агропродукт» ЖШС-інің басшысы Серік Рахымбаев  250 адамды жұмыспен қамтып отырғандықтарын, орташа айлық жалақының 92 мың теңгені құрайтындығын айтты. Ресейден келіп жатқан арзан ет өнімдерінің молдығына қарамастан,  серіктестік жыл сайын өнім көлемін арттыра түсуде. Әйткенмен, жол, ауыз су проблемалары мен ауылдардан келіп жұмыс істейтін жұмысшыларға баспананың жоқтығы сияқты күрмеуі қиын мәселелер де бар.   
Сессияда сөз алған Ақкөл аудандық мәслихатының хатшысы Жұлдызай Салыбекова өңірдің ауыл шаруашылығы  өнімдерін өңдеуге ден қойғанын бірнеше кәсіпорынның мысалынан айғақтап берді. Осы тұста облыс әкімі бұл  аудандағы сүт зауытының небары 30 пайыздық қуаттылықпен жұмыс істеп жатқандығын және бұл мәселенің облыстағы көптеген кәсіпорынға тән жағдай екенін атап өтіп, барлық аудан әкімдеріне жағдайды ретке келтіру үшін нақты сызба, жоспар, жобаларды әзірлеуге он күн уақыт берді. –Елорданы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету көрсеткішін кем дегенде 65 пайызға жеткізу басты мақсатымыз болуы керек, – деді бұл орайда өңір басшысы.
Сессияның күн тәртібіндегі келесі мәселе–сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары туралы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Исақов баяндама жасады. Жыл басынан 12 тәртіптік іс қозғалып, он лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Қазір департамент қылмыстың алдын алуға көп мән беруде. Соның нәтижесінде қызметтік автокөліктерін жұмыстан тыс уақытта пайдаланған, қарамағындағыларды негізсіз жұмыстан босатқан тұлғалар тиісті жазаға тартылған.   Осы ретте, облыс әкімі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мемлекеттік саясаттың басым бағыты екендігін, бюджет қаржысына қол сұғатын мемлекеттік қызметшілерге аяушылық болмайтынын  қадап айтты.
Сессияда қаралған барлық мәселелер бо-йынша тиісті шешімдер қабылданды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар