Керегін таңдап, алып жатты

Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңы мен «Алтын ғасыр» сауда үйінің алдында Наурыз мерекесіне арналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкені облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров аралап көрді.

Жәрмеңкеде халыққа Атбасар, Жақсы және Шортанды аудандары мен Көкшетау қаласы өңдеуші кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Сөйтіп, 42 тонна ет және сүт өнімдері нарық бағасынан 15-20 пайыз арзанға сатылды. Мұнда ертемен келген қала тұрғындары жылқы, ірі қара мал және қой етін қолжетімді  бағамен сатып алып жатты. Сондай-ақ, жәрмеңкеде ұн мен нан өнімдері, жұмыртқа, құс еті, балық, әртүрлі май, шұжық түрлері қазіргі қалыптасқан бағадан арзанға  түсті.
Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Асхат Қисықовтың айтуынша, бұл ауданның «Бастау», «Атбасарская Нива», «Алтын дән», «Сепе» ЖШС-тері сияқты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 3,5 тонна ірі қара мал етін, 1,5 тонна жылқы, қырыққа жуық қой етін әкелген екен. «Сочинское» ЖШС-нің сұйық майы, «Интер траид» ЖШС-нің ұны өз тұтынушыларын тез арада тапты. Жақсы ауданынан келген «Айбат», «Урожай», «Новокиенка», «Подгорный» «Запорожье», «Золотая нива» және басқа да шаруашылықтар мен жекелеген адамдар өз өнімдерін сатуға шығарды. «Есілбеков» пен «Мұхамеджанов» шаруа қожалықтарының ірі қара мал мен жылқы еті сөреде көп жатпады. Әсіресе, «Барт» шаруа қожалығының балына сұраныс көп болғанын айта кеткен жөн.
Шортанды аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Едігенов бұл ауданның 12 ірі кәсіпорны мен шаруа қожалығы ет және сүт өнімдерін, жұмыртқа, бал және өзге де азық-түлік тағамдарын әкелгенін айтады. Әсіресе, «Новокубанское» ЖШС-нің асыл тұқымды ірі қара малының етіне сұраныс көп болды. Гүлсім Әбжанова, Берік Мұхамеджанов, Шынар Ермекова, Анас Исин, Бақыт Хамитова, Сәкен Рысдәулетов және Жұмабек Айтманов сияқты қала тұрғындары Наурыз мерекесінде осындай  жәрмеңке ұйымдастырған облыс басшылығына  алғыстарын білдірді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар