Келбетімен көрікті, өндірісімен өрісті болса екен

 Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс бабымен Көкшетау қаласындағы орталық саябақ пен Даңқ аллеясын аралап көрді, сондай-ақ, бірқатар өндіріс ошақтарының жұмысына назар аударды.

  Облыс әкімі алдымен Көкшетаудағы орталық саябақ пен Даңқ аллеясында болып, ондағы абаттандыру және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындық жұмыстарына назар аударды. Орталық саябаққа осыдан бірер жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық көп жиналатын орын бір жасанып  қалған еді. 2014 жылы бюджеттен 8 миллион теңге қаржы бөлініп, 842 түп ағаш отырғызылған.
Осыған қарап,  саябақтың жағдайы көпшіліктің көңілінен шығып отыр  деуге әсте болмайды. Кейбір  топырағы қопарылған алаңқайлар қалпына келтірілмеген. Шіріген ағаш күтімсіз саябақтың шырайын кетіріп тұрған жайы бар.
Өңір басшысы абаттандыру жұмыстарына жауапты «Зеленстрой» ЖШС директоры Геннадий Осиненкоға әрбір ағаш көшетін ұқыптылықпен отырғызуды, сондай-ақ, табиғи алаңқайларды неғұрлым мол етіп, көмкеруді тапсырды.
Сонымен қатар, өңір басшысы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ескерткіші орнатылатын жерді көрді. Бұл орталық саябақтың Даңқ аллеясымен түйісер жері. Батырдың ескерткішін ашу мамыр айының басына, яғни, Жеңіс күніне орайлас-тырылып отырғанын ескерген өңір басшысы сәуірдің 10-нан кешіктірмей жұмысты бастап кетуді қала әкіміне мұқият тапсырды.
Өткен жылы Даңқ аллеясын жаңарту жұмыстарына облыстық бюджеттен 122 миллион теңге  қаржы бөлінді. Жобаға сәйкес мұнда бұрынғы ағаш аумағы кеңейтіліп, демалыс алаңын жасау қарастырылған. Қазіргі кезде аллеяның орталық тұсына гүлзарлар жасалып, керамограниттен батыр қалалардың атаулары жазылған мемориалдық тақталар қайта жөнделіп, орнатылды. Осы орайда, облыс әкімі аталған нысанға Кеңес Одағы Батырларының портреттерін ілуді, сондай-ақ, сол маңдағы аллеяның сиқын бұзып тұрған ескі жер үйлердің маңын көзден тасалау мақсатында шарбақтармен қоршауды және ағаш отырғызып, абаттандыру жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар, өңір басшысы «Тұрмыстық химия комбинаты», «Зеленстрой» серіктестіктері мен «Көкше» акционерлік қоғамында болды. Аталған комбинатта бүгінгі күні кір жуатын ұнтақ, өзге де тұрмыстық дақтарды жууға арналған заттар шығарылуда және жылу мен су құбырлары  қапталуда.  
– Өткен жылы 290 миллион теңгенің өнімін өндірдік, бірінші тоқсанда көрсеткіш 30 миллион теңгені құрады. Өнім Қазақстан және Ресейдің барлық өңірлеріне жөнелтіледі,–деді серіктестік басшысы Ринат Курмаев.
Ал, «Зеленстрой» серіктестігіне келетін болсақ, 2014 жылы 85 мың түп гүл өсірген. Қазіргі кезде арнайы орында «Сальвия», «Тагетис», «Ценерария» тәрізді гүлдердің бірнеше түрінен 65 мың түп өсірілуде. Күн жылысымен оларды қаладағы гүлзарлар мен саябақтарға егу жоспарланған.
«Көкше» акционерлік қоғамында болған облыс әкімі кәсіпорын басшыларына біраз сын-ескертпелер айтты. Қуат көзін есептегіш, жылу электр орталықтарына және бу қазандықтарына қажетті қосалқы бөлшектер, тағы басқа түрлі металл құрамаларды шығаратын кәсіпорын толық мүмкіндігін пайдалана алмай отырған жайы бар.
Өңір басшысы Көкшетауда құрылысы созылып жатқан жаңа мешітте болып, ондағы істің жайына да назар аударды.  

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар