Дәрігерлік қызметке – жаңа технология

Өткен сенбі күні Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап көрді. Сапар кезінде облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова бірге болды.

Министрдің орынбасарының Көкшетау қаласына жұмыс сапары №1 қалалық емханадан бастау алды. Емхананы аралап көріп, КМАЖ-ның (кешенді медициналық ақпараттық жүйесі) енгізілу барысымен танысты. Бүгінде емхананың тіркеу орны Сall орталықтары арқылы да жұмыс істейді. Сонымен қатар, дәрігердің қабылдауына Damuмed мобильді қосымшасы арқылы да жазылуға болады. Ақ халаттылар науқас туралы барлық мәліметтерді электронды формат арқылы жұмыс істейтін бірыңғай жүйеге көшірумен айналысуда. Бұл да келешекте толықтай қағазсыз медицинаға ауысуға жасалып жатқан қадам. Осы орайда, вице-министр емхана ұжымына КМАЖ жүйесін енгізуді тездетуді тапсырды.
Қазіргі таңда республика бойынша 662 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар болса, оның 28 мыңы Ақмола облысында тұрады. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында алдағы уақытта мүгедектікті белгілеу шаралары жеңілдетілетін болады. Бұл туралы вице-министр Светлана Жақыпова қалалық емханада журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді. Әзірше ол Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында пилоттық жоба ретінде енгізілуде. Мәселен, бұған дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтар мүгедектігін белгілету үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырып, бұл іске ұзақ уақыт кетіретін. Енді жаңа жобаның арқасында жарымжан жандар медициналық әлеуметтік сараптамаға келуге міндетті емес. Мүгедектікті белгілеу, еңбекке жарамдылықты жоғалту дәрежесін тағайындау және әлеуметтік қорғау шараларының қажетті көлемін анықтау жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер толығымен автоматты форматқа ауыстырылады.
Одан кейін вице-министрдің жұмыс сапары қалалық емханада жалғасты. Бүгінгі күні мұнда халықты тіркеу тізімдемесі бо-йынша 81 мың адам тіркеуде тұр. Ал, КМАЖ бойынша тіркеуде тұрғандардың саны 79 мыңнан асады. Жыл басынан бері аталған емханада Damumed қосымшасы арқылы 191 мың адам дәрігердің қабылдауына жазылған екен. Дәрігерлік мекемеге 2014 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сол күні облыс орталығындағы іргелі кәсіпорындардың бірі – «Тыныс» акционерлік қоғамында болған кездесу нәтижесінде электр қондырғысы бар мүгедектер арбасы өндірісін іске қосу жөнінде ынтымақтастық келісімге қол қойылды. «Тыныс» АҚ-ның бас директоры Қайрат Қалманбаев өз сөзінде кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктері жақсы дәрежеде екендігін тілге тиек етіп, сапалы өнім шығаруға көңіл бөлетіндіктерін айтты.
Сапар соңында облыс әкімдігінде вице-министрдің қатысуымен кездесу өткізіліп, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктері мен облыстық әкімдіктің және «Даму» ЖШС-нің арасындағы өзара ынтымақтастық байланыс жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Венера Талғатқызы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *