Сал-серілердің үзілмеген өнері

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «Ел жүрегі Астана!» атты «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауының гала-концертіне қатысып, үздік өнері мен шығармашылық жетістіктері үшін бас жүлденің иегерлері атанған Целиноград, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту бөлімдеріне автокөліктердің кілтін тапсырды.

Гала-концертке жиналған көпшілік алдымен облыстың он саусағынан өнер тамған қолөнершілерінің үздік жұмыстары қойылған көрмені тамашалады. Нағыз шеберлік пен шалқар шабыттың озық үлгісіне айналған бұл бұйымдар қызығушылық тудырды.
Ал, Көкшетау мен Қараөткелдің жазиралы даласын ән мен күйге бөлеген өнер байқауының шымылдығы Бурабай ауданындағы «Гаухартас», «Вива Данс» өнер ұжымдарының орындауындағы хореографиялық композициясымен ашылды. Сахнаға нұр болып құйылып, күн болып көңілдерді шуаққа бөлеген бишілер от болып алаулаған жастық пен жаз өмірдің жарасымды үйлесіміндей көз қуантты.
Биылғы жылы өнер додасында 25 мың өнерпаз бақ сынады. Айта кетерлігі, әр аудан байқауға тыңғылықты дайындалып, жүзден жүйрік болып танылған өнерпаздарын қатыстырған. Олар бар өнерлерін ортаға салып бақты. Солардың қатарына көпшілікті кәсіби шеберлігімен тәнті еткен Целиноград ауданындағы жігіттерден құралған вокалды хор ұжымын қоссақ әбден лайық. «Ән салған Ақмола» аталымы бойынша Целиноград және Жақсы аудандары марапатталды. Ал, ансамбльдер
мен оркестрлер арасында Көкшетау қаласы мен Ақкөл ауданы арнайы марапатқа ие болды.
Аршалы ауданының өнерпаздары жөнінде сөз бөлек. Әсіресе, ата-бабамыздың асыл мұрасын дәріптеп жүрген Азат Әбдіғалым, Жандос Иманбай, Шыңғыс Сәрсенбай, Әйгерім Жаңатілекова, Аяулым Қамажан мен Мұратхан Әуезбеков сияқты дәстүрлі әншілер Арқа әндерін тамылжыта шырқап, көптің көңілінен шықты. Олардың орындауындағы әсем әндер жан дүниеге қозғау салып, тәтті сезім жетегіне бойлатты. Аршалылықтар «Арқаның ән дариясы» аталымында үздік деп танылса, Қорғалжын, Ерейментау, Біржан сал аудандары халқымыздың мол мұрасы фольклорлық өнерді дамытқаны үшін «Атадан қалған асыл мұра» аталымымен марапатталды. Ал, Атбасар мен Бурабай аудандары үздік хореографиялық ұжымдары үшін, Бұланды мен Есіл аудандары
«Даңқ аренасы» цирк және ерекше жанрлар арасында, сонымен қатар, эстрада әншілерімен тәнті еткен Зеренді, Сандықтау аудандары мен Степногорск қаласының өнерпаздары марапатталды. «Ұлы жібек жолы» қолөнер шеберлері арасында Көкшетау қаласы мен Бурабай ауданы тағы да үздіктер ішінен көрінді. Шараны қорытындылаған облыс басшысы Мәлік Мырзалин концерттің жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

– Кәсіби өнерді, шығармашылықты, рухани мұраны сақтау, мәдени игілікті көбейту, қолдау және дамыту мәдениет саласындағы маңызды міндеттер болып табылады. Облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жалпыұлттық мәдени мұраны байыту және сақтау жөніндегі жұмыс кешенді жүргізіліп келеді. Биылғы көркемөнерпаздар байқауына 25 мың өнерпаз тартылған. Осыдан-ақ қатысушылардың саны жыл са-
йын көбейіп келе жатқандығын аңғаруға болады. Жалпы өңірде мәдениет саласына ерекше назар аударылып, бюджеттен бөлінетін қаржы сомасы да бірнеше есеге ұлғайған.
Осы жылы іріктеу кезеңінде 224 ауылдық округтің өнерлі адамдары қатысып, байқау ерекше танымалдылыққа ие болғанын атап өткім келеді. Әр өнерпаздың бойында өнерге деген сүйіспеншіліктің оты маздап, мәдениет ұрпақты сабақтастыратын берік көпірге айналды.
Сонымен қатар, алдағы жылы облыс орталығында «Рухани жаңғыру» мәдениет сарайының кірпіші қаланады деп жоспарлап отырмыз. Осы ретте, өңіріміздің мәдени өмірінің жанданып, көркеюіне үлес қосып отырған мәдениет қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – дей келе байқауға қатысушыларды марапаттау рәсіміне көшті. Өңір басшысы «Рухани қазына» бағдарламасын жүзеге асыруға зор еңбек сіңіріп жүрген бірнеше мәдениет қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаттарын табыс етті. Сондай-ақ, Бурабай ауданының хор ұжымының жетекшісі Леонид Шимконы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.
Ал, байқаудың жүлделі орындары аудан орталығы, селолар және облыстық маңызы бар қалалар арасында үш деңгей бойынша бөлінді. Өнер додасында байқауда белсенділік танытқан Егіндікөл, Жарқайың аудандары ұйымдастыру алқасының дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар, байқау нәтижесі негізінде байқаудың арнайы жүлдесін Аршалы мен Астрахан аудандары иеленді. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Үш бағыт бойынша үздік деп бағаланған Целиноград және Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне автокөліктің кілті табыс етілді.
Өнер байқауына жиналған жұртшылық ән мен күй, шұғылалы бидің шуағына бөленіп, рухани қуат алып тарқасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар