Жазылмайтын жан жарасы

Кеше 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен Көкшетаудағы ескі мұсылмандар зиратында Кеңес Одағының Батыры Мəлік Ғабдуллиннің анасы Əлия Оспанқызына, көрнекті дін қайраткері Науан хазіретке жəне халқымыздың біртуар перзенті Сəкен Сейфуллиннің ұлы Аянға арнап құран оқылды.
Шара барысында Көкшетау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев Науан хазіреттің өмір жолы мен еңбегі жайлы айтып берді.
– Науан хазірет өз ұлтын, халқын сақтап қалудың амалдарын іздеген, үлкен қайраткер, ұлтжанды тұлға. XIX ғасырда орыстар Арқа өңірін түгелдей өзіне қаратып, өз округтарын құрып болған соң қазақтарды шоқындыра бастаған еді. Осы әрекетке қарсы болып, күрескендердің басында Науан хазірет тұрды, – дей келе Шияп Әлиев облыс басшысына көрнекті дін қайраткері Науан хазіретке жəне халқымыздың біртуар перзенті Сəкен Сейфуллиннің ұлы Аянға орнатылған ескерткіш тастың маңына кесене орнатып, абаттандыру жөнінде ұсыныс жасады. Бұл ұсынысқа зиялы қауым өкілдері қолдау білдірді.
Ақсақалдардың сөзін тыңдаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин аталмыш ескерткіштің маңы абаттандырылып жатқандығын және бұл жұмыстың жаздың соңына дейін аяқталатынын атап өтті. Ал, одан өзге шаруалар алдағы уақыттың еншісінде екендігін айтып түсіндірді.
Бұдан соң облыс әкімінің қатысуымен мұсылмандар зиратында Кеңес Одағының Батыры Мəлік Ғабдуллиннің анасы Əлия Оспанқызына, көрнекті дін қайраткері Науан хазіретке жəне халқымыздың біртуар перзенті Сəкен Сейфуллиннің ұлы Аянға арналып құран оқылып, дұға бағышталды.

***
Осы күні аталмыш ескерткіш тастың басында жергілікті ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, облыстық басқармалардың, саяси партия филиалдарының, этно-мәдени және жастар бірлестіктері жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг өтті.
20-шы ғасырда халқымызға қасірет пен қайғы әкелген 1932 жылғы ашаршылыққа биыл 86, ал 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінге 81 жыл толып отыр. Жазықсыз талайлардың өмірін қиған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған бұл шараны Мəлік Ғабдуллин музейі мен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Дұғаны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қуаныш Жұмабайұлы бағыштады. Бұдан соң Көкшетау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев жұртшылыққа сол бір зұлмат қасіретті кезең туралы айтып берді. Сəкен Сейфуллиннің осы зиратта жерленген ұлы Аян 1936 жылы қараша айында дүниеге келген. Кейбір деректерде заңғар жазушы Мұхтар Əуезов сəбидің есімін қойғаны туралы айтылады. Өкінішке орай, Аянның ғұмыры ұзақ болмады, ол небары екі жасында сол зұлматтың салдарынан көз жұмды.
Бұдан соң «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, еңбек ардагерлері Айдос Әбутәліпов пен Мұрат қажы Ыдырысұлы және өзге де танымал ел ағалары ашаршылықты басынан өткермеген кейбіреулер бұл зұлматты аңыз секілді қабылдағанымен, сұрапыл нәубет халқымыздың бастан кешкен шынайы тағдыры екенін айтып, лагерьлерде ұлтымыздың ардақты азаматтары мыңдап құрбан болғанына тебірене тоқталды.
– Ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары қан ішіп, қара жамылмаған қазақ жоқ. Соның салдарынан ұлтымыздың тең жартысы қырғынға ұшырады, – дей келе, саяси қуғын-сүргін жылдары қаза тапқан жерлестеріміз Әбілхайыр Досов, Асылбек Мұстафин, Зарап Темірбеков, Сабыр Шәріповтің есімдерін ерекше атап өтті.
Еске алу барысында саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналып өлеңдер оқылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар