Маңызды бағдарламаға – серпінді қимыл

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдаған биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен былтырғы жылы жарияланған «Рухани жаңғыру» мақаласы шеңберінде облыстық мәдениет басқармасы бірқатар жоспарлы жұмыстарды қолға алып, іске асыруда.

 Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.
«Рухани жаңғырудың» «Рухани қазына» кіші бағдарламасын жүзеге асыру аясында республикалық жобалық реестріне 97 инфрақұрылымдық және
әлеуметтік-мәдени кіші жобалар мен іс-шаралар енгізілді. 2017 жылы 298 миллион теңгеге 42 жоба іске асырылып, оған мәдениет, дене шынықтыру және спорт, мұрағаттар мен құжаттама, туризм салаларының барлық буындары және облыстың аудандары мен қалаларының жергілікті атқарушы органдары жұмылдырылды.
«Туған жер – туған ел» базалық бағыты аясында облыста «Ауыл кітапханасы – мәдени демалыс орталығы» жобасы белсенді іске асырылуда. Аталмыш жобаға сәйкес «Ақмола облысының кітапханаларын модернизациялау» бағдарламасы әзірленді және ауылдық кітапханаларды мәдениет, демалыс, білім беру және ағарту ошақтарына біртіндеп айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде 2017 жылы 15 кітапхана модельді мәртебесіне ие болды. Бүгінгі күні облысымызда осындай 49 кітапхана жұмыс істейді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру ісіне облысымыздың 11 музейі жұмылдырылды. Өткен жылы олар аталған бағдарламаға сәйкес «Туған жер», «Туған елім», «Ауылым – алтын тұғырым», «Ғасырлар аманаты», «Ғасырлар үні», «Алаштың алтын шаңырағы», «Ұлы дала кемеңгері» сияқты музей экспозицияларын жаңартты. Музейлердің веб-парақшалары базасында сайттар, виртуалды музейлер жұмыс істейді, қазір Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі арқылы музей экспонаттарын цифрлау үрдісі жүріп жатыр, 18 инновациялық музей жобалары енгізілуде.
Облыстағы жас ақындардың, суретшілердің, дизайнерлердің, композиторлардың басын қосқан «Жас тұлпар» әдеби жобасы нәтижесінде демеушілер
есебінен жас ақындардың шығармалар жинағы жарық көрді. М.Ғабдуллин атындағы облыстық музейдің базасында «Жас ғабдуллиншілер» патриоттық клубы құрылып, облыс музейлерінің және белгілі ғалым, педагог, жазушы, қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин атындағы республикадағы 8 мектептің басын қосты. Жобаға қатысушылардың зерттеу экспедициясы жұмысының нәтижесінде 2017 жылдың маусым айында Батырдың туған жері – Зеренді ауданында Қазақстан жас патриоттарының бірінші слеті өтті.
Біртұтас Қазақ мемлекеттілігінің құрылуы мен дамуына үлесін қосқан тарихи тұлғалар Абылай хан, Бөгенбай батыр, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп Құтпанұлы, І.Есенберлин туралы қысқа метражды фильмдер түсірілді.
«Рухани қазына» кіші бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында инновациялық жобаларды өткізуге арналған «Рухани жаңғыру» залы ашылды.
Осындай залдар аудандық және ауылдық кітапханалар базасында құрылып жатыр.
«Тұлға» және «Ұлы есімдер – ұрпақ жадында» жобалары аясында белгілі тарихи тұлғалардың, ақын-жазушылардың және қоғам қайраткерлерінің
өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын «Мағжан.kz» тарихи-әдеби web-порталы әзірленді.
Аталмыш порталға жарияланған материалдар республика жұртшылығының ортақ игілігіне айналмақшы.
«Әркім үшін өзекті» жобасын жүзеге асыру аясында Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында жастар арасында діни фанатизм мен радикалды экстремизмнің алдын алу мақсатында түсірілген «Мен мұсылманмын» атты қысқа метражды көркем фильмнің тұсаукесері өтті. Фильм Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетінде оң сараптамадан өткен.
2017 жылы бағдарламаны жүзеге асыру аясында облыста әлеуметтік маңызды оқиғалар болып, облыстық филармонияға Үкілі Ыбырайдың есімі, Еңбекшілдер ауданына Біржан салдың есімі, Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақтың есімі берілді. Аталмыш оқиғалар ескерткіштер санын көбейтуге ғана емес, сондай-ақ, қоғамдық сананы жаңғыртуға да қосылған нақты үлес
болып табылады. Ағымдағы жылдың шілде айында Бурабай ауданында «Сал-серілік дәстүрдің салтанаты» жобасы аясында ашық алаңда «Біржан-Сара» операсының қойылымы дайындалуда. Жобаларды іске асыру барысында халықтың белсенділігі де арта түскенін айта кету керек.
«Қазақстанның қасиетті географиясы» базалық бағытын жүзеге асыру мақсатында киелі объектілер туралы ақпараттарды цифрландыру үшін заманауи технология – QR кодты қолдану арқылы «Ескерткіштер сыр шертеді» атты пилоттық жоба іске асырылуда. QR-коды бар кестелер аймақтың бай тарихи және мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік береді.
Сананы рухани байыту және қажылық, ғибадат орны болып саналатын, Ақмола аймағының 200-ге жуық киелі объектілері енгізілген «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының 1 томының тұсаукесері болды.
«Қазақстанның 100 қасиетті орындары» тізіміне Ақмола облысынан 10 объекті республикалық және 33-і аймақтық маңызы бар картаға кірді.
Аймақтың бірегей ерекшеліктерін және Қазақстан тарихында ұлы тұлғалардың рөлі мен маңызын ескере отырып, экологиялық, жалпы туризмді дамыту мақсатында, жоғарыдағы киелі объектілер негізінде Қорғалжын, Бурабай, Зеренді, Ерейментау, Атбасар, Целиноград, Жақсы, Жарқайың, Есіл, Сандықтау және Біржан сал аудандары бойынша 8 туристік бағыт дайындалды. Щучинск-Бурабай курортық аймағына киелі объектілердің орналасқан жерлерін көрсететін белгілер мен билбордтар орнатылды. Аталмыш жұмыс облыс бойынша одан әрі жалғасын табуда.
«Қасиетті география» арнайы жобасы аясында жалпы сомасы 116,5 миллион теңгені құрайтын инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Оның
нәтижесінде Көкшетау қаласындағы Ақан сері, Біржан сал ескерткіштері жөнделді, Ш.Уәлиханов ескерткіші, Біржан сал ауданындағы Рамазан Елебаевтың, Степногорск қаласындағы Қ.Сәтпаевтың ескерткіштері және Көкшетаудың іргесінде жатқан Уәли ханның мазары қайта қалпына келтірілді.
«Қазақстанның мәдени жетістіктері» бағыты бойынша «Көкшетау» мәдениет сарайында «Әлем» Халықаралық қашықтық фестивальдары»  инновациялық жобасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты Қазақстанның мәдени құндылықтарын дәріптеу. Жобаға қатысу үшін бірнеше әлем елдеріне үш тілдегі бейне материалдар жолданды. Нәтижесінде «Көкшетау» ұлттық халық би ансамблі Индонезияға әлемдік мәдениет форумына
шақырылды. «Полянка» би ұжымы Санкт-Петербург қаласында өткен Халықаралық өнер байқауына қатысып, Гран-при иеленді. Жеңімпаздарға Финляндия және Швеция елдеріне тегін жолдама берілді. Үш тілдегі бейне фильмдер түріндегі тұсаукесерлердің арқасында 2018 жылы «Көкшетау» мәдениет сарайының 3  шығармашылық ұжымы Италия, Австрия, Марокко және Анталия елдеріне ЮНЕСКО тарапынан шақырулар алды.
Қазақстанның заманауи мәдениетінің шетелдегі ең үздік жетістіктерін дәріптеу мақсатында облыстық орыс драма театры Ресейге «Расширяя границы» жобасы аясында гастрольге шықса, Қытай Халық Республикасына Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының ұжымы «Ұлы жібек жолындағы театр» жобасымен сапарға барып қайтты.
Біздің қоғамда отбасының рөлін, оның мәртебесін көтеру, ұрпақтардың байланысы мен өзара түсіністігін нығайту, сондай-ақ, ең үздік отбасы дәстүрлерін қайта дамыту, үлгілі отбасыларды насихаттау арқылы ұлттық ділді сақтау мақсатында 2018 жылғы 2 наурызда Көкшетау қаласында «Өнегелі отбасы – рухани жаңғырудың өзегі» атты ток-шоу өткізілді. Сондай-ақ, осы наурыз айында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану
музейі әдебиет және өнер музейімен, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрымен, облыстық орыс драма театрымен бірлесіп «Мәңгілік әуені» этно-DAY іс-шарасын ұйымдастырды. Шараның тақырыбы биылғы жылы 175 жылдығы аталып өтілетін әнші-композитор, ақын Ақан серінің музыкалық шығармашылығының мұрасын дәріптеу болды. Аталған іс-шараға Ақан серінің ғашығы Ақтоқтының немересі Орынбасар Төкенованың қатысуы есте қаларлық оқиға болды. Ол ақынның Ақтоқтыға деген махаббаты және оның сыйлаған жүзігінің тарихы туралы әңгімелеп
берді. Жүзіктің көшірмесі облыстық музей қорында сақтаулы. Бұдан басқа, «Ақан серінің адалбақаны» атты қысқаметражды фильм көрсетіліп, Ш.Құсайынов  атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртістерінің қатысуымен «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымынан үзінді ұсынылды. Этно-мерекеде Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан серінің домбыраларының, сондай-ақ, Ақан серінің жеке заттарының көрмесі ұйымдастырылды.
2018 жылы «Рухани қазына» кіші бағдарламасының аясында 56 жоба бастау алуда. Олардың ішінде облыстың 19 ауданы мен қалаларында үкіметтік
емес ұйымдар, ғалымдар, өлкетанушылардың басын біріктіретін «Батырлар туған бақ мекен», «Сал-серілік дәстүрдің салтанаты», «Алтын тағалы Атбасар» атты көлемді жобалар бар. Аймақтар бойынша сал-серілер туралы қойылым дайындалуда. «Алтын тағалы Атбасар» жобасының аясында сәндік шығармашылық бұйымдарының облыстық сауда көрмесі мен жәрмеңке ұйымдастырылады және әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер,
ұлттық ойындар көрсетіледі. Бұл үш жоба да қоғам дамуының барлық жақтарына оң әсерін тигізеді деген ойдамыз.
Сәуле БӨРІБАЕВА,
Ақмола облыстық мәдениет
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар