Бурабайдың ауасы да, суы да жанға шипа

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, жергілікті қонақүй иелерімен курортты өңірде сауықтыру туризмін дамыту саласында әріптестік орнату мәселелерін талқылады.

Жиында облыс басшысы туристердің көбірек келуіне барынша жағдай жасау қажеттігін атап өтті. – Қонақүй бұл туристердің біздің облыс туралы әсер алатын ең бірінші нысаны. Қонақтардың осында қайта-қайта келуіне барынша жағдай жасау қажет. Ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Аймақтағы шипажайлар, қылқан жапырақты орман мен мөлдір көлдер, табиғи минералды су көздері кез-келген туристің жүрегін баурап алатыны анық, – деді облыс әкімі.
Осы орайда, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Ахметов жиынға қатысушыларға курортты аймақта жаппай қолданылатын жаңа қазақстандық бренді «Qulager-Вurabai» емдік ас суын таныстырды. Бұл шипалы су Көкшетау биіктігіндегі «Құлагер-Арасан» жер асты су көздерінен алынады. Ұңғыма республикалық сумен сауықтыру нысандары тізіліміне енгізілген.
– Бұл емдік суды Бурабай шипажайларында қолдану елімізде медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймайды, «Ессентуки», «Боржоми», «Карлов Вары» сияқты әлемге танымал курортты қалалардың баламасы болуға жол ашады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей құрамында адам ағзасына қажетті 16 табиғи минералдан тұратын шипалы су 10-нан астам дертті емдеуге пайдасы зор, – деп атап өтті Мұрат Ахметов.
Жиында «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің басшысы Станислав Пшеничный родон суының денсаулыққа пайдасы туралы айтып берді. – Өткен жылы біз родон ас суын алатын ұңғыма қаздық. Бұл – өңірдегі жалғыз ұңғыма. Дүние жүзінде осындай 500-ге жуық су көздері бар екен. Мысалы, Алтай, Қырым, Бад-Брамбахе, Цхал-тубе де родон суларын адамның қан қысымын тұрақтандырып, жүрек қан тамырларын жақсарту үшін қолданылады, – дейді Станислав Пшеничный.
Сонымен қатар, қонақүй бизнесі өкілдері сауықтыру және сумен емдеу бойынша медициналық қызмет көрсету үшін лицензия алу тәртібімен танысты. Бұдан кейін облыс әкімі Бурабай аймағындағы бірқатар нысандардың жазғы маусымға дайындығын пысықтады. Оның ішінде «Жекебатыр» шипажай курортты мекемесінде құны 1,5 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы кешеннің екі корпусына жөндеу жұмыстарын толық аяқтау жоспарланса, үшінші ғимарат сүріліп, орнына халықаралық стандарттарға сай жаңасы салынбақ.
– Тибеттік медицина, сазбен емдеу, 46 түрлі медициналық шаралар, «Qulager-Вurabai» минералды суы – бұның барлығын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, «Жекебатыр» шипажайы ұсынатын болады, – дейді шипажай басшысы Ахан Жанпейісов.

Аслан Оспанов.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар