Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеу қаласына келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Лужники» стадионында футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты.
Чемпионаттың бар сән-салтанатымен жоғары деңгейде өткен ашылу рәсімі аяқталған соң Ресей және Сауд Арабиясы құрама командалары арасында биылғы әлем біріншілігінің ақтық кезеңінің бірінші ойыны болды.
Бұл ойында Ресей құрамасы көпшілік күтпеген жоғары нәтижеге қол жеткізіп, қарсыластарын 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Ширақ қимылдаған алаң иелері ойынның бірінші кезеңінде Сауд Арабиясы құрама командасының қақпасына екі доп соқса, екінші таймда тағы үш гол соғып, ірі есеппен жеңіске жетті. Чемпионаттың бұл алғашқы ойыны қазіргі Ресей құрамасының сапында да өзге әріптестерін соңына ертіп, команданы жеңіске бастай алатын шебер ойыншылардың бар екенін көрсетті. Мәскеу қаласындағы ең үлкен «Лужники» стадионында чемпионаттың ашылуы мен бұл қызықты ойынды шамамен 80 мыңнан аса футбол жанкүйерлері тамашалады. Олардың басым дені ресейліктер болғанымен, әлемнің әр қиырынан осы футбол додасын тамашалауға келген жанкүйерлер легі де аз емес.
Футболдан әлем чемпионаты 15 шілдеге дейін созылады. Бір ай бойы өтетін жарыста 32 ұлттық құрама бақ сынайтын болады.
Матчтар Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда өтіп, бүкіл ел бойынша үлкен спорт мерекесіне айналмақшы. Қазірдің өзінде екі жарым миллионнан астам билеттің сатылып кетуі бүкіл әлемде биылғы чемпионатқа деген ынта-ықыластың зор болып отырғандығын көрсетуде.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *