Жолың болсын, жас түлек!

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласындағы Абылай хан алаңында мектеп бітірушілердің салтанатты кешіне қатысып, үлкен өмірге жолдама алған түлектерге сәт сапар тіледі.

Үлкен өмірге жолдама алған жас түлектердің мәңгілік жадында жатталып қалар шара салтанатты әрі мазмұнды өткізілді. Жүздеген мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналары, білім беру саласының қызметкерлері жиналған алаң қызғалдақ гүлдер құлпырып өскен ғажайып әдемі өлкені көз алдына елес-теткендей әсер береді. Егемен еліміздің аялар гүлі де, болашағы да осы жастар. Алдымен облыс орталығында әрбір білім ошақтары шеруге шықты. Өткен оқу жылы ішінде білім, ғылым, спорт, пән олимпиадалары тәрізді халықаралық, республикалық байқауларда топ жарған мектеп оқушыларының аттары аталып, құрмет көрсетілді.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин мектеп бітірушілер мен ата-аналарын шын жүректен құттықтай келе «Алтын белгіге» және үздік аттестатқа ие болған түлектерге аттестаттарын табыстау рәсімін өткізді. «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болған түлектер 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Биылғы жылы облысымыздағы білім ошақтарын 4986 мектеп бітіруші тәмамдап, олардың 3649-ы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға өтініш білдіріп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, ең озық шет ел тәжірибесіне сәйкес білім үдерісіне үш тілділік енгізіліп отыр. Биылғы жылдың бір ерекшелігі ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде де тапсыруға толық мүмкіндік бар. Тағы бір атап өтерлігі, ҰБТ қорытындысы бойынша рейтинг жүргізілмейді.
Жүздері бал-бұл жанған мектеп түлектері мемлекетіміздің білім саласына қаншалықты қамқорлық жасап отырғандығын ішкі жан дүниесімен ұғып, болашақтың сара жолына түспек. Ел ертеңі де осы жас түлектердің қолында. Ендеше, жолың болсын жас түлек, дейміз біз де.
Осындай салтанатты шаралар облысымыздың барлық елді мекендерінде ұйымдастырылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар