Сыннан сүрінбей өт, жас түлек!

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Бұл мектеп түлектері үшін басты сын. Биылғы жылдың тест сұрақтары 50 пайызға жаңарды. Биыл республика бойынша мектеп бітірушілердің 70 пайызы, яғни, 102 мыңы тест тапсырмақшы. Ал, біздің облысымызда Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы бүгін басталды. 21 маусым мен 23 маусым аралығында өтетін бұл тестілеу сынақтары жаңа форматта биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Биылғы жылдың бір ерекшелігі ҰБТ-ны ағылшын тілінде де тапсыруға мүмкіндік берілген. Алайда, Ақмола облысының түлектері арасында шет тілінде тест тапсыруға өтініш білдіргендер жоқ. Қазақстандық мектеп бітірушілерге Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге екі рет мүмкіндік беріледі. Екеуінде де қажетті балл жинай алмаған балалар жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында жарияланған баспасөз қызметінің хабарына сүйенсек, ҰБТ-2018 нəтижелерін ендігі кезекте Telegram-бот «@edu.gov.kz» немесе «edu.mail.kz» сайты арқылы үйден шықпай-ақ білуге болады. Ол үшін тестілеуге қатысатын əрбір талапкерге берілетін «ТЖК» (тест тапсырушының жеке кодын) енгізу қажет. Бұл орайда тестілеу нəтижелерін «ТЖК» арқылы əрбір талапкер өзі ғана көре алады. Жоғарыда көрсетілген ресурстарға ҰБТ нəтижелері ақпараттың өңделуіне байланысты жария-ланып отырады.
Сондай-ақ, тест нәтижелері арнайы тақташаларға да ілінеді.
Ақмола облыстық білім басқармасының берген мәліметтеріне сүйенетін болсақ, мектеп түлектері тестілеуді 11 ҰБТ өткізу пункттерінде тапсырады. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Әсемгүл Төлеуханқызының айтуынша, биыл облысымызда барлығы 4986 мектеп бітіруші болса, ҰБТ-ға қатысуға 3653 түлек ниет білдіріп, өтініш жазған. Олардың 2232-сі қазақ тілінде тест тапсырады. 11 ҰБТ тапсыру пунктінің 3-еуі Астана қаласында орналасқан, онда Қорғалжын, Целиноград, Аршалы аудандарының түлектері тест тапсыруда.
Ұлттық тестілеу орталығының Ақмола облыстық филиалының жетекшісі Қуаныш Мұхамеджановтың айтуы бойынша, бүгін облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде 554 түлек білімдерін сарапқа салады.
Сонымен қатар, аудиториялар жылдағыдай байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен, ҰБТ барысын бақылау жəне жазу бейнекамераларымен, сондай-ақ, интернет арқылы онлайн тарату камераларымен жабдықталған. Ата-аналарға ыңғайлы болу мақсатында ҰБТ барысы мониторға шығарылып, көрсетіледі екен. Сонымен қатар, өткізу орындарында медициналық қызмет пен құқық қорғау органдарының өкілдері жұмыс істеп, сауда орындары қызмет көрсетуде. ҰБТ-ның белгіленген тəртіп бойынша өткізілуі мен ережелердің орындалуын қадағалау үшін тестілеу өткізілетін пункттерге Білім жəне ғылым министрлігі тарапынан жоғары оқу орындары жəне колледждердің оқытушылары жіберілді. Білім жəне ғылым министрінің бұйрығымен тестілеу тапсырмалары мен техникалық ақаулар жөніндегі апелляциялық арыздарды қарастыратын республикалық апелляциялық комиссиямен қатар жер-жерде апелляциялық комиссиялар кұрылды.
Бір сөзбен айтсақ, облыс бойынша тестілеуді өткізуге сапалы дайындық жүргізу үшін қажетті жағдай жасалған.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар